Тікелей репортаж жасағаны үшін темір торға тоғытылды. Беларусьте митингтен хабар таратқан журналистер екі жылға бас бостандығынан айырылды. Польшалық «Белсат» телеарнасының тілшілеріне жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айып тағылған, - деп хабарлады КТК арнасы.
Екатерина Андреева мен Дарья Чульцова былтыр 15-қарашада болған наразылық шарасы кезінде ұсталған. Оларды полиция репортаж түсіріп жатқан кезде ұстап әкеткен. Алғашқыда ақпарат құралдарының өкілдері жеті күн әкімшілік қамауға алынған. Кейіннен Минск соты журналистерге қатысты қылмыстық іс қозғады. Айыпталушы тараптың адвокаты үкіммен келіспей, екі журналист те өзінің кәсіби міндетін орындағанын және бұл жерде қылмыстың құрамы болмағанын жеткізді. Халықаралық құқық қорғаушылар да тікелей эфир жүргізген тілшілерді жазалау «ақылға қонымсыз» деп отыр.