Бүгінде медицина саласы заман көшімен ілесіп, барынша қарқын алуда. Нәтижесінде түрлі аурулар білікті дәрігер мен озық технологияның алдында тізе бүгіп, жеңіліс тауып жатыр. Десе де кей дерттерді емдеуде мықты дәрігер мен дауалы емші-балгерлер де қауқарсыз екен.
Мәселен, рецессивті генге байланысты тұқым қуалайтын белгінің бір түрі – «альбинизм» деп аталады. Яғни ген гомозигота кезінде меланин, хлорофилл пигменттері синтезін тежеп, ағзаның толық әрі дұрыс дамуына кедергі келтіреді. Соның салдарынан тіршілікте альбиностар пайда болады.
Бұл дертке көп жағдайда тумысынан, яғни, жатырда жатқанында-ақ ағзасында меланин пигменті тым аз немесе мүлде жоқ адамдар шалдығады. Ондай адамдарды сіз бен біз көшеден көрген де шығармыз. Себебі альбиностар әлемнің барлық елінде бар. Соның бірі Орал қаласында тұрады.
Оралдық үш жасар альбинос қыздың есімі – Дильназ.
«Дильназ біздің тұңғыш перзентіміз. Оның осылай ерекше кейіпте дүниеге келуі өзімізге де, туыстарымызға да тосын жайт болды. Терісі, шашы мен кірпігі аппақ, көзі көк, кейде жасыл, сары, ақ түске дейін күніне бірнеше рет өзгеретін сәбиіміз үшін қатты алаңдадық. Оның денсаулығын тексертіп, дәрігер альбинизмнің тек көру қабілеті мен терісінің өзгеруіне ғана әсер еткенін айтқанда уайымымыз едәуір сейілді.
Дильназ өте бауырмал, сезімтал, көпшіл болып өсіп келеді. Өнерді де өте жақсы көреді. Ән айтады, би билейді. Ұялы телефоннан немесе теледидардан өзі секілді ұл-қыздардың қылықтарын байқап қалса, соны қайталап отырады. Маған да қолғабыс етуді жаны сүйеді. Ас-ауқат әзірлеп, үй тазалап жүрсем де жанымнан қалмайды. Перзентім қамырдан дайындалатын тағамдарды сүйсініп жейді.
Көшеге серуендеуге шықсақ немесе қонаққа барғанда, оған тосырқай қарайтындар өте көп. Альбинос деп білетіндер, түсіністік танытып қызымызға жақсы тілектер де айтып жатады», – дейді анасы Алмагүл Өтеуова.
Дильназдың терісіне жазғы уақытта ерекше күтім керек екен. Ыстықта күн көзіне көп шықса терісі қызарып, зақымданады. Ал жанарын қорғау үшін көзіне үнемі қою немесе қара түсті көзілдірік киіп жүруді ата-анасы назардан тыс қалдырмайды.
Міне, Батыс Қазақстандағы қарапайым қазақ отбасында осындай ерекше бала өсіп келеді.
Біз сұрастыру барысында Оңтүстік өңірінде де альбинос баланың бар екенін білдік. Анасымен байланысқанымызда, ұлының ер жетіп қалғанын айтып, бұл жағдайдың жария болмағанын қалады. Бірақ мектеп жасындағы балақай өз қатарластарымен бірдей білім алып, қоғамнан шеттетілмей өмір сүріп келеді екен.
Жалпы дәрігерлер Қазақстанда альбинизмнің миллион адамда бір рет қана қайталанатынын айтады.
Әлемнің бірқатар елінде альбинизмге шалдыққан адамдар бала кездерінде келеке-мазаққа, ал мектеп қабырғасында күйзеліске түсетін көрінеді. Соған қарамастан, олардың арасында жұмысқа орналасатыны, махаббатын тауып, шаңырақ көтеретіндері баршылық.
Қалай десек те, қазақ әуелден ақ түсті жақсы көріп, оны тек жақсылықтарға балаған. Ал ақ тері мен аппақ шаш адам баласына әлдебір тылсым мен таңғажайыптан хабар беріп тұрғандай көрінеді.
Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ