Тайваньда 32 күн бойы ақылы демалысқа шығуды мақсат еткен азамат бір ай ішінде төрт рет некесін қидырды деп хабарлайды odditycentral.com сайты.
Белгілі болғандай, банкте жұмыс істейтін ер адам өз әйелімен қайта-қайта ажырасып, бір ай ішінде оған төрт рет үйленген.
Оның мұндай оғаш қадамға баруына жұмысы себеп болған екен. Үйленгендерге сегіз күн бойы ақылы демалысқа шығу рұқсат етілгенінен хабардар болған азамат, осылайша 32 күн бойы ақылы демалысқа шығуды ойластырыпты.
Десе де жұмыс беруші тарап ер адамның қулыққа барып отырғанын түсініп қойған. Олар жұмыскері бір әйелге төрт рет үйленгенін анықтағаннан кейін, ақылы демалыс беруден бас тартады.
Алайда бұған келіспеген ер адам жұмыс берушілерді Еңбек кодексін бұзғаны үшін сотқа берген.
Бір қызығы, сот шағымданушының талаптарын қанағаттандырған.
Демалысқа шығу үшін төрт рет үйленген ер адамның әрекеті этикаға жат деп танылғанымен, жұмыс беруші тарап қызметкеріне заңды демалысын бермей, құқықбұзушылыққа барды деген тоқтам жасалып отыр.
Соттың мұндай шешім шығаруы желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды. Көпшілік әккі азаматтың заңның көмегімен айласын асыра алғанына сене алар емес.