Жалпыұлттық карантин жарияланғалы бері алғаш рет бұқаралық іс-шара шектеусіз ұйымдастырылды, деп хабарлайды Хабар 24.
Таң атар-атпастан көшелерде тәуіп-бақсылар мейрамдатып шыққан халықты қарсы алып, барлық ырым-жоралғысымен күнәлардан тазалап, ем-домын жасады. Ғибадатханалар алдында ұзын-сонар кезек созылды. Мейрам барысын бақылап тұрған тәртіп сақшылары соңғы айлардан бері алғаш рет тұрғындардан санитарлық шектеулердің сақталуын талап еткен жоқ.
Сандеш Котал, Нью-Дели орталық аймағы мәдениет бөлімінің басшысы: – Бұл Үндістан тұрғындары үшін басты мейрамдардың бірі, сондықтан адам көп жиналады. Омикрон штамының тарауына байланысты бұл мейрамды 14 қаңтарда тойлай алған жоқпыз. Өйткені вирус әлі де бар. Оны ұмытқан жоқпыз. Мереке алдында ғибадатханаларды, сахналар мен көшедегі амфитеатрларды антисептиктермен зарарсыздандырдық. Мейрам барысында да арнайы топтар бұл жұмысты тоқтатпайды.
Биылғы мейрамдағы өзгешелік – шетелдіктер келген жоқ. Өйткені күшінде қалған жалғыз шектеу – жабық шекара. Әйтпегенде бұл фестивальге арнайы жүздеген мың турист келетін. Ал қыспен қоштасып жатқан жұрт ковидтен қайтыс болғандардың құрметіне мыңдаған шырақ жақты.
Притам Тунаоджам, аурухана бас дәрігерінің орынбасары: – Халық бұл мейрамды асыға күткенін білеміз, бірақ олардың денсаулығына алаңдап отырмыз. Шынын айту керек, тойлап жатқан жүздеген адам келесі аптада бізге, ауруханаға түседі. Не десек те әркім тағдырын өзі шешіп, денсаулығы үшін өзі жауап береді.
Мереке қарсаңында Нью-Дели қаласының әкімшілігі халыққа үндеу жариялаған еді. Құттықтаумен қатар билік өкілдері жақын арада мұндай бұқаралық іс-шаралар өтпейтінін мәлімдеді. Өйткені елде коронавирустың екі штамымен күрес әлі жалғасып жатыр.