Өзен бетінде алып айдаһардың суреті пайда болды
Якутиядағы өзендердің бірінің бетінде алып айдаһардың суреті пайда болды. Суретті сноу-арт бағытының негізін қалаушы британиялық суретші Саймон Бек қарлы мұз қатқан өзеннің бетіне салған. Жалпы ауданы 8 мың шаршы метр аумақты алатын бұл бейнені салу үшін ол 3 тәулік уақытын жұмсапты. Алып суретті режиссер Тимур Бекмамбетов өзінің «Он - дракон» фильміне пайдалану үшін тапсырыс берген. Ерекше өнер иесі осы мақсат үшін сонау Корольдіктен Ресейдің солтүстігіне арнайы келген. Саймон Бек - Ұлыбританиядан шыққан сноу-арт бағытының авторы. Ол осы кезге дейін Альпі таулары мен өзге жерлерге қар бетіне салған 200-ден астам суреті мен құмға 50-ден аса салған еңбектерімен жұртқа танымал, деп жазады russian.rt. Бұрын-соңды болмаған жаңа өнер түрі туралы Саймон Бектің өзі былай деп, ой бөлісті: «Сноу-артта сурет сала білуден бұрын жерге сызу сыза білу дағдылары керек. Бейне нақ ұқсап шығуы үшін дәлдіктің қажет болатыны сөзсіз. Осының барлығын ойдағыдай орындауда қос жанар маңызды роль атқарады. Қардың бетіне сурет салу үшін табанына арнайы пластина бекітілген аяқ киім киемін. Ал аязда тоңып қалмау үшін үнемі қимыл-қозғалыста болу маңызды».