Ет жеймін деп қауіпті ауру жұқтырған
1952-ші жылдары шығар деймін, күздің бір күні дария жағалауында отырған оншақты үйлі ауылда үлкен қуанышты жаңалық болды. Соғыста хабарсыз кетті деген бір азамат қол-аяғы сау, аман-есен оралды. Әлгі үй дереу бір қойын сойып, кішігірім тойшық жасады.
Ертеңіне менің әкемді шақыртты. Жеті-сегіз жасар баламын, әкемнің соңынан қалмай еріп жүремін, мен де бардым. Әлгі келген кісі қандай да бір аурумен ауырыпты. Беті ісіп кеткен, қалтырап, ыстығы көтеріліп отыр еді. Әкемнің тамыр ұстайтын тәуіпшілігі болатын. Әлгі кісінің тамырын ұстап отырып, сұрақтар қоя бастады.
– Әуелі Белоруссияда, кейін Украинада партизан отрядында болдым, – деді ол әкемнің сауалына орай.
– Елге қайтарыңда қай жерден шықтың?
– Е, көке, Сібір жақтан шықтым ғой.
– Неге ол жаққа барып жүрсің?
– Екі жыл немістерде «пленде» болдым. Одан қашып шығып, Украина жерінде, партизан құрамасында соғыстым.
– «Хабарсыз кетті» деген хабар «пленге» түскен соң келген екен ғой?
– Солай сияқты. Соғыс біткен соң, 46-шы жылы біз сияқтыларды алты жылға Сібірге жіберді. Соны өтеп қайттық қой елге, – деді әлгі кісі.
– Жолда қанша күн жүрдіңдер?
– Жиырма күндей жүрдік-ау. Көлік жағдайын білесіз ғой, стансаларда пойыз күтіп, біреуіне сыймай дегендей...
– Жолшыбай шала піскен ет жемедіңдер ме?
– Жедік қой, жедік. Қайбір үйдегідей қайнатып пісірді дейсіз бізді. Станса маңына от жағып, әлгі жаңа етікке ауыстырып алған етімізді өйтіп-бүйтіп ана бетін, мына бетін қақтап жегенбіз. Өзіміз үшеу едік. Елге жақындап қалған кезімізде сол ет жегеннен бір апта өткенде екеуміз осындай бәлеге ұшырадық.
– Іштерің өтті ме?
– Иә, өтіп жатыр.
– Ет ненің еті екенін білдіңдер ме?
– Құдай өзі кешірсін, көке, аш болған соң алдық, ет шошқаныкі еді.
Әкем үндемей, біраз ойланып отырып қалды. Өзі Орынбордағы әскери-дәрігерлік училищені бітіргенмін дейтұғын. Сол кезде Сыр өңіріндегі ең білімді, орыс тілін таза сөйлейтін кісінің бірі осы менің әкем еді. Ол кісінің айтқанын кім де болса бұлжытпай орындайтын.
– Мәселе былай, – деді әкем ойынан арылып. – Бүгін орталықтан машина келеді. Сол машинамен аудандық ауруханаға барасың. Тез емделуің керек. Менің бір дәрігер досым бар. Соған хат жазып беремін.
– Көке, өлейін деп зорға жеткенде бала-шағамды тастап тағы қаңғырамын ба? Не деген кесел еді бұл өзі? – деді ауру кісі жыларман болып.
– Бұл, шырағым, тәуіптер тілімен айтсақ, «жегі құрты» деген кесел. Қаншалықты тез емделсең, соншалықты жақсы. Қазір сен мына бала-шағаңа, маңайыңдағыларға қауіп төндіріп отырсың. Бұл құрт – шошқаның, жабайы қабанның немесе аюдың етін шала пісіріп жегеннен жұғатын құрт.
Ауру кісі аңырайып қарап еді, әкем:
– Иә, ұсақ, тірі құрт. Кітапта «трихинелла» дейді мұны. Қазір сенің ащы ішегіңде өсіп-жетіліп жатқан құрттардың майда балалары денеңнің бұлшық еттеріне барып орналасуда. Енді қатты қақсап-сыздаған ауру тудырады. Жүре берсең денеңнің барлық жеріндегі еттерде қабыршақ қабатқа оранған құрттар пайда болады.
Ауырған адам басы салбырап, үндемей отырып қалды. Түстен кейін ауданға кетті. Әкем оның бала-шағасын, тағы бір-екі адамды жәрдемге шақыртып, әлгі кісінің үйіндегі әжетханан көмдіріп тастатып, басқа жерден жаңасын қаздырды. Кейін малдәрігерлік техникумда оқып жүргенімде бұл аурудың өте қауіпті екенін, тез тарайтынын пайымдаған әкемнің ауру ошағы пайда бола ма деп қауіптенгенін түсіндім.
Сонымен бұл ауру туралы азын-аулақ мәлімет берсек, «трихинеллез» деген ауру – антропозоонозды ауру, яғни жануарлар мен адамға ортақ. Негізінен салқын аймақтарда кездеседі. Бұл аурумен үй жануарларынан – ит, мысық, шошқа, жабайы аңдардан – қасқыр, түлкі, аю, кеміргіштер (атжалман, тышқандар) және адам ауырады.
«Трихинелла» деп аталатын өте майда, домалақ денелі құрттардың ұзындығы бір жарым миллиметрдей болады. Шағылысқаннан кейін еркектері өліп қалады. Ал ұрғашылары личинкаларын туған соң өледі. Бұл құрттардың ұрғашылары личинкаларын тірідей туады. Ішек қабырғасының майда түктері (ворсинкалары) арасына тастаған ұрғашы трихинелланың личинкалары қан арқылы ағзаның бұлшық еттері араларына тарап, орналаса бастайды. Яғни бір ағзаның өзінде екі түрлі – ішектік және бұлшық еттік ауру түрі пайда болады. Бұлшық еттер арасына орналасқан личинкалар он жеті күннен кейін ауру тудыра алатындай дәрежеге жетеді (спиральді түрге өтеді), үш-төрт аптадан кейін личинкалар қуыршақ қабатқа оранады. Алты айдан кейін капсула берішті қабатқа айналады.
Қабыршаққа оранған личинка «бұлшық еттік трихинелла» деп аталады. Бұл личинкалар жануарлар ағзасында көптеген жылдар бойы, адам денесінде 25 жылға дейін күшін сақтайды. Олар көбіне аяқ еттерінде, көк етте, тілде, қабырға аралығы еттерінде, өңеш еттерінде орналасады. Жануарлардың ағзасындағы бұлшық еттерде болса, таза пісірмей жеген адамдардың ағзасында осындай личинка сыртқы қабыршағынан шығып, жеті күн шамасында ішектік трихинеллаға айналады. Шағылысқаннан соң бір апта өткенде ұрғашы трихинелла 1,5 мыңнан 10 мыңға дейін личинкалар туып барып өледі. Бұл тірі личинкалар қан және бездер сөлі ағымдарымен денедегі еттерге тарай бастайды. Ал егер ағзаға бір емес, бірнеше капсуладағы трихинелла түссе ше?
Қысқасы, егер дененің әр жеріндегі бұлшық еттердің сыздап, қақсап ауыруы, ыстық көтеріліп, іш өту, бет-ауыз аумағы ісіп, күлтеленуі білінгеннен бастап тез арада дәрігерге көріну керек.
Ең дұрысы, шикі еттен аулақ болыңыз. Қазіргідей соғым уақытында малдәрігерлік зертханадан өткізілген мал етін ғана қолданған дұрыс. Сонда өзіңіз де, отбасыңыз да аман болары анық.
Жаңабай ТӨЛЕУІШ.