Райымбек Матраимов &ndash Қырғызстандағы аса бай әрі ықпалды тұлғалардың бірі. Оның әйелінің әлеуметтік желідегі жазбаларын зерттеушілер Матраимовтар отбасының шалқып өмір сүргеніне көз жеткізді. Ал бұрынғы шенеуніктің табыс декларациясында кеденде қызмет істеген кезінде азын-аулақ жалақы алғаны көрсетілген.
 
Аманда Тургунова әлеуметтік желідегі бір постында «Әдемі өмір сүруге тыйым сала алмайсың!» деп жазған.
 
Жиі саяхаттап, аста-төк байлықта өмір сүріп үйренген әйел бұл сөзді жай айтып отырған жоқ. 2015 жылы сәуірде әлеуметтік желіде жариялаған фотоларда сәнді киінген Тургунованың қымбат мейрамхана мен қонақ үйде тұрған сәті бейнеленген.
 
Тургунова сол айда үстінде Dolce & Gabbana брендінің киімі бар, FlyDubai ұшағында отырған, дәл сондай көйлек киген қызымен бірге тұрған, жұбайынан су жаңа Lexus көлігін сыйға алған (бұл фотоның астына «тартуы» деп жазылған) сәтінен түсірілген көп фото жариялады.
 
Бұған қарап Аманда Тургунованың  деп белгілеген адамы табысты кәсіпкер болып елестеуі мүмкін. Бірақ олай емес.
 
Тургунованың күйеуі &ndash сол кезде Қырғызстан үкіметінде лауазымды қызмет атқарған Райымбек Матраимов. Euraisanet сайтының жазуынша, 1990 жылдардың соңында қатардағы кеден инспекторы болып жұмысқа кірген. Кейін қызмет дәрежесі біртіндеп өскен Матраимов 2015 жылы Қырғызстан кеден қызметі басшысының орынбасары болып тағайындалған. Табыс декларациясына сенсек, оның мемлекеттік қызметтегі ең жоғарғы айлық жалақысы мың доллардан сәл ғана көп болған.
 
Азаттық радиосы, Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop басылымының осыған дейінгі бірлескен зерттеуінде Райымбек Матраимовтың кедендегі қызметінің егжей-тегжейін баяндаған еді. Зерттеуде лауазымды шенеуніктің жүздеген миллион доллар заңсыз табыс тапқан контрабанда империясына қолдау көрсетіп келгені айтылған.
 
Зерттеу авторлары Матраимовтың табыс декларациясында көрсетілмеген, ал ресми жалақысы сатып алуға жетпейтін бірнеше активін анықтаған. Олардың арасында Дубайдағы жылжымайтын мүлік те бар. Қырғызстандағы жұрттың көбі Матраимов отбасының аса дәулетті тұратынын айтып, оған «Райым миллион» деген лақап ат қойғанымен, оның байлығының мөлшері белгісіз болатын.
 
Ал енді Тургунова мен оның балаларын қараған бұрынғы күтушінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жүргізілген зерттеуден Матраимов отбасы мүшелерінің қырғызстандықтардың көбінің қолы жете бермейтін байлыққа кенеліп өмір сүретіні аңғарылады.
 
Бұл материалға енген суреттердің көбі Аманда Тургунованың Instagram және «Одноклассники» әлеуметтік желісіндегі парақшаларынан алынған. Жеке парақшаның құпиялығын сақтау мақсатында Тургунованың әлеуметтік желілердегі логині көрсетілген жоқ. Басқа қолданушылардың жазған пікірлерін де бұған қоспадық.
 
Әлеуметтік желіге салған суреттеріне қарап, Тургунованың (шын есімі Аманда емес, Уулкан) қызы және бала күтушісімен бірге жеке ұшақпен саяхаттап, яхтада серуендеп, әлемдегі ең қымбат қонақ үйлерде тұрғанына көз жеткізуге болады. Ол жеке парақшасында сондай-ақ Dolce & Gabbana, Louis Vuitton және Chanel сияқты әйгілі брендтердің су жаңа киімін де жиі көрсетеді. Матраимов мемлекеттік қызметте болған жылдары Тургунова әлеуметтік желіге салған суреттерді зерттеген журналистер түрлі брендке жататынын заттардың жалпы құны 400 мың доллар болатынын анықтады. Одан бөлек, Тургунованың парақшасында қайдан сатып алынғаны белгісіз тағы көп қымбат зат бар.
 
Тургунованың әлеуметтік желідегі жазбалары Матраимовтар отбасының 2016 жылы Дубайдағы тұрғын үй кешенінің 50-қабатынан пентхаус сатып алғанынан сыр шертеді. Ол өзінің, балаларының осы пәтерде түскен суреттерін әлеуметтік желіде бірнеше рет жариялаған.
 
Тургунова өзіне жұбайы Райымбек Матраимов сыйлаған заттардың суретін жиі жариялайды, бірақ күйеуінің фотосын желіге өте сирек салады, оның жүзін көрсетпеуге тырысады. Мына екі коллажда жұбайы екеуінің бірге түскен сәті бейнеленген. Фото: Тургунова/"Одноклассники"
Райымбек Матраимов кедендегі қызметінен 2017 жылы босатылған. Бірақ Тургунованың әлеуметтік желіге кейінгі кезде салған суреттерінен Матраимов отбасының қымбат саяхатқа шығуды жалғастырғаны байқалады. Тургунованың жазбалары арқылы журналистер осы отбасының Қырғызстанда көл жағасындағы үйде демалуды ұнататынын анықтады. Бұл Матраимовтың қылмыс әлеміне аты мәлім Қамчы Көлбаевпен байланысы болуы мүмкін екенін меңзейді.
 
Матраимов адвокаты арқылы жолданған сұрақтарға жауап бермеді. Ал Тургунова әлеуметтік желідегі жеке парақшаларын жауып тастағандықтан одан пікір алу мүмкін болмады.
 
АМАНДАНЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ДАСТАРХАНЫ
 
Журналистер Райымбек Матраимовтың 2011-2017 жылдар аралығында тапсырған табыс декларацияларын тапты. Аталған құжаттарда Қырғызстанның екі ірі қаласы &ndash Бішкек пен Ошта Матраимов пен әйелінің иелігінде совет үкімет тұсында салынған үйден алған екі пәтер ғана бар деп көрсетілген.
 
Бірақ Тургунованың әлеуметтік желідегі жазбаларынан Матраимовтар отбасы Оштың орталығындағы табыс декларациясында көрсетілген пәтерден әлдеқайда кең зәулім үйде және Бішкектің «Алтын квадрат» деп аталатын ауданындағы пентхауста тұратынын байқауға болады.
 
Оштағы зәулім үйінде түскен суреттерінде Тургунованың түскі асқа кең дастархан жайып, үлкен бақшада демалып отыpғаны, сәнді киім киіп, Жапониядан әкелінген күшіктермен ойнап жүргені бейнеленген.
 
 Суретте Матраимовтардың Оштағы үйіндегі тағам толы үстел (Тургунова оған "Менің қарапайым дастарханым" деп жазған), үйдің алдындағы Тургунова бейнеленген. Фото: Тургунова/"Одноклассники"
Матраимовтар отбасының Бішкектегі өмірі бұдан да керемет сияқты. Отбасы тұратын аумағы 279 шаршы метр пентхаус қаланың ең қымбат бөлігінен бой көтерген, басында алтын тәжі бар ғимараттың жоғарғы қабатында орналасқан.
 
Фотосуреттердің көбі Тургунова неше түрлі гүл және шармен безендірілген отбасындағы мерекелік шарада жүргенде түсірілгенге ұқсайды. Айнасы бар лифтіде түскен суреті көп. Оларда Матраимовтың әйелі дизайнерлік киімде, қымбат сөмке ұстап, әшекей бұйымдар тағып жүр.
 
Оштағы зәулім үй мен Бішкектегі пентхаус Райымбектің марқұм анасы Апиза Матраимованың атына тіркелген. Анасы 2019 жылы қайтыс болғаннан кейін Бішкектегі пентхаус Райымбектің өзіне, Оштағы үй ағасы Русланбектің иелігіне өткен.
 
ШЕТЕЛГЕ САЯХАТ
 
Қырғызстанда сәулетті үйлері бар Матраимовтар отбасы шетелге жиі саяхаттайды.
 
Журналистер Тургунованың 2015 жылдың сәуірінен бастап жариялаған жүзден астам суретін зерттеп көрді. Суреттердің көбінде Тургунованың өзі, сатып алған заттары мен аста-төк өмірі бейнеленген. Арасында балаларының да суреттері кездеседі. Бірақ Райымбектің бір де бір суреті жоқ. Оның осы саяхаттар кезінде отбасымен бірге болғаны я болмағанын растайтын ешбір дерек жоқ.
 
Тургунованың жазбаларынан оның қалағанына сай демалып, Түркия мен Дубайдағы бес жұлдызды қонақ үйлерді, Мальдив аралдары сияқты экзотикалық курорттарды ұнататынын байқауға болады.
 
 2016 жылғы қарашадағы фотода Тургунованың Дубайда теңізде яхтамен серуендеп жүргені бейнеленген. Фото: Тургунова/"Одноклассники"
Ол кейде саяхат кезінде түсірілген суреттерін араға уақыт салып барып жариялап отырған. Сондықтан Тургунованың саяхатта жүрген уақытын анықтау оңай болған жоқ. Соған қарамастан, бұл суреттер Тургунованың Матраимов кеденде істеген кезде де, ол қызметінен кеткеннен кейін де шалқып өмір сүргенін дәлелдейді.
 
Тургунованың әсіресе Дубайға жиі баратыны байқалады. Осыған дейінгі зерттеулерде бұл қалада оның қаржылай мүддесі бары айтылған еді.
 
Көп жыл бойы Тургунова Дубайға барғанда e Royal Méridien немесе Atlantis the Palm сияқты қымбат қонақ үйге түсетін. Ал 2016 жылғы қарашадан бастап ол қонақ үйге түсуді қойғанымен Дубайға баруын тоқтатпаған.
 
Ал қонақ үйге түсуді не себепті қойғанын әлеуметтік желідегі жазбалар түсіндіреді. Журналистер қымбат жиһазға толы ғимараттың ішінде түсірілген бірнеше суретке қарап, Матраимовтар отбасы Дубайға барғанда түсетін қымбат пәтерді сатып алған болуы мүмкін деп топшылайды.
 
ӘЛ-ФАТТАНДАҒЫ ПЕНТХАУС
 
Матраимовтардың қымбат пәтері туралы ақпарат бірінші рет осы отбасында жұмыс істеген күтуші әйелдің Facebook парақшасынан белгілі болған. 2016 жылы 7 қарашада Тересита есімді әйел Facebook парақшасына жұмыс берушісінің жаңа үйінде түсірілген видеоны жариялаған. Онда үйдің жақында ғана сатып алынғанын айтқан әйел бөлмелерді аралап, көрсетіп шығады:
 
«Бұл ас үй, &ndash дейді филиппин тілінде сөйлейтін әйел пәтерді таныстырып. &ndash Мынау қонақ бөлме, ал мынау асхана. Мына бөлме қожайындыкі. Мені көріп қалмай тұрғанда бұл жерден кетейік».
 
«Бұл мен қарайтын қыздың бөлмесі. Біздің төсегіміз бөлек, &ndash деп түсіндіреді ол. &ndash Мынау екі жасөспірім баланың бөлмесі. Үлкен және ортаншы ұлдың әрқайсысының өз төсегі бар».
 
 Содан екі күн бұрын Тургунова қонақүйдің алдында тұрған суретін жариялап, оған "Арманға қол жеткізгіңіз келсе, сізге бар болғаны сөзуарлығы жоқ сиқыршы керек" деп жазған. Фото: Тургунова/"Одноклассники"
Журналистер геолокация әдісі арқылы Матраимовтардың жаңа пәтері Дубайдың Jumeirah Beach Residence development тұрғын үй кешеніндегі Al Fattan Marine атты қымбат ғимараттың 50-қабатында орналасқанын анықтады. Бұл ауданда осыған ұқсас пәтерлер кемінде 1 миллион доллар тұрады.
 
ЫСТЫҚКӨЛ ЖАҒАСЫНДА
 
Тургунованың жаны сүйетін тағы бір көрікті жер &ndash Қырғызстандағы туристер ең көп баратын әрі әлемдегі ең ірі тау көлдерінің бірі саналатын Ыстықкөл.
 
Тургунова 2015 жылдан бастап 2019 жылдың аяғына дейін әлеуметтік желіге Karven Four Seasons resort демалыс орнында түсірілген бірнеше рет фото жариялаған. Туристік маусым кезінде бұл жердегі VIP коттедждерде демалу үшін тәулігіне 500 доллар төлеуге тура келеді.
 
Журналистер геолокация көмегімен бұл жерде де Тургунованың тұрған үйін тапқан. Жақын маңдағы басқа үйлермен салыстырғанда, оның айналасында сырт көзден тасалайтын қалың ағаш өскен.
 
Құжат жүзінде бұл демалыс орны Райымбектің келіні Динархан Алайчиеваға тиесілі. Бірақ бұл жерде көбіне Тургунова тұрып келген.
 
2019 жылға дейін оның әлеуметтік желідегі парақшаларында Karven Four Seasons resort демалыс орны жиі аталады. Алайда коронавирус пандемиясы кезінде Тургунова бұдан басқа жерді таңдағанға ұқсайды.
 
Шолпаната курорт қалашығында көл жағасында орналасқан, Kaganat development деп аталатын, айналасы қоршалған тұрғын үй кешені бар. Журналистер геолокация арқылы осы жерден Тургунова тұратын вилланы тапқан. Қауіпсіздік мақсатында үйдің сыртынан тағы бір қабат қосымша қоршау жасалған.
 
Kaganat development кешенін салған компания өкілі журналистерге құрылыс жобасының иесі &ndash қылмыс әлеміне аты мәлім Қамчы Көлбаев екенін айтқан. Бұл ғимараттардың Көлбаевқа тиесілі екенін сол аймақтағы жергілікті төрт тұрғын да растаған.
 
«ЕШТЕҢЕ БОЛМАС ЕДІ»
 
Тургунованың шетелге жиі саяхат жасап, қымбат заттар сатып алған кездерінің көбі күйеуі Қырғызстан кеден қызметінде істеген кезеңге тұспа-тұс келеді. 2017 жылы Матраимов қызметінен босатылғаннан кейін жұрт алдына көп шықпайтын болған. Бұған дейін Азаттық пен OCCRP жүргізген журналистік зерттеулерде ол кезде Матраимовтың кеден саласында жеке бизнес империясын құрумен айналысып жатқаны айтылған.
 
Қазан айының басында Матраимовты ешкім жауапқа тарта алмайтындай көрінген. Ол қолдау білдірген саяси партия парламент сайлауында екінші орын алып, жеңіске жетті. Бұрынғы шенеунік пен оның серіктері күш біріктіріп, Қырғызстанның саяси сахнасында үстемдігін жалғастыра беретіндей әсер қалдырған.
 
 2019 жылғы 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күні, Тургунова Instagram парақшасына қаптамасында "ҚЫРҒЫЗСТАН ПРЕЗИДЕНТІ" және "ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ БІРІНШІ ХАНЫМЫ" деген жазуы бар конфеттің суретін жариялаған. Мұнысы әзілге де, я күйеуінің саяси амбициясын меңзеуге де ұқсайды. Фото: Тургунова/"Одноклассники"
Бірақ сайлауда дауыс сатып алғаны туралы ақпарат көбейіп, оның соңы жаппай наразылыққа ұласты. Он күннен кейін президент Сооронбай Жээнбеков қызметінен кетті. Бұл саяси күштер арасында әлі күнге шешімін таппаған күрделі тартыстың басталуына түрткі болды.
 
Президент міндетін уақытша атқарушы Садыр Жапаров «жемқорларды» елден ұрлағанын қайтаруға үндеді. Ал 20 қазанда Қырғызстанда ешкім күтпеген жағдай болды: Райымбек Матраимов тұтқындалып, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетке жеткізілді.
 
Оның ары қарайғы тағдыры қалай болары белгісіз. Кеден қызметінің бұрынғы басшы қызметкері үйқамаққа шығарылар алдында «қылмыстық іс-әрекеттен» (кінәсін мойындады ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз) бюджетке келген зиянды өтеуге уәде берген. Содан бері оның қаржы министрлігіне әр жолы бірнеше миллион сомнан бірнеше рет ақша аударғаны хабарланды.
 
Жапаров сұхбатында бұрынғы шенеунікті түрмеге қамағаннан бюджетке көк тиын қайтпайды деп мәлімдеген. «Тұтқындалғаннан кейін камерада жай ғана жатар еді» деді Жапаров.
 
«Кеңесе келе біз оған өтемақы төлету туралы саяси шешімге келдік, &ndash деді Жапаров. &ndash Ол қарашаның соңына дейін бюджетке 2 миллиард сом (24 миллион доллар) ақша төлейді. Сол себепті оны үйқамаққа шығарды».
 
Бұл жағдай «Матраимов осылайша өзіне бостандық сатып алғалы жатқан жоқ па?» деген сауал туғызды. Жапаровтың Қырғызстанда жемқорларға «экономикалық амнистия» жариялау жайлы мәлімдемесінің ешқандай құқықтық негізі жоқ болып көрінеді. Жақында арнаулы қызмет өкілдері Матраимовқа қарсы тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.
 
БАҚ хабарларына қарағанда, 8 желтоқсанға дейін Райымбек Матраимов өзі уәде еткен ақшаның жартысынан азын төлеген. Мемлекеттік қызметте азын-аулық жалақы алып жүріп заңсыз байыған деген күдікке ілінген бұрынғы шенеуніктің нақты қанша дүние-мүлкі бары ешқашан ашылмайтын құпия болып қалуы да ғажап емес.