Елімізде жасанды жолмен балалы болғысы келетін әйелдерге, әсіресе, қазақ және орыс ұлтының донорлары тапшы. Ал ақшаға қызығып донор болғысы клетіндердің көбісінің ұрығы жарамсыз екен.
Осылайша, кейінгі уақытта бала тапқызуға қауқары жетпейтін еркектерді саны артып келе жатқан көрінеді. Ал жасанды ұрықтандырудың машақаты өз алдына жеке мәселе. Отбасын құрса да бала сүю бақытына бөлене алмай жүргендерге жәрдемші болатын саланың көкейкесті мәселесі жайында Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Елімізде шәуқат, көпке түсінікті тілмен айтқанда сперматозоид тапшылығының бар екенін мамандардың айтқанына бірнеше жылдан асты. Мұндай мәселеге біздің қоғам миығынан күліп қарағанымен, дәрігерлер «мәз болатын түк жоқ» дейді. Ұрық тапсыратын 100 азаматтың тек орта есеппен 10-12-нің ғана денсаулығы қалыпты көрінеді. Сондықтан тапшылық бала сүйгісі келетіндердің артқанынан емес, дені сау донорлардың аздығынан туындапты.
«Ер азаматтардың жыл сайын белсіздікке ұшырауы көбейіп барады. Бұл еркектердің өмір сүру салтына тікелей байланысты. Дұрыс тамақтанбау, жұқпалы ауруға шалдығу, өздігінен емделу, қозғалыстың жоқтығы – осы проблемаға әкеліп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белсіздіктің 33 себебін тізіп көрсетті. Яғни, балалы болғысы келген отбасылар осының кесірінен донорлық ұрықты алуға мәжбүр болады» – дейді Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы экстракорпоралдық ұрықтандыру бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Үтепова.
Елімізде жасанды ұрықтандыру мәселесін бір кісідей білетін адам Салтанат Байқошқарова. Маманның айтуынша, донорлық ұрықтың көмегіне жүгінбей, медицинаның арқасында балалы болуға болады екен. Ол үшін бала көтерте алмай жүрген еркекті толық тексереді.
«Егер прогнозы жақсы болса, онда ер адамға операция жасап жұмыртқасынан тін аламыз. Оның ішінен жасуша іздейміз. Жасуша деп отырғаным – еркектің ұрығы, сперматозоидтар. Оларды тапсақ, оны әйеліне жалғыз ұрық немесе бірді екілі ұрықпенбіз ұрықтандыру жасаймыз. Сонда қарап отырсаңыз осы экстрокорпоральді технологиясының арқасында тіптен ұрығы жоқ еркектердің өзі әке болып жатады» – дейді м.ғ.д. Салтанат Байқошқарова.
Қазақстанда ұрық тапсыратын азаматқа қатысты ақпарат анонимді түрде сақталады. Әрі бекітілген талаптары бар. Ұрық тапсырушының жасы 35-тен аспауы керек. Отбасылы болса тіпті жақсы. Бойының ұзындығы, көзінің түсі де есепке алынады екен.
Ал Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде барынша ашықтық сақталған. Бала 16 жасқа толғанда әкесінің кім екенін білуге құқы бар көрінеді. Жалпы, біздің елде бір донордың шауқатын бірнеше рет қолдану тәртібіне өзгеріс енгізу өзекті болып тұр.
«Мынадай бір ұғым бар: бір донордан 20 бала туғаннан кейін оны қолдануға болмайды деген. Меніңше, ол дұрыс емес. Қазіргі кезде өзіңіз ойланып көріңіз, Қазақстанда халықтың саны сонша көп емес. Яғни, олардың бір-бірімен кездесу мүмкіндігі жоғары. Сол себепті ең болмағанда екі есе азайту керек”, – дейді м.ғ.д. Салтанат Байқошқарова.
Бұл іске қатысты қасиетті кітапқа не делінген? Құранда: «Мен сендерді бір тамшы судан жараттым» деген жолдар кездеседі. «Нұр Астана» мешітінің имамы Асқар Мұқановтың айтқанына құлақ түрсек, ислам ұрықтандыруға қатаң қарайды.
«Ұрықты беруіндегі мақсаты – ұрпақ сүйсін деген мақсатта береді. Оны басқа мақсаттарға жұмсау шариғатта күнә болып есептеледі. Осы күндері өзінің ұрығын белгілі бір орындарға, мекемелерге өткізіп сыйлау мақсатында немесе ақша табу мақсатында жасалып жатқан амал шариғатқа түбейгейлі қайшы» – дейді “Нұр Астана” орталық мешітінің бас имамы Асқар Мұқанов.
Аталған саланың қыр-сырын жақсы білетін мамандар жасанды ұрықтандыру бір жағынан интимді, екіншіден өте күрделі мәселелердің бірі дейді. Себебі, отбасында әуел баста ортақ келісім болғанымен, өзгенің ұрығынан аяғы ауыр болған әйеліне жары суып, тіпті шаңырақтары шайқалған фактілер кездесіп жатыр. Сондықтан мұндай жағдайға тап болмас үшін денсаулықты күту, уақытында қаралып, емделу ең дұрыс шешім болып тұр.
Stan.kz