Балгерлер келер жылға қандай болжам айтады?
Болашаққа, табиғат құбылыстарына болжам жасау – қазақ халқында ежелден келе жатқан үрдіс. Адам өміріне, ауа райына, табиғаттың тосын мінезіне алдын ала болжам жасаушы балгерлердің тәсілдері де әртүрлі болған. Олар болжам жасауда пайдаланған заттарына қарай құмалақшы, жауырыншы, жұлдызшы, тамыршы, есепші, алақан-саусаққа қараушы т.б. болып бөлінген. Ата-бабадан келе жатқан үрдісті жалғастырушылар бүгінгі күні де бар. Ал олар босаға аттағалы тұрған жылқы жылы жайлы қандай болжам айтады?!
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Құмалақшы
Құмалақпен бал ашу – бірнеше ғасырлардан бері халқымызбен жасасып келе жатқан, жаратылыс пен табиғаттың ерекше құбылыстарын ұдайы бақылау нәтижесінде пайда болған сәуегейлік ілім. Құмалақпен бал ашу Орта Азия мен Кавказ, Үнді мен Иран, Тибет пен Корея, Жапония мен Америкада болғандығы жазба тарихтан белгілі.
Құмалақшылар бал ашу үшін ұсақ тастарды, ірі дәндерді және қойдың қырық бір құмалағын пайдаланады. Құмалақшылық – тұқым қуалайтын сәуегейлік қасиет. Ол қасиет кез келген адамға берілмейді.
Құмалақтың бірнеше түрлері болады. Мысалы «ырым құмалақ», «бір тартар құмалақ» және «шашпа құмалақ». Ырым құмалақты екі түрлі мақсатта ашқан. Мысалы, Қызыр атаның қамшысына арнап тасаттық беретін күні (ақпанның 15-і) құмалақшы таңертең қар үстіне құмалақты шашу арқылы ауа райын болжаған. Егер қар үстінде құмалақ кідіріп қалса, онда көктем кеш келеді, ал бармақ бойлап батып кетсе жаз ерте шығады екен.
Райгүл ТЛЕУОВА, халық емшісі, құмалақшы:
– Менің атам бәйгеге қосқан аттардың қайсысы нешінші болып келетінін дөп басып айтатын көріпкел болған екен. Атамның сол қасиеті маған дарыды. Тылсым күш ұстаздықты қойғызып, емшілікке әкелді. Ал енді құмалақ салайын. Құмалаққа қарасам, сүйіншісі бар. Демек, жыл қуанышқа мол болмақ. Ауа райы тосын мінез көрсетпейді. Су мол болады. Соған қарамастан, кей аймақта қуаңшылық қаупі бар. Жалпы, астық бітік шығады. Тер төккен адам үшін келер жылдың табысты болары анық. Саяси алаңда айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Алдағы жыл ақиқаттың үстемдік құратын жылы болады. Жемқорлыққа қарсы күрес күшейіп, талай жеп-ішер құрықталады.
Жауырыншы
Көне сенiм-нанымның жаңғырығы, көшпелiлер мәдениетiнiң айшықты элементтерiнiң бiрi – қой жауырынымен бал ашу. Мал сүйегiнiң сиқырлы күшiн пайдалана отырып, болжам айту ерте заманнан бастау алған.
Бізге жауырынмен бал ашудың екi түрi белгiлi, «жауырын қарау» және «жауырын жағу». Жауырынмен бал ашу қырғыз және моңғол тектес халықтарда да болған. Сонымен бiрге бұл халықтардың жауырынмен бал ашу тәсiлдерi де ұқсас.
Балгерлер жауырынды жағу арқылы оттың жалынына қақтағанда пайда болған жолақтарға қарап болжам жасаған. Тіпті әскери шайқас, жорықтарда жау жағына қарсы (магиялық) әрекет жасау үшiн жауырын сүйегi көмегiне жүгінген деген де аңыз әңгімелер бар. Ғалымдар қоғам өркениетiнiң кейiнгi кезеңiнде жауырыншылар қызметі жыраушылыққа айналып, жаңаша тұрпатқа ие болған деседі. Бұл түркi халықтарының ауыз әдебиетiнде көп көрініс тапқан.
Айсұлу ӘМЗЕЕВА, халық емшісі, жауырыншы:
– Әр хан ордасында жауырыншының болғаны тарихтан белгілі. Көшпенді халық өмірінде олардың алар орны ерен болған. Олар мал шығынының алдын алу үшін ауа райын болжап, жайлауға, қыстауға қай уақытта көшу керектігін анықтап отырған. Жауырынмен бал ашу – әркімге беріле бермейтін қасиет. Емшілік қасиет менің арғы аталарымда болған. Осы орталықта халықтық еммен айналысқаныма 23 жыл болды. 2000 жылы Бекет Ата түсімде аян беріп, жауырын ұсынды. Содан бері жауырынға қарап бал ашамын. Алдағы жылға болжам айтар болсам, жалпы, келер жыл жайлы болады. Жер сілкіну, су тасу сияқты қауіп жоқ.Қар көп түседі. Шөп мол болып, шаруаға жайлы жыл болмақ. Саяси сахнада тамыз айларында жеті ауыс-түйіс болады. Жоғарғы жақтағы беделді лауазымдардың біріне халық қамын ойлайтын саясаткер келеді. Әрине, мен әулие емеспін, жауырында нені көрсем, соны айтамын. Кейде жауырын ештеңе көрсетпей қоятын кездер де болады.
Жұлдызшы
Жұлдызшы ол болашақты болжаушы ғана емес, ол табиғаттағы құбылыстарға дер кезінде баға беруші де. Бүгінгі таңда күнделікті тіршілігін жұлдыз-жорамалға қарап жоспарлайтын жұртшылықтың көбейгені байқалады. Алайда мамандар олардың бәріне сене беруге болмайтынын айтады. Өйткені бүгінгі жұлдыз жорамалдардың көпшілігі табыс табу тетігі ретінде жасалады екен. Әрине, бұл жұлдызшыларды жоққа шығару емес. Жұлдызға қарап болжам айтқан ұлы бабаларымыз Өтейбойдақ пен Ұлықбектің еңбектері осы күнге дейін әлем ғалымдарын таңғалдырып келеді. Жұлдызнама ілімі Орта Азияда өзге елдерден бұрын дамығаны ғылымнан белгілі.
Назарбек ҚОЖАМСЕЙІТОВ, жұлдызшы:
– Жылқы – үйірімен жүретін жануар, сондықтан жылқы жылын отбасымен қарсы алған жөн. Бапталған тұлпар бәйгеден озады. Яғни іс бастарда тыңғылықты дайындалған абзал. Болжамға келсек, 2014 жылы біраз құпияның беті ашылады. Ауа райы құбылмалы болады. Қаңтардың 1-8 аралығында үлкен мерекелер, той өткізуден сақ болған дұрыс. 7-8 ақпан күндері көлік апаты қауіпі басым. 1-8 наурызда аспан жұлдыздарының әсерінен техногендік апаттар артады. Өрт қаупі де жоғары. 2-11 сәуір аралығында денсаулыққа мән беру керек. Тұмау-сырқау көбейеді. Сәуірдің 16-23 аралығында табиғи апаттар орын алады. 9-12 мамырда солтүстік аймақтарда боран болады. 24-27 мамыр аралығында қар жауады. Оңтүстікте жаңбыр жауады. Маусым айының 1-12 аралығында үлкен жиындар өткізуден бас тартқан дұрыс.
Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тылсым қасиет – көріпкелдік бүгінгі күні де жалғасып келеді. Алайда ғалымдар әлі күнге мұндай құбылысқа нақты ғылыми түсінік бере алар емес. Нақты ғылыми негізі болмаған соң мұндай құбылысқа нанбайтындар да көп. Халықтың көріпкелдікке қырын қарауының тағы бір басты себебі – қазіргі күні нәпақа табу үшін өзін көріпкелмін деп жарнамалаушылар көп. Олардың қайсысы нағыз көріпкел, қайсысы алаяқ екенін ажырату қиын. Сондықтан көріпкелдердің көмегіне жүгінбес бұрын, жеті өлшеп, бір кескен абзал.