Эквадорлық иммигрант әйел 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
32 жасар бала күтуші Лидия Куиллигэна барлық кінәсін мойындап, 3 жасар қызды ұрып-соққанын растады. Сот отырысында оның бұл мәлімдемесі ескеріліп, жазасы жеңілдетілді. Тергеу барысында анықталғандай, бала күтуші әйел сәбиді жазалау үшін плитаға аяқ-қолдарын күйдіргені, шашынан ұстап сүйреткені және ойыншықтар салуға арналған сандықшаға салып қамап қойғаны белгілі болды, деп хабарлайды Daily Mail.
Бала күтушінің өзі 3 баланың анасы болып табылады. Ол 2015 жылы жапа шеккен қыздың ата-анасы үйлеріне видеобақылау камераларын орнатқаннан кейін тұтқынға алынған болатын. Қыздың анасы бір күні жұмыстан үйге оралғанда қызының қолындағы күйген іздерді, бетіндегі соққыдан қалған көгерген жерлерді байқап қалған. Ол кезде бала күтуші қыздың өзі плитаның үстіне шығып, қолын күйдіріп алды, сосын плитадан еденге құлап, денесін көгертіп алды деп жауап берген.
Сотта Лидия Куиллигэна: «Мен өз-өзімді басқара алмай қалдым. Мені дұрыс түсініңіздер, мен ол балаларды өте жақсы көремін және мың сан рет кешірім сұраймын», - деп егіле жылады.