Шымкентте психикалық ауытқуға ұшыраған 20 мыңға жуық азамат бар. Тұрғындардыңпсихикалық денсаулығы соңғы жылдары назар аударатын көкейтесті мәселеге айналып барады, - дейді мамандар.
Дегенмен, шаһардағы аталмыш салада оң динамика бар. Ағымдағы жылдың 9 айында атқарған жұмыстарымен бөліскен қалалық психикалық денсаулық орталығының басшысы Серік Мыңбаев осылай дейді. Сондай-ақ, жиында жергілікті психиатрлар еліміздің өзге өңірлеріндегі әріптестерімен онлайн тәжірибе алмасты.
ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ ОҢ НӘТИЖЕ БЕРДІ
Қалалық Психикалық денсаулық орталығында ағымдағы жылы атқарылған іс көп. Мұндағы мамандар аутизмге шалдыққан балаларды оңалту мақсатында жүргізілген тәжірибелердің оң нәтиже беріп, ЮНЕСКО бағдарламасына енгенін қуана жеткізді. Ал бүгін сол әдіспен өзге де 17 өңірдің мамандарымен бөлісіп, республика деңгейінде стандартталмақшы. Жыл басында Шымкентте ашылған еліміздегі алғашқы оңалту орталықтарында ем алған балалардың 60 пайызы бүгінде өздерін жақсы сезінетін көрінеді.
Серік Мыңбаев - Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері
СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ ЖАСТАР АРАСЫНДА БЕЛЕҢ АЛЫП БАРАДЫ
Сала мамандарын толғандыратын басты бір мәселе бар. Ол қазір жастар арасында кеңінен тараған синтетикалық есірткілердің әсері. Есірткінің бұл түрлері күннен күнге көбейіп, қаупі еселеніп барады, - деп дабыл қақты олар. Себебі, одан емделу жолы да екі есе қиын екен.
Пернехан Жолымбеков - Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі
Айтып өтейік, Шымкентте 20 мыңға жуық тұрғын психикалық есепте тұрады. Олардың 3 мыңнан астамы кәмелет жасына дейінгі балалар. 60 пайызы ер адамдар болса, 25-40 жас аралығындағы азаматтар саны басым. Мамандар, жүйкесі тозған жандарға ең алдымен моральдік қолдау көрсетудің маңызды екендігін ескертеді.