Сыйлықтың төресі - түбіртек
Жаңа жылға әркім әртүрлі сыйлық жасайды. Біреу қымбат, біреу шағын да болса қажет дүние ұсынғанды қалайды. Әрине, талғамға талас жоқ. Ал сіз Жаңа жылға газетке жазылған түбіртек сыйлағанды естіп пе едіңіз? Алматы облысының Қаратал ауданында қалыптасқан осындай жақсы дәстүр жариялап айтуға тұрарлық-ақ.
Аудан әкімдігінің ұсынуымен, зиялы қауым өкілдері, қалталы азаматтар қызу қуаттаған, алғашында қайырымдылық шарасы түрінде басталған бұл үрдіс, кейіннен көпшілік арасында кеңінен тараған сыңайлы. Қараталдықтар бұл игі дәстүрді сый-сыяпат өрісінің кеңейгені деп есептейді. Бұл үлгілі үрдіс көп балалы және аз қамтылған отбасыларына, әсіресе ардагерлер үшін аса кәделі сый болып отыр.
Мәкен ӨСЕРБАЕВА, ардагер журналист:
–Сыйлықтың үлкен-кішісі жоқ. Өйткені оның астарында сый берген кісінің сүттен ақ, судан таза пейілі бар. Өзімнің жарты ғасырлық рухани серігім саналатын қазақ басылымдарының үшеуін өткен жылы сыйға алсам, биыл 2014 жылы Жылқы жылына келінім Батима Төлеубаева облыстық «Жетісу» газетінің бір жылдық түбіртегін сыйға тартты. Орамал да, тон да тозар, ал газеттің сөзі азбайды да тозбайды да.