Қарағанды қаласында үш айлық нәрестенің жүрегіне жасалған күрделі операция сәтті аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Енді сәби кардиология бөлімінде дәрігерлер бақылауында болады.
«Дәл қазір оның денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ», - дейді мамандар.
Нәрестенің ауыр диагнозы дүниеге келгеннен кейін белгілі болған. Яғни, оның жүрегінде 2 сантиметрге жуық тесік болыпты.
Осы сәттен бастап оны операцияға дайындау жұмыстары жүргізілген. Араға аз уақыт салып жүргізілген екі бірдей операциядан кейін кішкентай бүлдіршін өзін жақсы сезіне бастаған.
Ләйлә Зейнуллаева, анасы:
- Басында мазасыз болып жылай беретін, бірақ дәрігер мен медперсонал арқасында үйге оралайық деп жатырмыз. 1 айдан кейін тексереді, сосын 3 ай сайын тексеріліп отырамыз.
Жанат Болатбекұлы, Балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі:
- Ең бастысы, қазір сәби инфекциялық аурулармен ауырмауы керек. Себебі жүрегіне салмақ түседі. Оны анасына түсіндіріп айттық. Егер бәрі ойдағыдай болса, дені сау бала ретінде қалыптасады.