Түр-әлпетіме қарап қыздарға қырындауға қорқам
Адам баласының бітім-болмысы, физиологиялық мүмкіндіктері мен өзгешеліктері әлі толық ашылмаған ғылым десе де болады.
Біздің бұлай деуімізге Қожамқұл Байкеев есімді азаматтың басындағы жағдай себеп болып отыр. Оның жасы 27-де. Бірақ бойы 12 жастағы жасөспірімдікіндей, өспей қалған. Дауысы да кішкентай баланікіне ұқсайды. Кешегі сәрсенбіде біз Қожамқұлдың өзімен сұхбаттасып, мән-жайды білдік.
Қожамқұл Жамбыл облысының тумасы, Сарысу ауданына қарасты Шағала ауылында туылған екен. Сол ауылдағы «Шағала» орта мектебін 9-сыныпқа дейін оқыпты. Кейіннен Байзақ ауданындағы Бурыл ауылына қоныс аударыпты. Бірақ мектепті сол күйі бітіре алмаған. Оқуын колледжде жалғастырмақ болған екен, оған денсаулығы мүмкіндік бермепті.
«Бала күнімде басым жиі ауыратын, – дейді Қожамқұл. – Бірақ ол кездері бұған өзім де, үйдегілер де аса мән бермейтінбіз. «Суықтаған шығарсың», «Тынығып ал, қойып қалады» деп өзімізге диагноз қойып жүре беретінбіз. 8 – 9-сыныпқа дейін сабақты жақсы оқитынмын. Кейіннен басым шыдатпай ауырып, сабақ оқуға кедергі келтіріп, үлгерімімді нашарлатып алдым.
Өзімнің науқас екенімді мен 9-шы сыныпты бітіріп, колледжге құжат тапсырар кезде бір-ақ білгенмін. Медициналық тексеруден өтіп жатқанымда дәрігерлер менен күдіктеніп, томографияға түсірді. Сол кезде барып миымда ісік бары анықталды. Обалы не керек, ол жердегі дәрігерлер дереу тіркеуге алып, мені Астанадағы нейрохирургиялық орталыққа жіберді. Бірақ маған ота жасауға болмайды екен. Ісік мидың ең белсенді, қажетті бөлігінде болып шықты, сондықтан алып тастаса мүгедек болып қалу қаупі бар деді дәрігерлер. Бір қуантарлығы, ол ісік өспейді екен. Дегенмен ол менің дамуыма, физикалық тұрғыдан жетілуіме, гормондардың дұрыс қалыптасуына кері әсерін тигізген. Соның салдарынан бойым бүгінде 12-13 жастағы балалардікімен бірдей болып қалған. Бойым – 1 метр, 32 сантиметр, ал салмағым – 28,5 кило».
Қожамқұл бүгінде жеңгесімен бірге Алматы қаласында жүр екен. Таяуда ол «Қазақстан» ұлттық арнасының «Айтуға оңай» бағдарламасынан бойы өспей қалған адамдарға көмек көрсете аламын деген дәрігердің сөзін есітіп, соған көрінуге барыпты. Қуанышына орай, Қожамқұлдың бойындағы кемшілікті түзетуге мүмкіндік бар екен. Бірақ ол үшін 5 миллион теңгедей қаражат керек депті дәрігерлер.
«Алматыда Жангентхан Абылайұлы деген дәрігер бар екен, – дейді кейіпкеріміз. – Өзі профессор. Сол кісінің қабылдауында болдым. Мені бастан-аяқ тексерді, түрлі сараптамалар тапсырдым. Қысқасы, бойымның өзге жігіттер секілді өсіп, жетілуіне мүмкіндік бар екен. Бірақ ол үшін маған бір жыл бойы ампуласы 120 мың теңге тұратын «укол» салу қажет. Жангентхан Абылайұлы: «Оны өзім тауып беремін, қалай салу керегін, бойыңа, салмағыңа лайықты дозаны да белгілеп беремін. Бір апта бақылауда боласың, сосын өз ауылыңда да салдыра беруге болады», – деп отыр.
Негізі мұндай емді 28-29 жасқа дейін қабылдаса, шипасы дариды екен. Одан кешіксе, гормондардың дамуы тоқтап, адамның ағзасы түбегейлі қалыптасып үлгереді де, «уколдың» күші болмай қалатын көрінеді. Осы нәрсе мені қатты мазалап жүр. Ертерек тиісті ем-домды қабылдап, өзге достарым секілді сұңғақ бойлы болсам деймін».
...Қожамқұл – үйіндегі 4 баланың кенжесі. Өзінен үлкен аға-әпкелері үйленіп-жайланып кеткен. Анасы зейнеткер екен, ал әкесі ертеректе, бұл 1-ші сыныпқа барар жылы қайтыс болыпты. Кенеттен жүрегі тоқтап қалған әкесінің жансыз денесін көрген бала қатты шошынып қалған, анасы мидағы ісік сол кездегі жағдайдың салдарынан болуы керек деп болжайтын көрінеді.
Қожамқұлдың өлең жазатын қабілеті бар. Өнерге жақын. Ғаламтордағы дене бітімі келісті, бойы ұзын жігіттердің суретін монтаждағанды ұнатады. Болашақта өзін сондай кейіпте көргісі келеді.
«Өзіммен бірге оқыған жігіттердің бәрі үйленіп жатыр. Мен де соларға қарап үйленсем, бала-шағам көп болса деп армандаймын. Бірақ қазіргі жағдайыма, түр-әлпетіме қарап қыздарға қырындауға қорқамын. Көбісі мені кішкентай, мектеп оқушысы деп қалады», – дейді Қожамқұл.
Біз оның ойлағаны ертерек орындалсын деп тіледік. Қожамқұлға қол ұшын берер қайырымды жандар табылса, дәрігерлер айтқан дәріні ертерек салдырса, нұр үстіне нұр болар еді-ау!
Қожамқұлмен оның жеңгесі Кенже арқылы байланысуға болады. Телефоны – 8-707-820-84-30.
zamana.kz