Маңғыстауда жаз басталғалы 20 адам сальмонеллез ауруымен тіркелген. Науқастардың басым бөлігі – әскерилер. Ауру жұқтырғандар арасында екі бала бар, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Ауру сарбаздар арасында сәуір айында тіркелген. Алдымен 13 жағдай тіркелсе, кейін ауру тез таралып, науқастар саны 20-ға өскен. Ағзаға сальмонелла бактериясы енген соң, дене қызуы көтеріліп, іші ісіп, құрысып қалады. Содан антибиотик қабылдағаннан кейін 1 апта ішінде адам қалпына келеді. Мысалы, ауру адам қоғамдық тамақтандыру қызметкері болса, тамақ пісіру кезінде басқаларға да жұқтыруы мүмкін», – дейді Маңғыстау облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев.
Санитарлық эпидемиологтар қоғамдық орындарда азық-түлік өнімдерін, оның ішінде жеміс-жидек пен көкөністі сатып алғанда, құрамы мен жасалу мерзіміне, сыртқы түріне ерекше назар аудару керегін еске салады.
Сальмонеллез – сальмонелла тобына жататын, көптеген қоздырғыш тудыратын жіті ішек ауруы.
Ғалымдар сальмонеллалардың 700-ден астам түрін анықтаған. Олар қоршаған ортаға төзімді, төмен температурада ұзақ сақталады. Ауру қоздырғыштары тағамда, әсіресе жұмыртқада, сары майда, сүтте және ет өнімдерінде тез көбейеді.