Қайшы пішіндес қысқаш қарияның ішінде 12 жыл жүрген
70 жастағы қарағандылық қарияның ішінен қайшы тектес қысқыш табылды. Бір қызығы 12 жыл бойы ақсақалдың ағзасында болған құрал оның денсаулығына зиян келтірмепті. Шахтинск қаласының тұрғыны осыдан 12 жыл бұрын операция жасатып, өтін алдыртқан екен. Сол кезде дәрігерлердің салғырттығынан қысқыш науқастың ішінде қалып қойған. Оны ақсақал қаладағы жекеменшік клиникалардың бірінде скринингтік тексерістен өткеннен кейін білген. Қарияны қараған дәрігер Бауыржан Айтбаев өз тәжірибесінде мұндай жағдайдың бұрын-соңды болмағанын айтады. Қазір ақсақал кезекті операцияға дайындалып жатыр.
Бауыржан Айтбаев, дәрігер-рентгенолог:
- 13 жылдық еңбек тәжірибемде мұндай жағдайды алғаш көруім. Өзім де таң қалдым. Негізі ағзада ондай заттар қалып қойса, ол асқынып, жанға батуы керек. Ал ақсақалдың жолы болған десе де болады. 12 жыл бойы ауырсынбай жүре берген.