Түріктің танымал актерлері Фахрие Эвджен мен Бурак Өзчевит үйленді. Үйлену тойы Ыстамбұлдағы Саид Халим-паша жекежайында өтті.
Шамамен 3 жылға созылған жұптың қатынасын Ыстамбұлдың Бешикташ ауданының мэрі Мұрат Хазинедар заңдастырды. Тойға 500-ге жуық қонақ шақырылған. Олардың көбі жастардың ең жақындары. Ал «Kara Sevda» телехикаясындағы Бурактың сүйіктісі Ниханды сомдаған Неслихан Атагүл жұбайымен шетелде жүргенін сылтау етіп, тойға келмеген.
Фахрие Эвджен үйлену тойына үш түрлі той көйлегін киіп шықты. Оның екеуі түріктің танымал дизайнері Рашит Бағзыбағлының қолынан шықса, тағы біреуін Фидан Шимшек есімді белгілі дизайнер тіккен. Ал Бурак Өзчевит болса Дервиш Бағзыбағлының қолынан шыққан күйеу жігіт костюмын киді.
Айта кетейік, желі қолданушыларының көбі Фахрие мен Бурактың той киімдерін былтыр үйленген жұлдызды жұп Қадыр Догулу мен Неслихан Атагүлдің киімдеріне ұқсас екенін алға тартты. Тіпті Фахриенің шаш үлгісінің де Неслиханның шаш үлгісіне ұқсайтындығын жазады.
Айта кетейік, Өзчивит пен Эвджен бал айын Мальдив аралдарында өткізеді деп шешкен еді.