Бас дәрігер Дамир Дәулетбаев туралы үзік сыр
Біз өзі журналистика саласында жүргендіктен көптеген адамдармен араласамыз. Дәрігерлік, заңгерлік, кәсіпкерлік, білім беру салаларының басшыларымен сұхбаттас боламыз. Сонда небір басшы, директор, президенттермен әңгіме дүкен құрған кезде әр адамның бойында көзге көрінбейтін энергия болатынын сеземіз. Кейде бір басшылармен сөйлессең, оның кабинетінен көңілсіз, ұнжырғаң түсіп, ол сенің бойыңдағы бүкіл энергияңды суырып алғандай солыңқы шығасың. Кейде керісінше, бір бастықтармен сұхбат жүргізіп, оның кабинетінен шыққан кезде жаның жадырап, рахатқа бөленіп, өмірге деген құштарлығың артады. Бұл өмірде адамгершілікті, адалдықты, тектілікті, кішіпейілділікті, ар-намысты өзінің бойында ту етіп ұстайтын жігіттер бар екен ғой деп іштей қуанып қаласың. Жақсы адамдар да күн секілді адамдарға жан жылуын бөліп, айналасын жарқыратып жүретін секілді. Сондай жанның бірі - асылдың сынығы, тектінің тұяғы, Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Дамир Дәулетбаев. Біз бүгінгі тақырыпты медицина ғылымының докторы, ең бастысы, халықтың алғысына бөленіп жүрген Дамир Абайділдаұлы туралы сөз қозғағанды жөн көрдік.
Тектінің тұяғы - асылдың сынығы
Қазақта "тектінің тұяғы", "асылдың сынығы" деген ұғым бар. Ол әдетте ұлағатты өмір сүрген адамның ұрпағына қарап айтылады. Оған былайғы жұрт сол асыл бейненің көзі ғой деп құрметпен қарайды. Дамир аға – өндіріс генералы атанған, есімі тек Қызылордаға ғана емес, күллі Алаш жұртына, қала берді бүкіл Одаққа танымал Абайділда Дәулетбаевтың ұлы. Абайділда Сыздықұлы кезінде атағы дүркіреп шыққан "Қызылордарисмаш" зауытының басшысы болған. Міне, ол осы ірі ауқымдағы үлкен өндірісті нөлден бастап, аяғынан тік тұрғызған білікті басшы. Ол тек зауытты ғана емес, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын да көтеруге атсалысты. 500 пәтерлі тұрғын үй, балабақша т.б. әлеуметтік нысандар салды. Зауыттағы осындай ізгілікті шаруаға Дінмұхаммед Қонаев, 1985 жылы Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та келіп, куә болған. Қырық жылдан астам еңбек жолының отыз жылын басшылық қызметте өткізген ол, кезеңінде 11 дүркін қалалық кеңестің, үш мәрте облыстық кеңестің депутаты болып сайланған. Төрт өнертапқыштық куәліктерін иеленіп, елімізде машина жасау саласының негізін қалап, отандық өндірістің дамуына орасан зор үлес қосқан. "Құрмет белгісі" орденімен, бірнеше медальдармен, мақтау қағаздармен марапатталған. Ең бастысы ол тамаша инженер, өндірістің майталман жетекшісі, абзал азамат ретінде ел есінде қалды, халқы солай қадірледі. Осындай ұлағатты әкенің тәлімін көрген Дамир аға бүгінде тегіне кір келтірмей, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Білікті дәрігер, текті жердің тұлпар ұлы Дамир ағаны былайғы жұрт жақсы біледі десек, артық айтқандық емес. Бүгінде қала тұрғындары мен республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп халық ем қабылдайтын ірі медициналық мекемелердің бірі Алматы қалалық №1 клиникалық ауруханасын басқаратын Дәкеңді ел "алғыс арқалаған азамат" деп құрметтейді. Өйткені талай сырқаттың сауығуына себепші болған басшы-дәрігер күллі саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан.
Сыр елінде дүниеге келген Дамир Абайділдаұлы 1981 жылы Ақтөбе мемлекеттік институтына түсіп, дәрігер-педиатр мамандығын алып шығады. Кейін оқуды бітірісімен елге оралып, Қызылорда облыстық ауруханасында балалар хирургиясы бойынша интернатурадан өтеді. Анестезиология және реаниматология бөлімінде реаниматолог-анестезиолог дәрігер әрі облыстық ауруханада 0,5 жүктемемен хирург болып жұмыс атқарады. Ысылып, майталман маманға айналады. Бұдан кейін білімді азаматтың алдында алар асулары мен бағындырар биіктері қол бұлғайды. Қызылорда облыстық ауруханасында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болады. Арада біраз уақыт өткен соң, А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталықтың күндізгі бөлім докторантурасында өңеш, асқазан және көкірек аралық хирургия бөлімінде оқиды. Білімі мен білігі толысқан әрі ұйымдастыру қабілеті ерекше дәрігерді енді аса жауапты қызметтерге шақырады. Осылайша ол Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады. Одан кейін Қызылорда облыстық медицина орталығының директоры болып қызмет атқарады. 2006 жылы А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталығының өңеш, асқазан және көкірек аралық хирургия бөлімінде бас ғылыми қызметкер болады. Қазақстан Медицина университетінде де ғылыми кеңесші болып қызмет атқарған. Кейін 2008 жылдың қыркүйек айында Алматы медицина колледжінің директоры қызметіне тағайындалады. Осылайша ол медицина саласына арналған мамандарды дайындап, жастарды тәрбиелеу ісіне ерекше үлес қосады. Бүгінде медицина ғылымының докторы Дамир Дәулетбаев 9 өнертапқыштық, 1 монография, 5 оқулық, 72 басылымдық жұмыстың авторы. Оның жетекшілігімен төрт кандидаттық диссертация қорғалған. Дамир Абайділдаұлының ғылыми бағыты - "Жараның орналасуына қарай асқазанның шырышты қабатының клинико-морфологиялық өзгерістері" тақырыбында кандидаттық диссертация, сондай-ақ "Гастро-эзофагеалдық рефлекстік аурудың диагностикасы мен хирургиялық емі" тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Байқап отырғаныңыздай, білікті дәрігердің таңдап алған бағыты да осал емес. Сонымен бірге ол Мәскеуде, Ленинградта, Жапонияда, Германияда, Швейцария және Кореяда болып, мамандығын жетілдірген, білімін шыңдаған. Тіпті 2003-2007 жылдары Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты болып сайланып, әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болған.
Қарызға белшесінен батқан аурухананы аяғынан тік тұрғызды
Айта кетейік, Дамир Дәулетбаев №1 қалалық клиникалық ауруханаға алғаш басшылық қызметке келген кезде бұл емдеу орнының шаруасы ақсап, қарызға батып, тұралап қалған болатын. Тәжірибелі басшы, білікті ұйымдастырушы бұл істі ұршықша иіріп әкеткен. Аурухананың 300 миллионға жуық қарызын небәрі 1,5 жылдың ішінде жауып тастаған. Сондықтан да әріптестері: -Дәулетбаев шаруасы шатқаяқтап қалған ауруханалардың «жедел жәрдемі», «құтқарушысы», - деп әзілдейді. Ол тек аурухананың жұмысын жолға қойып қана қоймай, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жасауға да баса көңіл бөліп келеді. Қосымша қаржы көздерін қарастырып, үнемшілдік жасап, медицина қызметкерлерінің жалақы, сыйақыларын өсірген. 2012 жылы жалпы жалақының көлемі 682 миллион теңгені құраса, 2014 жылы оның көлемі 735 миллионға жеткен. Демек жалақыны 53 миллионға арттырған. Осылайша ол қол астындағы қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын да көтеруге атсалысып келеді.
Дамир Дәулетбаев басқаратын Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухана бүгінде қызмет көрсету сапасы жағынан алдыңғы медициналық мекемелердің біріне айналды. Ауруханаға шетелден неше түрлі жоғары технологиялық емдеу-диагностикалық қондырғылар алып келінген. Науқастарға лазерлік емдеу, бейне бақылау хирургиясы (вилеохирургия) бойынша небір оталар жасалып, көңіл қуантарлық нәтиже беруде. Жас білікті кадрлер білімін жетілдіру үшін Франция, Германия, Мәскеуге барып, тәжірибе алмасуда. Тіпті Мәскеу, Германия, Англиядан профессор мамандар келіп, шеберлік сыныбын өткізген, жас мамандарға медицинаның қыр-сырын үйреткен. Айта кетейік, бұл аураханада аллергия, өкпе, жүрек, жүйке жүйелері сынды ішкі ағза ауруларын емдейтін 10-ға жуық бөлімше жұмыс істейді. Мұнда жылына 20 мыңға жуық адам тегін ем қабылдайды. Дертке дауа боларлық жетістіктері жетерлік.
Дамир аға өз ісінің үздігі ғана емес, керемет ұйымдастырушы да. Осы ауруханада жүріп-ақ бірнеше шәкірт тәрбиелеген, өзіндік мектебін қалыптастырып үлгерген Дамир Абайділдаұлына әріптестері "бүгінгі заманның жаңа тұрпаттағы жоғары дәрежелі дәрігері" деген баға беріп отыр.
Науқастар дәрігерлерге дән риза
Анамызды емдету үшін аталмыш ауруханаға әкелгенімізде байқағанымыз, ұжым да бір атаның баласындай тату, ынтымақта әрекет етіп отырғанына көз жеткіздік. Қаншама жүре алмай, әлсіреп келген науқастар осында келген соң небәрі екі-үш күннің ішінде аураларынан сәл де болса тыйылып, ақырындап жақсарып жатқанын көрдік. "Қалқамандағы Дамир Дәулетбаев басқаратын №1 қалалық клиникалық аурухананың кардиологиялық бөлімінде емделіп шықтым. Бөлім дәрігерлерінің науқастарға деген қамқорлықтары, көрсеткен медициналық көмектері көңілімнен шықты. Бас дәрігер Дамир Дәулетбаев бөлімдерді жиі аралап, емделушілердің әрқайсысымен жеке әңгімелесіп, қал-жағдайларын біліп, қосымша ем қажет болып жатса, дереу емдеуші дәрігерге тапсырма беріп кетеді. Өзі мың болғыр, өте қарапайым, кішіпейіл жан екен. Қызметкерлері де бас дәрігеріне тартса керек, шетінен кішіпейіл, мейірімді. Бас дәрігерден бастап барлық медицина қызметкерлері үнемі науқастардың алғысына бөленіп жүреді. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" деген бар ғой, мен оншақты күн бойы қас-қабағымызға қарап, сауығып кетуімізге көмектері тиген бас дәрігерден бастап, барлық қызметкерлерге айтар алғысым шексіз", - дейді Аққайша Баймәдиева апамыз.
Айта кетейік, аталмыш аурухананың пульмонология бөлімінде жатқан науқастар да бұл мекеменің ем-шара жүргізу істеріне дән риза. Сырқаттанған анамызды әкелгенде байқағанымыз, мұнда қаншама сырқат жандар түсіп, қаншасы сырқаттарына шипа тауып, көз алдымызда шығып жатқанын көрдік. "Негізі ол мекемеден сауығып ем алып қайтқан адамдар ең алдымен Дамирдей асыл азаматты тапқан алтын құрсақты анасына алғыс айтуымыз керек. Мұнда кәрі де, жас та емделіп, дертіне шипа тауып жатыр. Осындай біліктілігі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары бас дәрігерге Жаратқан иеміз дем берсе екен, бала-шағасының рахатын көрсе екен деп тілейміз", - дейді емделуші Ұлболсын Құдабаева.
Ел саулығына ерекше үлес қосып келе жатқан Дәкеңнің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Медицина ғылымының докторы, білікті басшы Дамир Абайділдаұлы "Алтын дәрігер" медаліне ие болған. Бұл - осы саладағы жоғары білікті, кәсіби шеберлігін танытқан, жемісті еңбек етіп жүрген дәрігерлерге берілетін марапат. Сонымен қатар ол Денсаулық сақтау саласына қосқан сүбелі үлесі үшін "ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл", "ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл" медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің "ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі" белгісіне ие болған. Бұйырса, ол кісі әлі талай атақ-дәрежелерге қол жеткізетіні сөзсіз. "Ең бастысы, халықтың алғысына ие болсақ, соның өзі мен үшін үлкен марапат", - дейді ол. Иә, қандай атаққа ие болса да, ең бастысы халықтың берген батасы мен алғысына жетпейтіні шындық. Ол кісі халық ризалығын алып отыр. Халық алғысына бөленген жан бақытты болатыны сөзсіз.
Сөзімізді түйіндесек, тіршілікте бірде-бір өсімдік тамырсыз өспейді, өркен жаймайды. Сол секілді адам баласы да ата-бабаларынан көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Осы ретте тегі мықты адамның ұрпағы болу бұл өмірде аса жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Өйткені әке атына, абырой-беделіне кір келтірмеу - міндет. Алайда бұралаңы көп мынадай жалған өмірде ана сүтімен, әке қанымен келген тазалықты сақтап қалу, біле-білген адамға мұның өзі үлкен ерлік. Ең бастысы, Дамир аға тектілігіне дақ түсірмей, халық игілігіне бөленіп келеді. Жампоз әрі ізденгіш, абырой-беделі үлкен дәрігердің бақыты да, мұраты да осы болса керек. Ләйім, солай жалғаса берсін!