Қазақ тамақтану академиясының ғалымдары тиімді тамақтану формуласын ойлап тапты
Қазақ тамақтану академиясының ғалымдары тиімді тамақтану формуласын ойлап тапты. Тың жаңалық жылқының майы және биенің сүтімен байланысты. Мамандардың пайымдауынша, табиғи өнімде денсаулыққа зиянды майлы қышқылдар мүлдем болмайды. Осы ретте арнайы ұйымдастырылған жиынға келген халыққа 15 пайдалы тағам түрі ұсынылды. Сиыр сүті – сұранысқа ие, күнделікті қолданылатын өнімнің бірі. Тіпті кондитерлік тәттілердің барлығы сүтпен әзірленеді. Бірақ ақтың осы түрі денсаулыққа зиян дейді мамандар. Өйткені оның құрамында адам ағзасын улайтын майлы қышқылдар бар екен. Сорақысы, сол қышқыл заттар обыр мен диабет ауруларын қоздырады. Айқан Ақанов, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры: - Мына біздің тағамтану академиясының зерттеуі көрсетіп отырғандай, сиырдың сүтінен дайындалған тамақтың ішінде адамға зиянды трансмай қышқылдар бар. Атеросклероз, диабет, жүрек ауруы, толысу осының бәрі адамға зиян. Шараға жиналғандар бие сүтінен жасалған алуан түрлі тағамның дәмін татып көрді. Көпшілікке ұсынылған сүзбе, бәліш, торт пен балмұздақтың дәмі тіл үйіреді. Бастысы, бұл өнімдер денсаулыққа пайдалы. Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті: - Жылқы малының сүтінде трансмай қышқылы жоқ. Оның майы да, ақуызы да бөлек, нәзік. Ол ешбір малдың сүтінде жоқ. Академик Шармановтың айтуынша, жылқы майы мен бие сүтінен әзірленген тағамдар нарыққа биыл шығарылады. Дегенмен ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз етіп, өнімдердің бағасы арзан болу үшін игі бастаманы мемлекет қолдау керек.
24.kz