Украинадағы саяси тұрақсыздық астық бағасына әсер етті
Осы аптаның бас шенінен бастап Чикаго тауар биржасында (АҚШ) бидай бағасы өсе бастады, яғни 1,9 пайызға көтерілді. Бұл жағдай бүкіл әлем сарапшыларын алаңдатпай қоймады. «Алаш айнасы» өз кезегінде осы мәселені бір шолып өтуді жөн санады.
«Сөз жоқ, астық бағасының өсуіне Украинадағы саяси дағдарыс әсер етті. Украина соңғы жылдары астық нарығының алпауыты саналып келген. Әлемдік қауымдастықты Украинадағы астық өнімі мен экспортының және оның логистикасының ойландыру қисынды», - дейді Intellectual Capital сарапшысы Роман Айбятов.
Негізі дүниежүзіндегі қуаңшылықтың салдарынан 2012-2013 маркетинг жылдардағы әлемдік бидай өндіру көлемі 657 млн. тоннаға дейін төмендеген болатын. Соның нәтижесінде 2012 жылдың жаз айларында Чикаго тауар биржасында астықтың бір тоннасы 21 АҚШ долларға дейін, Парижде 33 АҚШ долларына дейін көтеріліп, қыркүйектің бірінші онкүндігінде сәйкесінше 319 және 337 АҚШ долларын құрағанын білеміз.
Сонымен астық осы аптада азды-көпті қымбаттады. Бұл үдеріс әлі де жалғаса бере ме?
Бұл сауалымызға «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасының басқарушы директоры Сержан Мәдиев былай дейді:
-Астық бағасының өсуі әбден мүмкін. Себебі, Украина әлемдік нарықтағы ролі күшті экспорттаушы ел. Егер олар астық өндіруді тоқтатса, әлемдік астық көлемі айтарлықтай кеміп, сатушылардың оңтайлы сәтті пайдаланып қалатыны сөзсіз. Әрине ол бір жағы Қазақстанға тиімді. Алайда, астық қымбаттаса, соңын ала бидай өнімдерінің бағасы көтеріледі. Ал бұл қарапайым халыққа қиындық туғызатыны анық.
Әлемдік астық нарығы екі бағытта дамиды, яғни астық өндіріп, оны сатып, пайда табушы және өндірілген астықты өз қаржыларын жұмсай отырып, сатып алып, сол арқылы өз халқының астық жөніндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін елдер болып екіге бөлінеді. Қазақстанның осы екі топтың біріншісіне жататынын барша біледі.
Жалпы, әлем сарапшылары біздің елдің әлеуеті артып, алғашқы бестік ішінен берік табан тіреуге толық мүмкіндігі зор деп санайтын. Былайша айтқанда, астық жөніндегі халықаралық сарапшылары әлемдегі халық саны жылдан-жылға артып келе жатқындығын алға тартып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайы қиындай түсетін мына алмағайып заманда әлемдік астық рыногына сатушы ретінде кейіннен қосылған Ресей, Украина және Қазақстан болашағынан үлкен үміт күткен-ді.
Қазір бүкіл әлем халықтарының назары Украинада. Егер бүгінгі күні болашағы бұлыңғыр болып отырған бұл елдің астық нарығына қатысты айтсақ, олар биылғы жылы астық экспортын 23 млн тоннаға жеткізуді жоспарлаған болатын. Украинаның аграрлық саясат және азық-түлік министрі Николай Присяжнюк: «2012-2013 маркетингтік жыл біз үшін қалыпты өтеді және тұтастай алғанда, экспорт 23 млн тоннаны құрайды деген болжам жасап отырмыз. Қазіргі таңда аграрийлер сыртқы нарыққа 18 млн тонна астық сатып үлгерді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5 млн тоннаға артық» деген болатын ол ел екіге бөлінбей тұрғанда.
Айта кетейік, 2012 жылдың қорытындысы бойынша Украина әлемде астық өндіруден 10 орын алған еді.
Сөз болып отырған үш ел яғни, Қазақстан, Ресей және Украина «Астық одағын» құру арқылы астықтың әлемдік нарығына өз үстемдігін жүргізбекке күш салған еді, ақыры түрлі себептермен астық одағы құрылмай қалды. Бұл туралы Копенгаген университетінің аграрлық экономика саласындағы сарапшысы Могенс Лунд мынандай пікір білдірген еді сонда:
-Астық пулын құру арқылы Украина, Ресей мен Қазақстан 5-8 жыл ішінде ірі астық экспортеріне айналып, АҚШ-қа үлкен бәсекелестік тудыра алатын жағдайға жетеді. Экспорттық саясат саласындағы келісілген бағыт бойынша олар өз үстемдігін жыл сайын нығайта түседі. Соның негізінде баға бәсекелестігін төмендетіп, астықтың экспорттық бағасын тұрақтандырады.
Ал «Еуропа қайта құру және даму банкінің» (ЕҚДБ) сарапшылары «әлемдік азық-түлік нарығы Ресейге, Қазақстанға және Украинаға тәуелді болуы әбден мүмкін» деген қорытынды жасаған-ды. «ЕҚДБ 2022 жылға дейінгі әлемдегі агробизнестің дамуын жариялады. Құжатқа сәйкес, Ресей, Қазақстан және Украина өзінің әлемдегі ықпалын күшейтуде. Сарапшылардың бағалуынша, Украина жақын арада астық экспорты бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орынды алуға барлық мүмкіндігі бар. Ресей мен Қазақстан да өз әлеуеттерін күшейтіп отыр» деген пікір айтты кейбір сарапшылар.
Алайда, мамандардың болжамы орындала ма, жоқ па, ол жағы енді белгісіз. «Украинадағы жағдай әлемдік астық нарығына қалай әсер етеді?» деген сауалымызға оптимистік көзқарас білдірген маман да болды.
Тоқтар Есіркепов, экономика ғылымдарының докторы:
-Қазақстан, Ресей, Украина дүние жүзіндегі бидай өндіруші елдердің алдыңғы қатарында тұр. Ғалымдардың есебінше, осы үш елдің жерінің 100 миллион гектары құнарлы, қара топырақты. Былайша айтқанда, астық өндіруге мамандандырылған. Украина мен Қазақстанның ортақ мүддесі – негізінен астық экспорттауға байланысты. Бір жағы бәсекелеспіз. Айта кетейін, көп күттірген астық одағының құрылмай қалғаны дұрыс па деймін. Он ел мүше болып отырған мұнай эспорттайтын араб елдері ұйымы сияқты бұл пул айналып келгенде, монополистік құрылым болар ма еді? Астық экономикасының тек бәсекелестік әрі еркін жағдайда ғана дамитынын ұмытпайық.
Менің ойымша, Укринадағы орын алып отырған саяси тұрақсыздық Қазақстанның астық нарығына еш әсер етпейді. Біздің астықты тұтынушы елдер Орталық Азия елдері, Афганистан, Иран, тс.с. қазір кейінгі жылдары бұл қатарға Қытай қосыла бастады. Жалпы, Укаринаның біздің нарықтағы тауар айналымының үлесі төрт-ақ пайыз. Бұл көп емес.
Астық бағасының өсуіне Украина да бей-жай қарап қалмады. «Егер Украина мен Ресей арасында еш қақтығыс болмаса, еліміздің оңтүстік аймақтарындағы порттар қалыпты жұмыс істеп, экспортаушылар өз міндеттерін толығымен орындайды. Ал бидай бағасын өсіріп отырғандар алып-сатарлар», - деген мәлімдема жасады бүгін «Бунге Украина» компаниясының Бас директоры Дмитрий Горшунов. «Украина аграрлық бизнес клубы» аграрлық нарық сарапшысы Игорь Остапчук болса, «Украина астығының басым бөлігі Қырым аумағындағы порттар арқылы емес, Николаев, Одесса, Ильинчевск арқылы тасымалданып отыр. Ал ол жерлдерде әзірге тыныш» деп атап өтті.