Вейпке тыйым салынуы мүмкін
Қазіргі таңда елімізде вейп өнімдері жастардың ағзасын улап, қоғам назарын аударып отырғаны белгілі. Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған еді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Еgemen.kz-ке сілтеме жасап.
Премьер-министр осы сұраққа жауап беріп, вейп мәселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді. Депутаттар сауалына берілген жауапта қазіргі таңда Үкімет вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту мәселесін қарастырып жатқаны айтылған.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 33 елде никотинді тұтынудың электрондық жүйелері мен вейптерді сатуға тыйым салынған. Олардың қатарында Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Панама, Бразилия, Мексика, Канада, Таиланд, Үндістан, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Филиппин, Ливан, Қатар, Оман, Иордания бар. Сондай-ақ 79 елде бұл өнімдерді қоғамдық орындарда пайдалануға, оларды жарнамалауға, насихаттауға және демеушілікке тыйым салатын немесе қаптамада денсаулыққа зиян екендігі туралы ескертулерді көрсетуді талап ететін кем дегенде бір ішінара іс-шара қабылданған», деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-министрдің айтуынша, вейп-өнімнің айналымына тыйым салу нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізуді көздейді. «Құқықтық актілер туралы» заңның 19-бабының 3-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларына қатысты Кәсіпкерлік кодекс белгілеген жағдайларда және тәртіппен реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.
«Осы жылғы 31 мамырда мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, азаматтық қоғам мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жанындағы Сараптама тобының отырысы өткізілді. Онда вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту бойынша түрлі ұсыныстар қаралды. Қазіргі уақытта вейп-өнімнің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норма реттеушілік әсерге талдау рәсімінен өтіп жатыр. Үкімет осы норманы қолдайды», дейді Әлихан Смайылов.
Мәжіліс қарауына енген денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасында «вейп» және «электрондық сигарета» ұғымдарын бөлу, жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекі мен темекі бұйымдарын, оның ішінде тұтынудың электрондық жүйелерін (вейптерді) және оларға арналған сұйықтықтарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделген.