Әлемдегі ең семіз әйел саналатын америкалық Катрина Райфорд бұл атағынан айрылып, Гиннестің рекордтар кітабынан шығып қалды. Өйткені, ол 230 келіге арықтап отыр деп жазады Metro.
"Мен өзімді сенімді ұстай бастадым. Енді бұрынғыдай төсек тартып жатпаймын, тіпті, жүгіруге де мүмкіндігім бар. Аптасына 4-5 рет фитнеспен айналысамын" дейді 38 жастағы Флорида штатының тұрғыны.
Катрина Райфордтың арықтауына 12 жыл уақыт кетіпті. Ол құнарлы тағамнан бас тартып, тек ет пен жеміс-жидек диетасына отырған. Сондай-ақ, шама-шарқы жеткенше дене жаттығуларымен айналысқан.
Ол жуырда денесінде салбырап қалған 63 келі теріні алдыртып тастау үшін операция столына жатады. Ота жасату үшін шамамен 10 мың доллар қажет екен, қазір соның бір бөлігін жинап үлгердім дейді ол.
Катрина туылған кезде оның денсаулығында ешқандай ақау болмаған. Сап-сау қызды кішкентай кезінде біреулер зорлапты. Күйзеліске түскен ол өзін тәтті тағамдармен жұбатқан. Салдарынан 14 жасқа келгенде оның салмағы 203 келіге бір-ақ жеткен деп жазады Metro. 21 жасында Флорида тұрғыны еңбекке жарамсыз деп танылып, мүлдем төсектен тұра алмай қалған.