Терең ұйқыдағы тағдыр…
Донорлық. Біле білгенге, бұл мәселе тек қан тапсырумен шектелмейді. Елімізде жүрек, өкпе, бүйрек, бауырға мұхтаж турасын айтсақ өмірі қыл үстінде тұрған адамдар жетіп артылады. Шыны керек, баспасөз беттерінде, оның ішінде қазақтілді ақпарат құралдарында бұл туралы көп жазыла, айтыла бермейді. Мұндай донорлыққа қоғамның көзқарасы қандай? Қазақ қоғамы бұған қаншалықты дайын? Елімізде қанша адамға жүрек қажет? Бұл мақалада біз осы сауалдарға жауап іздейтін боламыз.
Осы мақсатта бірқатар журналистермен бас қосып, А.Сызғанов атындағы Ұлттық хиругия ғылыми орталығына бардық. Мұндағы мақсат – донорға мұхтаж адамдармен тілдесу еді. Алайда олардың көпшілігі бізбен әңгімелесуден бас тартты. Ал біз өз кезегімізде бұған түсіністікпен қарадық. Әйткенмен, оқырманға қызықты, құнды әрі қазақ қоғамына қажетті мәліметтер алып қайттық.
Әлқисса
Осынау орталық мамандарының пікірінше, бір донордың төрт адамды құтқарып қалатын мүмкіндігі бар екен. «Тек, мұндай донор…» деп күмілжып қалды мамандар. Қазақша айтқанда «тірі өлік». Яғни, бұл өмірден үміт үзген жандар». Білгеніміздей, Сызғанов атындағы хирургиялық орталыққа дәл осындай науқастар жеткізіледі екен.
Алайда бұл ақпарат оқырман қауымға аздық етері анық. Сол себепті біз осынау орталықтың жүйелеушісі әрі кардиохирург дәрігері Арман Туғамбаймен тілдестік.
– Нақтылап айтсам, осы орталыққа науқастар негізінен екі жағдайда жеткізіледі. Мұны көпшілік білмеуі мүмкін, сондықтан тарқатып айтайын. Бұлардың алғашқысы ми жарақатын алған азаматтар. Мысалға, басынан қатты соққы алуы не болмаса биіктен құлауы мүмкін. Сонымен қатар, көлік апатына ұшыраған жандар осы бірінші тізімге кіреді. Ал, екіншісі – ми инсультін алғандар. Білетін болсаңыз, мұның өзін медицинада ишемиялық және гемаррагиялық деп екіге бөледі. Бұлардың өзі тағы екі топқа бөлінеді. Анықтап айтсақ, алғашқы топтағы науқастар ауруханаға есін біліп, ал енді бір тобы есінен танып түседі. Медицина ғылымында мұны «кома» деп атайды, – дейді Арман.
Терең ұйқыдағы тағдыр…
Команың қазақша аудармасы терең ұйқы. Бірақ, біз бұл туралы не білеміз? Осынау орталықтың мамандарымен әңгімелесе отырып, ұққанымыз, кома – күлкі емес. Мұны бізге Арманның өзі тарқатып айтып берді.
– Біздің мамандар айтқандай, біз кез-келген науқасты қабылдай бермейміз. Біздің өз талабымыз бар. Атап айтсам, орталық донорлықты тек осы терең ұйқының жағдайында ғана қарастырады.
Сөйтсек, бұл терминнің қаншалықты қауіпті екенін үстірт естіген екенбіз. Мұндағы мамандардың айтуынша, команың өзі үш түрге бөлінеді екен. Біз өз тарапымыздан нақтылай кетейік. Мұның бастапқы екі фазасында өлім аузында тұрған адамның бетін бері қаратуға болады. Алайда, үшінші дәрежелі терең ұйқы – өлім дегенді білдіреді. Ал бүгінгі медицинада дәл осы үшінші дәрежелі комаға түскен адамның қайтып оянған жағдайы тіркелмеген…
Мидың өлуі биологиялық өліммен тең
Туысқаны үшінші дәрежелі комаға ұшыраған азаматтарға жақынының бұл дүниелік еместігін түсіндіру мұндағы мамандар үшін ең ауыр іс.
– Сіздің жақыныңыз (мысалға, күйеуі, баласы болуы мүмкін) үшінші дәрежелі комада жатыр.
– Бұл нені білдіреді? Не айтып тұрсыз?
– Сәл сабыр етіңіз. Біз қолымыздан келгенді жасадық. Алайда, бұл кісіні енді қайтып құтқарып қалу еш мүмкін емес.
– Жоқ, сіздің сөзіңіз жалған. Сенбеймін! Өкпесі демалады, ал жүрегі болса жұмыс істеп тұр! Басқа не қажет?
– Бұл бізге де ауыр. Түсініңіз. Туысқаныңыздың жүрегі арнайы құрылғының арқасында жұмыс істеп тұр.
– Сендердің қолдарыңнан келмейді бұл. Турасын айтып, осылай десеңдерші. Туысқанымды шетелге алып кетемін. Сол жақтан құлан-таза жазылып шығады.
«Үшінші дәрежелі ұйқыға кеткен адамның қайтіп оянуы мүмкін емесін, көбінесе осылай түсіндіреміз» дейді Арман Туғамбай.
– Бұл өте ауыр іс. Біз де адамбыз. Өзіміздей тағдыр иелерінің қиналғанын, көзіне жас алғанын көргіміз келмейді. Алайда, амал жоқ. Кәсібіміз шыдамдылықты, өз-өзімізге бекем болуды үйретті. Медицинада мұндай адамның миы өлген деп есептеледі екен. Ал бұл биологиялық өлімге пара-пар. Жоғарыдағы мысалды бекерге келтірген жоқпын. Көп жағдайда жақыны ауыр жағдайда қалған азаматтың жақындары мәселенің мән-жайын түсіне бермейді. Соның кесірінен орынсыз кінәлаулар болады. Сенбестік танытады. Үшінші дәрежелі комаға түскен адамның тірі қалуы мүмкін емесін нақты анықтайтын құралдар бар. Клиникалық тест соның бірі ғана, – дейді ол.
Дәл осы тестілеуден өткеннен кейін ғана, яғни адамның «кома 3-ке» ұшырағаны анықталған соң орталық мамандары науқасты донор ретінде қарастыруға кіріседі. Алайда көп жағдайда даудың көкесі осы жерде басталады.
Донорлық. Бұған қазақ қоғамының көзқарасы қандай?
Аталған орталықта бауыр транплантациясын жүзеге асыратын маман Мақсат Досханұлының сөзіне қарағанда, қазіргі күні бұл мәселеге деген қоғамның көзқарасы әрқилы. Оның ішінде, қазақтілді қауымның медицина саласына енген жаңа үрдісті қабылдауы қиын.
– Иә, өте қиын. Жасырып қайтеміз. Көп жағдайда қазақтілді қауымға донорлықтың қаншалықты маңызды екенін түсіндіре алмай жатамыз. Ал мұның арты айғай-шумен аяқталып жатады. Неге? Біле білсеңіз, бұл арада бәрі дінге тіреліп тұрған жоқ. Бізде, қазақтарда ақыл айтатын адамдар өте көп. Мысалы, 3-ші дәрежелі комаға ұшыраған науқастың артында 20-30 адам жүреді. Біз «барлығыңызбен тілдесуге тиісті емеспіз» десек, түсінбейді. Біз баласы болса әкесімен, ал күйеуі болса әйелімен сөйлесуге міндеттіміз. Болды. Донорлыққа қатысты азаматтың әйелі не болмаса баласына мәселенің мән- жайын түсіндірген кезде, яғни, туысқанының донор ретінде 4 адамды құтқарып қаларын айтып, келісімін алғанда айдаладағы ағайыны келіп әлгі адамды ойынан айнытып жібереді, – дейді Мақсат.
Иә, донордың 1 емес, бақандай 4 адамға өмір сыйлауы мүмкін
екен. Ендеше бұл мәселенің маңыздылығын бүгінгі деңгейден әлдеқайда жоғары дәрежеде көтеру қажет-ақ.
Санайғақ
Елімізде қанша адамға жүрек қажет? Қанша адам өкпе, бүйрек пен бауырға мұқтаж? Мақаланың соңын, нақты деректермен түйінделік. Сызғанов атындағы Ұлттық хиругиялық орталығы мамандарының пікірінше, Қазақстанда донор аз. Ал кезек күтіп тұрғандар көп. Қазақстанда қазіргі күні 3000-ға тарта адам бүйрек, 1000-нан аса адам бауыр транплантациясына мұхтаж. Бұдан бөлек, жылына 500-ге жуық жүрек ауыстыру операциясын жасау қажет.
Ең өкініштісі, азаматтардың көпшілігі елімізде дәл осындай ауыр операциялар жасалатынынан хабарсыз екен. «Мысалға, орталықтың күту парағында жаңа бауырға мұхтаж 50-ге тарта азамат кезекте тұр. Сонда қалған 950-і қайда жүр, қандай ем алып жатыр? Сонымен қатар, жүрек ауыстыру бойынша ұлттық хиругия орталығында 10 адам кезекке тұрған. Ал өзгесі қайда?», – дейді бұл орайда мамандар.
P.S. Біз бұл мәселені бекер көтерген жоқпыз деп сенеміз. Осы мақала оқырманға ой салса, донорлықтың мәні мен маңызын ашып көрсетсе құба-құп. Айта кетелік, Алматыда трансплантация жасайтын 2 орталық бар. Оның бірі Сызғанов атындағы Ұлттық хирургиялық орталық және Қалқамандағы №7 қалалық клиникалық аурухана.
erkindik.kz