Украинадағы жаңа биліктің тізгіні қай партияның қолына тиеді?

Украинадағы жаңа биліктің тізгіні қай партияның қолына тиеді?

Жалпы, мамандар Украина халқының саяси белсенділігін өте жоғары бағалайды. Енді ше?.. 2013 жылдың 8 ақпандағы мәлімет бойынша мұнда 200 партия тіркеуден өткен екен. Оның сыртында түрлі қоғамдық-саяси қозғалыстар мен бірлестіктер тағы бар. Осының оншақтысы 2007 жылғы сайлауда Жоғары Рададан орын алған. Әрине, әр партияның өзіндік рөлі бар, бірақ саяси бәсекелестікте мұнда екі төбе ерекше бой көрсетеді: солшылар мен оңшылдар. Осы қос тараптың бақталастығы Украина үшін бүгінгі сындарлы сәтте елді екіге жарып тыну қаупі бар. Сондықтан «Алаш айнасы» басылымы Украинадағы саяси партияларды сөз еткенде электоратын үйіріп, оларды мемлекеттік деңгейдегі мәселелерге дейін араластыра алғандарына ерекше тоқталуды жөн көріп отыр...
Украинадағы партиялар саяси белсенділігінің арқасында қоғамның жариялылыққа деген құштарлығын оятушы күшке айнала алды деп айтуға болады. Сайлау кезеңінде саяси тартысқа түскен партиялардың көптігі де мұндағы бәсекені жоғары шегіне жеткізе түскен. Бұл арада партиялық жүйенің ерекшелігі электорат алаңын оңшылдар мен солшылдар деп екіге бөледі. Әрі әр тараптың өз саяси партия көшбасшысы және партия серігі болады. Сондай-ақ идологиялық таңдау әрқилылығына қарай бір-бірімен тығыз қарым-қатынастағы екі блокты ерекше атай кету керек.

Идеологиялық қақтығыс: украиндықтар мен орысшылдар
Оның біріншісін «украиндық», ал екіншісін советтік дегеннен гөрі «орысшылдар» деген дұрыс сияқты. Украинадағы бір-біріне дес бермей тұрған бұл қос идеологияның ерекшелігін мамандар былайша сипаттайды:

Аталған екі блок қаншалықты бір-біріне қарама-қайшы болғанымен, сонымен қатар, бір қызығы, оларды жақындарастыратын нәрселер де бар. Мәселен, екеуі де мемлекетшіл. Біріншісі украиндықтар болғандықтан, Украинаның мемлекеттілігін сөзсіз жақтайды, екінші – «орысшылдар» Украина билігін КСРО-дан «этатизмді» мұра еткені үшін жақсы көреді. Бұл арада этатизм мемлекеттің экономикаға етене араласуын танытатынын баса айта кетелік. «Елдің маңызды өнеркәсіп салаларын мемлекеттік қолдау» ұранын екі тараптың да қолынан көруге болады. Сол секілді адам құқығын қорғау мәселесі де өте жоғары қолдауға ие. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, заңсыз амал-тәсілдерге қарсылық сынды күресте екі блок бір-бірімен бас түйістіреді. Бірақ шешіміне келгенде олар қайтадан өз позицияларына қарай ажырап кетеді.
Негізінен, тәуелсіздік алғаннан бері қарай Украина ешқандай саяси-әскери блокқа кірген емес, қандай да бір экономикалық бірлестікке де арқа сүйемеген. Бірақ ешкімге жүк артпаймын дегеніне сай Украина аяғына тік тұрып кете алмады. Керісінше, сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батып, Батыс пен Ресейдің ортасында бәс сауда ұйымдастырған Киев билігіндегілер мемлекет қазынасын әбден талан-таражға салған. Сондықтан соңғы кездері Украина халқы қиын жағдайға: саяси партиялармен ұсынылған позицияның әйтеуір бір жағына шығу керектігі таңдауына кеп тірелген. Бірақ осы таңдау Украина халқын екіге жарып, бір-бірін араздастырып тұрған жайы бар. Арада тұтанған осы от кеше Киевтің қақ ортасында «Еуромайдан» боп жалындаса, бүгін Қырымда «орыстілділер мүддесі» сипатында лапылдап тұр, енді екі жақтан тұтанған от қосылып, бүкіл Украинаны жайлау қаупі күннен күнге үдеп барады.

Еуромайданшылдар деген кімдер?


Кейбір дерек көздері Еуромайдан қолдан ұйымдастырылды, бұл мемлекеттік төңкерісті жасаушылар деген мәліметтер келтіреді. Алайда сан мыңды, әсіресе көзі ашық, саяси ұстанымы берік адамдарды көшеге алып шығу оңай жұмыс емес екенін мойындау керек. Қалай дегенмен де бұл арада Украина халқының қыжылы бары анық. Оны жоққа шығаруға еш болмайды. Сол секілді бұл арадағы таңдау бүгін туындаған жоқ. Ол Украина тәуелсіздік ала салысымен пайда болған мәселе. Бірақ таңдауға Украина халқы сабырмен келді. Енді шешуші сәт туындап тұр. Өйткені ел экономикасы дефолтты жағдайда. Осыны дұрыс түсінуіміз керек.
Еуромайданшылар дегеніміз Украина халқының тең жартысы. Еуропалық одаққа қосылып, жағдайымызды еуропалық стандарттармен түзесек дейтіндер. Екі айға созылған Киев алаңындағы шеруде «Оңшыл сектор» үлкен рөл атқарды. Ақыры олар Януковичті биліктен кетіріп тынды. Оларды ресейлік басылымдар, сол секілді «орысшыл» бағыттағылар «бандершілер» немесе әсіресе ұлтшылдар деп атайды. Неге?.. Оған саяси негіз жоқ та емес.
Еуропалық одақ қауымдастығына ену процесін тоқтатқан билік пен оған қарсы шыққан наразы топ арасына опппозция өкілдері делдалдық еткен еді. Олар бір мүддеге тізе қосқан үштік: «Батькивщина» (Арсений Яценюк), «Свобода» (Олег Тягнибок) және «УДАР» (Виталий Кличко). Бір мүддеге бір кезеңде бас қосқандары болмаса, бұлардың да позициясы саяси алаңда бір-бірінен алшақтап кете барады. Бұл туралы кейінірек. Мұндағы «Свобода» саяси партиясына және «Оңшыл сектор» қоғамдық қозғалысына кеңірек тоқтала кеткен жөн. Өйткені осылар Аймақтар партиясынан (Януковичтің, билік партиясы) кейін соңғы кездері Украинаның бүкілмасштабты қолдауына ие саяси күш боп тұр.

«Свобода» партиясы нені күйттейді?


Жоғары Раданың соңғы сайлауында әлеуметтенушылардың ешқайсысы «Свобода» партиясын көзге ілмеген. Бірақ ол күтпеген жерден «Батькивщина» және «УДАР» сынды оппозциялық партиялармен иық тірестіріп, солардың деңгейінде Парламент қатарына өтеді. Өйткені оған Украинаның батысындағы үш облыс бүтіндей оң дауыс береді: Львов, Тернопольская және Ивано-Франковская. Сонымен қатар шетелде жұмыс істейтін, бірақ азаматтығы украиндықтар да осы партияны жақтаған. Киев, Хмельницкі мен елдің батыс өңіріндегі Ровенскі және Волынскі аумақтарының жартысынан көбісі «Свободаны» қолдаған. Бір сөзбен айтқанда, «Свобода» партиясы 12 мажоритарлық округте жеңіске жетіп, негізінен елдің батысындағы облыстардың, Киев пен Полтаваның қолдауымен Жоғары Радаға 37 депутатын енгізген.
1991 жылы негізі қаланған бұл партия ол кезде Украинаның социал-ұлттық партиясы деген атауға ие болған. 2004 жылы партияның атауы «Свобода» боп өзгертіледі. Көшбасшысы – Олег Тягнибок. Электорат өсімі 2010 жылдан басталады. Осы жылы президенттік сайлауда Олег Тягнибок Виктор Ющенко мен Юлия Тимошенкодан көңілі қалған халықтың назарына ілігеді. Себебі партия тұжырымдамасы ұлт ретінде жаншылып келген халықтың көңіліне демеу болады.

Партия тұжырымдамасы:
Ресей империясы қол астында үш ғасыр бодандықта болуымыз, ХХ ғасырдағы 20,5 млн адамның өмірін жалмаған украин халқын жаппай қырғынға ұшырауы, Украина әскерінің басқыншылыққа қарсы тұруы сынды тарихи оқиға кез келген украиндықтың жадынан өшпеуі қажет. Дұрыс украиндық өз ана тілінде сөйлеуі тиіс. Дұрыс украиндық қолдан жасалған ашаршылықты геноцид деп қабылдап, оны ұйымдастырушыны қылмыстық жазаға тартуды талап етуі керек. БАҚ тілінде украин тілінің үлесі 78 пайыздан кем болмауы шарт. 2012 жылы қабылданған Тілдер туралы заң күшін жойып, украин тілін қорғайтын заң қабылдануы керек. Барлық мектепте мемлекеттік тілде сабақ оқытылуы тиіс. Тек жексенбілік мектерде азшыл топ өкілдерінің тілі қолданылсын.
Сондай-ақ «Свобода» партиясы Коммунистік партияға тыйым салынғанын қалайды. Бұл шара елді «Мәскеу агенттерінен», сыбайлас жемқорлардан тазалайды деп айтылады. Ал биліктегі олардың орнына ұлттық рухтағы білімді жастарды отырғызуды, шетелге жұмыс іздеп кеткен мықты мамандарды алдыруды ұсынылады.
Ал сыртқы саясатта партия Украинаның ядролық мәртебесін жаңғыртуды талап етеді. ТМД секілді ресейлік ұйымнан шығу қажеттігін насихаттайды. Украина Еуропаның геосаяси орталығы болуы керек деген партия тұжырымдамасында Еуропалық одақ туралы мүлде ештеңе айтылмайды. Олар ел өңірлерінде ұлт-азаттық көтеріліс көшбасшысы Степан Бандерге ескерткіш орнатқан.
Осы жағынан алғанда, бұл партияны неофашистік деп атайды. Алайда Ресей көзқарасында Степан Бандер фашист боп танылғанымен, оны мұндағы жұртшылық Сталинге де, Гитлерге де бағынбаған нағыз ұлт көсемі деп біледі. Демек, бұл партияны жақтаушылар Ресейге де, Батысқа да жалтақтағысы келмейді, бүтін ел тәуелсіздігіне қатты алаңдайды.
Партияны қаржыландыруы жағына қатысты да екіжақты көзқарас бар. Бірі – шын оппозицияға жік түсіру үшін Ресейдің ақшасымен қаржыландырылған партия деп есептесе, тағы бірі қаражат Батыстан келіп жатыр деп ойлайды. Қалай дегенмен де бұл Аймақтар партиясынан кейін Укаринаның барлық аймағында өкілдігін аша алған бірден бір партия боп табылады. Әрине, бұл қомақты қаражатты қажет ететін дүние екендігі белгілі.

Еуромайданды қыздырған «Оңшыл сектор» ұлтшыл жастар ма?


2013 жылдың соңына қарай басталған Еуромайдан шеруінде аса белсенділік танытқан, негізгі наразы күш ретінде көзге түскен «Оңшыл сектор» (ОС) көшбасшысы жоқ, мүшелер тізімі жасалмаған, ресми танылмаған автономды ұйым боп табылады. Олардың арнайы сайты бар, жергілікті казактар да бұл ұйымды қолдайды. ОС елдің ішкі жағдайына Ресейдің араласуына қарсы, Украинаның Кеден одағына, сонымен қатар Еуропалық одаққа енуін де қаламайды. Дегенмен олар Украинаны Батыстың бір бөлігі деп біледі. Сонымен қатар олар Киев жұртшылығына жат емес. Бұған дейін Киевтің стадионында футбол жанкүйерлері ретінде төбе көрсетіп жүрген. «Бүркіт» жасағына және тағы басқасына тойтарыс бере алған ұлттық идеяны құптайтын топ. Сондықтан олар тәртіпсіздікті тудырушылар деп те аталады.
Оңшыл сектор саяси партияларды елдің саяси өміріне белсенді араласып, үлес қосып жатыр деп санамайды. Керісінше, олардың жанында өз күштерін мықты деп біледі. Сондықтан биліктің қолындағы «қуыршақ» деп ойлайтын оппозиция өкілдеріне олар шеру кезінде кей кездері бағынбаған.
Бұл сектор Социал-ұлттық ассамблеясы мен С.Бандер атындағы «Тризуб» ұйымының шиелінісі барысында туындаған. Оның құрамына С.Бандер атындағы «Тризуб» ұйымы (көшбасшылары - А.Тарасенко, Д.Ярош,  А.Стемпицкий.), «Белый молот» (командир А.Вахний), «Полтова» және «Морозно» отрядтары (командир О. Шумков), Украина патриоттары енеді.
С.Бандер атындағы «Тризуб» ұйымы 20 жыл бұрын Украина халқын азат ету ұйымының соңғы жетекшісі, эмиграциядағы пан Слава Стецькомен құрылған. Украина патриоттары Украина социал-ұлттық партиясынан (бүгінгі «Свобода») бастау алады. Бұл ұйымдардың мүшелері қару-жарақпен қамсыздандырылған. Украина патриоттары Украинаның шығыс және оңтүстік бөлігінде (Харьков, Одесса, Запорожье және т.б.) кеңінен қанат жайған. «Тризуб» ұйымының көптеген желісі елдің батысында орналасқан. Оның барлығы Ресей империясы ықпалы бар жерде ұлттық төңкеріс керек деп санайды. Мүшелері 30 бен 60 жас аралығындағылар. «Белый молоттағылар» негізінен жастар: 18-25 шамасында.
Міне, келтірілген деректерге сүйенсек, «Свобода» партиясы мен «Оңшыл сектор» ұйымының серіктес екенін аңғаруға болады.
Еуромайданнан соң...
Украинаның жаңа билігі ең алдымен орыс тілін мемлекеттік мәртебеден айырды, енді ТМД құрамынан шығу мәселесін көтеріп жатыр. Сонымен қатар Еуропалық одаққа енуді де жылдамдатып бағуда. Осы іс-қимылдан сөз еткен Украина партиясы мен қозғалыстарының талабы ақырындап орындалып жатқанын аңғаруға болады. Жалпы, қазіргі жаңа билікте оппозициялық үштіктің басы қосылып тұр. Дегенмен «Батькивщина» мен «УДАР» «Свобода» партиясынан бойын аулақ ұстағысы келеді. Өйткені бұл партияның дөрекі іс-қимылы мен әсіре идеологиясы олардың көңілдерінен шықпайды. Алайда күш осы партия қолында болғанын ескерген олар әзірге наразылықтарын үнсіздікпен тұншықтырып тұр. Бірақ мұны таза жеңіс деп айтуға әлі ерте. Өйткені енді солшылар мықтап әрекетке кіріскен. Қырымды Украинадан бөлектеп алған «орысшылдар» таяуда референдум өткізді. Олар Украинаның жаңа билігін мойындамайтынын мәлімдеп, Ресей құрамына өтетіндігін айтқан. Әскери бөлімдерін басып алған 20 шақты қаланы өзімен алып кетпек ниеттерін де білдірген. Жоғары Радада аяусыз қарсылыққа ұшырап, түрлі қоқан-лоқы көріп, биліктен аластатылған Аймақтар партиясы өкілдері осы жаққа қарай ақырындап ығыса бастаған. Наурыздың ортасында олар Қырымда өз съезін өткізбекші екен. Украинаның тең жартысының қолдауына ие Аймақтар партиясы (185) мен Коммунистер партиясының (32) депутаттары бұған дейін Жоғары Радада шешуші дауысқа ие болған. Бүгіндері оның көбісі шет ел асып кеткен. Ал бары билік үшін күресуге қам жасап жатыр. Осы партияның көшбасшысы әрі президент Виктор Янукович «ойыннан» әлі шықпағанын білдіріп, ғаламторда қаулысын жариялап, партияластарын Қырымдағы съезге шақырған. Бұл партияның болашақ рөлі әзірге бұлыңғыр. Себебі Украинаның бір бөлігі Ресейге қосылса, ол электоратқа Аймақтар партиясының қажеті болмай қалатындығы белгілі. Осы жағынан алғанда, аталған партия күйреу алдында тұрған секілді...
Еске сала кетелік, 2007 жылғы соңғы сайлауда Жоғары Раданың құрамына Аймақтар партиясынан – 185, «Батькивщина» – 101, «УДАР»  –  40, «Свобода»  37, Коммунистік партиясы – 32, басқа партиялардан – 7, өз-өзін сайлауға ұсынғандардан 43 депутат өткен.
Ресми емес дерек көздері мәліметі бойынша, 2007 жылғы сайлау алды науқанда саяси партиялар мен депутаттар шығыны 2,5 млрд долларды құраған.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста