Қазақстанда коронавирустың омикрон штамы әлі де тарап жатыр. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің сөзінше, бүгінгі күні елде коронавируспен ауырған 1 млн 400 мыңнан астам науқас және коронавирус пневмониясымен 90 мыңнан астам жағдай тіркелген.
"Республика және барлық өңірлер жасыл аймақта тұр. Тәулігіне 120-ға дейін КВИ+ және 20-ға дейін КВИ- жағдайы тіркелуде, науқастардың 99%-ы сауығып шықты. Қазақстанда соңғы 2 аптада алдыңғы 2 аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,4 есеге, яғни 754-тен 1075 жағдайға дейін өсті", – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова.
Сонымен қатар басқарма басшысы коронавирустың қауіпті штамы әлі тарап жатқанын айтты.
"Штамдарды сәйкестендіру нәтижесі республикада омикрон нұсқасының айналымда жүргенін көрсетті", – деп атап өтті Роза Қожапова.