«Жасыл» энергия – болашаққа бастайтын баспалдақ
Бүкіл әлемді дүрбелеңге түсірген ковид пандемиясының «жасыл» экономика ұғымына ешқандай қатысы жоқ. Бірақ, оның салдары «жасыл» экономиканың ролі қандай екенін жақсы көрсетіп берді. Себебі, пандемия салдарынан мыңдаған кәсіпорын өз жұмысын тоқтатты, түтіні будақтаған, улы газ атқылаған жүздеген зауыттар тұмшаланды. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде ірі қалаларда ауаның ластануы күрт төмендеп, тұрғындар еркін тыныс ала бастады.
Қала аспаны ашыла бастады. Әлем сарапшылары жасаған алғашқы түйіндеу осындай. Бұл тұжырым пандемияны әспеттеу үшін емес, индустрияның айнала қоршаған ортаны ластауы қандай деңгейге жеткенін көрсетуі үшін жасалып отыр. Яғни, жасыл экономика қағидасы - экономиканың бір саласы емес, жалпы өмір сүрудің, тіршіліктің басты философиясына айналғанын әйгілейді.
Болашаққа бастайтын баспалдақ сол ғана екен. Мамандардың есептеуінше, жаңартылған көздерден энергия алу 2025 жылға қарай әлем бойынша 6 пайызға жетеді. Бұл көп емес. Дегенмен де ғылым мен қаржыны жұмылдыру қарқыны осылай жалғаса берсе, 2040 жылдары жел энергетикасы су электр стансаларымен бәсеке түсіп, жалпы өндірілген қуаттың жартысын береді дейді. Дамыған елдердің осы стратегияға бағытталған жоспары мен жасап жатқан жұмыстарын көрсең, солай болатынына сенесің. Ал, бірақ,бұрынғы Кеңес Одағы елдері, оның ішінде Қазақстанда істеліп жатқан істердің қарқынына қарасаң, олай деуге әлі ерте.
«Жасыл» экономиканы өркендету үшін біраз қаржы құю керек. Ол білім мен ғылымды дамытпай, жаңа технологияларды іске қоспайынша ілгері баспайтыны анық. Ең бастысы: бүкілхалықтық көзқарас қалыптаспайынша бұл саланы бәсекеге сай деңгейге жеткізе алмайсыз. Міне, сол кезде ғана бүкіл экономика «жасыл» өткелге шығып, тың сананың трансформациясы басталады. Тың сана деп отырғанымыз: экология басты құндылыққа айналады. Экономика экологиялық құндылықты басшылыққа алады. Желі аз, күн сәулесі аз түсетін елдер теңіздің толқынынан кинетикалық энергия алуға кірісіп жатыр. Жанартауға жақын, ыстық су көздері көп елдер геотермальды жылу энергетикасын зерттеуды бастады.
Қазақстан да ай қарап отыр деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Мемлекеттің өзі «жасыл» экономиканы басты стратегияның бірі ретінде бекіткеннен кейін, бұл бағытта біраз шаруа істеліп жатыр. Ең бастысы, оған «шикізат» жеткілікті. Қазақ даласының желі жыл он екі ай әрі бері ұйтқып соғып тұрады. Күн сәулесі де аямай төгілетін жер осы. Алдымен осы табиғат аямай берген «шикізаттың» пайдасын көру керек. «Бәйтерек» холдингін құруға жеткізген осы қажеттілік болатын. Соның арқасында табиғаттан энергия алу жобалары дүниеге келе бастады. Соның бірі – Қарағанды облысында салынған «Кеңгір» күн электр стансасы. Бұл жоба биыл іс қосылды. Бұл "Kaz Green Energy" ЖШС жобасыныңжетекшісі Ертай Әлжановтыңайтуынша, кәсіпорын құрылысына түгелдей отандық материалдар жұмсалған. Металл құрылғылардан бастап, кабель мен бөлшектердің бәрі қазақстан өнімдері. Жобалаудан бастап барлық жұмыстарды жүргізген де жергілікті мамандар. Қаржылай қолдау көрсеткен «Бәйтерек» холдингі, оның еншілес компаниялары. Ең ғажабы, күн стансасы жергілікті тұрғандар үшін мәдени және оқу-үйрену алаңына айналыпты. Санада тың көзқарас қалыптастыру деген міне осы.
Енді жел энергиясына келейік. Ақмола облысында "Астана EXPO-2017"жел энергиясы стансасы жұмыс істеп тұр. Бұл стансаның кереметі – жел екпінін энергияға айналдыратын бүгінгі заманғы озақ технология қолданылған. Және ол солтүстіктің аса суық ауа-райында жұмыс істеуге бейімделген.
Осы жобаны жүзеге асырған ЦАТЭК Green Energy компаниясы коммерция бөлімі директорының орынбасары Айдар Жолшорынов былай дейді:
– Қазір біз өндіріп жатқан энергия көлемі 5 мың үй шаруашылығын қамтамасыз етуге жетеді. Жылдың соңына қарай 10 мың үйлік қуатқа жетсек деп отырмыз. Бұл кіші-гірім қалашықпен бірдей деген сөз. Әрине, біз сәби құсап аяғымызды енді ғана тапыл-тұпыл баса бастадық. Бірақ,болашағымыз осы экологиялық жобаларға байланысты. Сондықтан қазірден бастап соған дайындалуымыз керек.
Жол картасы деген міне осы. Бұл нысанның құрылысында 300 адам жұмыс істепті. Ал, стансаның өзінде 19 адам күнделікті еңбек етеді.
Жалпы, «жасыл» технологияның бағыттары әртүрлі. Ол ірі жобалармен қатар ұзақ қожалықтар, орта және шағын бизнеске де қолайлы көрінеді. Мысалы, Ақмола облысындағы Зеренді көлінің жағасында «Парус» демалыс орны бар.Осы жердегі ескі жазғы лагерь орнын Сұлтановтар отбасы сатып алып, бүгінгі заманғы туризм кешеніне айналдырған. «Бизнестің жол картасы – 2020» аясындағы бұл іске «Даму» қоры қолдау көрсетіпті.
-Пандемия сияқты қысылтаяң кезеңде «жасыл» технологияның жетістігі бізді құрдымға кетуден аман алып қалды,- дейді туризм кешені қожайындарының бірі Қайрат Сұлтанов. – Ғимараттарды жылыту жүйесін көмірден газға көшіргендіктен, суды ысыту жүйесін күн энергиясына ауыстырғандықтан, біздің коммуналдық шығындар екі есеге азайды. Тіпті көше мен жол бойындағы жарық берудің өзіне күн қалақшаларын қолданамыз. Оның өзі Қазақстанда жасалған. Ал, ғимарат ішіне тек энергоүнемдеуші шамдар қойдық. Сөйтіп, үнем ұлғая түсті.
«Жасыл» экономика технологиясы шын мәнінде тың жетістіктерге жеткізеді екен. Сондай үнемнің арқасында «Парус» туристік кешеніне жолдама екі есе арзандапты. Қайрат Сұлтановтың айтуынша, жергілікті туризмді дамытуға «жасыл» технологияны қолдану өте тиімді, әрі пайдалы. Бірақ, оған «Бәйтерек» холдингі көрсеткен көмек тәрізді мемлекеттің қолдауы қажет. Сондықтан да Қайрат Сұлтанов басқа аймақтардан жұмыс күшін әкеліп, жаңа мамандықты меңгерту үшін жатақхана салуды жоспарлап отыр. Ондай кадрларға жұмыс қашан да табылады. Өйткені, ол болашақтың ісі, болашақтың технологиясы.
«Жасыл» технология өндірістік ғана мәселе емес, оның тұтастай тіршілік философиясына айналғанын айтқанбыз. Оның тиімділігі киловат сағаттармен, немесе, үнемделген ақшамен ғана есептелмейді. Бұл адам санасын өзгертіп, айнала қоршаған ортаны қорғауға баулиды, дүние туралы экологиялық тұрғыдан ойлауға үйретеді. Иә, «жасыл» технологиямен жұмыс істейтін, сол қағиданы басты мақсат тұтқан кәсіпорындар саны өскен сайын, сол салада жұмыс істейтін мамандар да көбеюге тиіс. Олар жаңа технологияны меңгеру ғана емес, оны жетілдіруді, сол жердің ерекшеліктеріне, табиғи жағдайына бейімдеуді үйренуге тиіс. Әйтпесе, осыдан біраз жыл бұрын Еуропадағы дайын қондырғыларды жоңғар қақпасына қойып, энергия тасқынының астында қалмақ болған «жылпостарды» да көргенбіз. Еуропаның самалы желімен жай айналып тұратын қалақтар Ебінің екпініне шыдамай майырылып, қондырғылары іргетасымен бірге аспанда бір айналып түскен-ді. Сондықтан бізге Қазақстан жағдайына бейімделген технология туғызатын, жасайтын мамандар керек.
-Мектеп оқушыларын тура осы жел энергиясы стансасының ауласында оқытатын зерттеу орталығын құруды жоспарлап отырмыз,- дейді Айдар Жолшорынов. – Біз ақпаратпен бөлісу идеясын қолдаймыз. Қазір жаңа уақыт талабына сай маман табу қиын. Мәселе – техникалық мамандар табу емес, ең бастысы – осы істің болашағына жастарды сендіре білу.
Бұл пікірді Ертай Әлжанов та қолдайды:
- «Жасыл» электр стансаларында жұмыс істеу үшін, арнайы мамандықтармен қатар, жаңа технологияның болашағына деген сенім қажет. Ондай сенімді мектеп қабырғасынан бастап сіңіру керек. Болашақтың энергиясын болашақтың жастары өндіреді. Сондықтан біз жергілікті арнайы оқу орындарымен бірлесіп жұмыс жасауды көздеп отырмыз.
2019 жылы Елордаға «Сарыарқа» газ құбыры тартылды. Бұл соңғы жылдары елімізде жүзеге асқан аса ірі жобаның бірі екеніне сөз жоқ. Терең үңіліп көрсек, бұл жоба да көмірсутегі аз отынға өту, яғни «жасыл» технология қарай жасалған бір қадам екені анық. Ал, газ құбырының инфрақұрылымын жасау кезінде біраз елді мекенде жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызды. Осы жобаға мұрындық болған «Бәйтерек» холдингінің жобаларды қаржыландыру департаментінің директоры Әсет Тәжікенев айтуынша, «жасыл» экономикаға өту концепциясы елімізде ірі жүйелік қайта құрудың негізін қалап отыр. Тұрақты даму жүйесі мемлекеттік құрылымның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық негіздеріне арқа сүйейтіні белгілі. Осының ішінде экологиялық негізге сүйену еліміздің табиғи байлығы мен айнала қоршаған ортаны сақтап қана қоймай, экономикалық үнем, жаңа технологияды игеру, шикізатты оңды-солды шашпау сияқты қажет дүниелерге бейімдейді.Бұл халықтың әл-әуқаты мен өмір сүру сапасын көтерудің бірден бір кепілі. Бұл заман талабы.
Серік Ақынжанов.