Нью-Йоркте 1961 жылы туған үшемді анасы Louise Wise Services деп аталатын асырап алу агенттігіне өткізген. Олар негізі төртем болған. Бірақ төртінші бала туған кезінде шетінеп кеткен.
Агенттіктің дәрігерлері мен психологтары үшемді асырап алушылар келгенде олардың үшем екенін айтпай, үшеуін үш отбасына асырап алуға берген. Олар осылайша үшемдердің «тәрбиеге қарсы табиғат» мәселесін зерттемек болыпты. Үшемнің бөлек-бөлек қалай өсетінін көргілері келген. Үшемді асырап алған ата-аналар 12 жыл бойы балаларды осы орталықтағы дәрігерлерге тексеруге әкеліп тұрған. Үшемді асырап алған үш отбасы балаларының егіздері бар екенін білмеген. Үшемдердің түр-әлпеті де, мінез-құлқы да ұқсас, тіпті интеллектілері де жоғары 148 балл болған. Зерттеу барысында балалардың бөлек өсуінің зиянды жағы да байқалған. Дәрігерлер зерттеу нәтижелері өте қарама-қайшы болғандықтан ешқайда жарияламаған. Дәрігерлер тек туа берілген қасиеттердің адамның мінез-құлқына ықпал ететінін, ал тәрбие оның қалай пайда болуына ықпал ететінін анықтаған.
Үшемдердің бірі Роберт Шафран өзінің колледжіне бірінші рет келгенде оны айналасындағылардың бәрі таныған. Өзі танымайтын қыз-жігіттер оны бұрыннан танитындай арқасынан қағып, қалжыңдасатын болған. Бірақ өзі бұған дейін бұл колледжде егізі оқығанын білмеген. Жатақханадағы көршісі Майкл Домиц оған ұқсайтын жігіт болғанын айтып, «Асырап алған отбасында өскен жоқсың ба? Туған күнің 12 желтоқсанда емес пе?» деп сұрайды. Солай болып шыққан... Майклдың бұрынғы көршісі Эдди басқа колледжге ауысқан. Роберттің егізі болып шыққан.
Эдди мен Роберт туралы жергілікті газеттер жазғаннан кейін олардың үшінші егізі Дэвид табылған. Жігіттердің асырап алған ата-аналары агенттіктен балалардың үшем екенін неге айтпағанын сұрай бастаған. Бірақ агенттіктегілер қашқақтап, мардымды жауап бермеген.
Үшемдер басы біріккеннен кейін бір колледжде оқыған. Өздерінің мейрамханаларын ашқан. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмаған. Роберт бизнестен кетіп, заңгер мамандығын алған. Эдди ұзақ уақыт бойы күйзеліспен күресіп, 33 жасында өз-өзіне қол салған. Дэвид мейрамхананы жауып, сақтандыру бойынша консультант болып кеткен.