Онкологиялық ауруды ерте анықтауға бөлінген қаражат дұрыс игерілмеген - депутат
Былтыр онкологиялық ауруды ерте анықтауға қаражат бөлінгенімен, уақтылы диагностикалау шаралары жүргізілмеген. Мәжілісмен Лариса Павловец бүгін Денсаулық сақтау министрлігіне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
 Былтыр обыр ауруынан 14 мыңнан астам қазақстандық көз жұмған. 190 мың науқас осы дертпен ауырған. Бұрынғы дәрігер, қазір депутат Лариса Павловецтің скринингтік тексеру жұмыстарына көңілі толмайды. Ол елдің бас дәрігері Алексей Цойдан ауруды ерте диагностикалаудың сапасын жақсартуды талап етті.
«Бюджеттен қаражат бөлінгеніне қарамастан, ерте диагностика максималды деңгейде жүргізілмеген,. Сондықтан онкопатологияны анықтау кейінгі кезеңдерде жүреді. Демек, шығындар 100% - өлімге әкелетін, нәтиже бермейтін ауруды емдеуге жұмсалған. 2020 жылы шамамен 11,3 млрд теңге бөлінді, оның 70% -ы ғана игерілді. Уәкілетті орган «скринингтік тексеруге барлық жағдай жасалған» деп есеп береді, бірақ іс жүзінде олай емес», - дейді Мәжіліс депутаты.