Қытай астанасы Бейжіңде сәрсенбі күні шаңды дауыл соғып, ауа райы қауіпсіздігінің «сары» деңгейі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Бейжіңде таңертеңнен шаңнан ештеңе көрінбей, қаладағы ғимараттар тұман арасында қалған. Ауа ластану деңгейі қаладағы көптеген аудардарда және қала маңында «ауыр» деп бағалануда.
РМ2.5 ұсақ бөлшектерінің концентрациясы 500 мкг/текшеден асты, бұл ҚХР-да белгіленген нормадан бірнеше есе көп.
Метеорологтар болжамынша, түнде жағдай жақсарып, көрсеткіш біртіндеп төмендейді.
Ауаның «халық денсаулығы үшін қауіпті» деңгейде ластануына байланысты Бейжіңнің Төтенше жағдай басқармасы тұрғындарға ашық ауада спорттық іс-шаралардан бас тартуды ұсынды.
Балаларға, қарт адамдарға, сондай-ақ өкпе және жүрек-қан тамыры аурулары бар тұрғындарға далаға шықпауға және қолайсыз ауа райы аяқталғанша үйде болуға кеңес берілді.
Айта кетейік, 21 наурыздан бастап құм мен шаңның ауқымды фронты Ганьсу провинциясына, Нинся-хуй автономиялық аймағына және ҚХР Ішкі Моңғолиясының орталық бөлігінде болды. Қазір құмды дауыл Қытайдың солтүстігіне, соның ішінде Бейжіңге келіп, елдің шығыс теңіз провинцияларына қарай ығысты.