Михаил Саакашвили Украинадағы шиеленіс туралы
Экспресс К тілшісі Михаил Саакашвилидің 2016 жылы басылып шыққан "Қайраттану" кітабындағы Ресей мен Украина, Грузия арасындағы саяси шиеленіс туралы айтқандарына шолу жасады.
Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили "Қайраттану" атты өзінің мемуарлық кітабында Ресейдің басқыншылық әрекеті туралы айтады. Онда Гүржі елін басқарған саясаткер батыс елдері мен АҚШ-тың төтенше жағдайда жалғыз тастап кететінін, тек оларға өз мүддесі түгел болса ғана тыныш отыратынын жазады. Сонымен бірге, Ресейдің аннексиялау әрекеттері 5-6 жыл бұрын жоспарларланатынын алға тартады.
Билікке "Раушан революциясы" арқылы келген Саакашвили Ресеймен ойнау қауіпті екенін, оны Батыс пен АҚШ та айқын сезінетінін жазады. Ол бүгінде майдан ошағына айналған Украинаның жанына жақын екенін айтып, бұл елді шын жүрегімен сүйетінін де жасырмайды.
Өзімді әрдайым Украинадан табатынмын. Мұнда он жеті жасымда келіп, жеті жылға қалып қойдым. Осы жерде тәуелсіз екенімді сезіп, тұлға ретінде қалыптаса бастадым. Америкада оқып жүргенде мүмкіндік болса, Киевке жетуге асығатын болдым, — дейді Саакашвили Украина туралы өз кітабында.
Ол жас кезінен Украина басшыларын танығанын, тіпті, 2014-2019 жылдары президент болған Петр Порошенконы студент кезінен білетінін жасырмайды. 2004 жылы Украинада "түрлі-түсті" революция басталғанда Петр Порошенконың өзінен телеэфир керектігі жөнінде көмек сұрағанын айтады.
1998 жылы Украинаның сол кездегі президенті Леонид Кучмамен таныстым. Кейін Путиннің Кучмадан үнемі қорқақтайтынын байқадым. Себебі Кучма оны ылғи қылжақ қылатын, — дейді Михаил Саакашвили.
Саакашвилиді Украина шенеуніктері Путиннен еш именбегенін, тіпті ойындағысын ірікпей айтатыны таңқалдырған.
"Украинаның 2007 жылы сыртқы істер министрі болған Яценюктің Путинге өте дөрекі сөйлегенін көрдім. Ол Душанбеде өткен ТМД елдерінің саммитіне елінің президентінің орнына келді. Келгенде де, тура 40 минут кешігіп жетті. Мұны көрген Путиннің көзі шарасынан шығып кете жаздады. Яценюк болса еш саспады. Украиннің ұлттық киімімен залға кіріп келді, орнына жайғасып жатты. Сөз алғанда көбіне украин тілінде сөйлеп, Путинге дөрекі жауап қатты", —дейді Саакашвили.
Грузин және украин саясаткерінің жазуына қарағанда, Ресей басқыншылық әрекеттерін ертеден жоспарлайды. Мысалы, Қырымды басым алу оқиғасы одан 5-6 жыл бұрын дайындалған.
"2014 жылы ақпанда Қырымдағы оқиғалар басталғанда мен еш таңғалмадым. 2008 жылдың өзінде Қырымды аннексиялау қаупі бар екенін айтқанмын. Маған ешкім сенбеді. Бәрі: "Татарлар оған жол бермейді", — десті. Менің ойымша Қырымды басып алу 2005 жылғы сайлаудан кейін дайындалды. Менің тәжірибеме сенсек, Путин ештеңені аңдаусыз істей алмайды. Ол — жалпы, жылдам адам емес. Күтпеген жағдайларда ол сасып қалады. Ал Қырымды басып алуға бірнеше жыл дайындық болғаны сөзсіз. 2008 жылы Грузиямен соғысқа да тура солай жақсы әзірленген болатын", —деп жазады Саакашвили.
Саяси көрегендік таныттым деген Михаил Саакашвили Қырымнан кейінгі кезек Украинаны шығыстағы облыстарында шиеленіскен түрде елдің іргесін ыдыратқанын, оны білгенін де айтқан.
"Қырымды басып алғаннан кейін жетекші украин саясаткерлеріне келесі кезек Донбасс болатынын ескерттім. Мұныма олар былай жауап берді: "Оңтүстік Осетия мен Абхазияның ешқашан қайтарылмайтынын түсінесің ғой. Біз де тура солай Қырымның қайтарылмайтынын білеміз. Сондықтан Батыспен келісеміз: Қырымның орнына олар бізді НАТО-ға қабылдайды". "Қырымнан кейінгі кезек Донбасс болатыны айдан анық" дедім. Олар: "Жоқ, Донбаста мұндай болуы мүмкін емес. Ол жақтағы украиндыр тым салмақты. Ол Қырым емес" деді, — дейді Саакашвили "Қайраттану" кітабында.
Қырымнан кейін Украинаның Донецк және Луганск облыстарына ауыз салып, кейін Сирияға бет алған Ресейдің қадамы туралы грузин саясаткерінің аталған кітабында былай деп жазылған:
"Донбаста Путин кептеліп қалды. Оған Қырым сценарийі оңай болды. Новороссияда да солай болады деп ойлады. Бірақ ол жақта Путин есебінен жаңылды. Мариуполь арқылы Қырымға жеткісі келген болуы керек. Бірақ ол көп нәрсені ескермеді. Малтығып қалды да, қарқыны бәсеңдеді. Украинадан назарды бұру үшін Сирияға бет алды. Әлі де ойынға қатыса алатынын көрсету керек болды".
Сакаашвили өзінің бұрынғы әріптесі Путиннің болмысы туралы да тарқатып жазған. Ол жоспарсыз жүрмейтін адам екенін, алайда оқыс жағдайда қатты сасатынын айтады.
Қайталап айтамын: күтпеген жағдайларда сасып қалу — Путинге тән мінез. Бірақ ол тасада тығылып, күтіп отырады. Бульдог сияқты тістеген жерінен айырылмайды, дейді тағы ойын нықтап саясаткер.
Шиеленістердің себебі туралы айта келе АҚШ пен Батыстың негізгі мүддесін де бүкпесіз жазады. Саакашвилидің айтуынша, Батыс пен АҚШ-қа өз мүддесі түгел болса болғаны, өзге елдің шекарасының өзгеруі қатты алаңдатпайды дейді.
"Обама бір сұхбатында Украинаны Ресей мүддесінің аумағы деп атады. Бір жылдан кейін Америкада басқа президент болған кезде айтса, ешқандай қауіп болмас еді. Қарапайым адам не ойласа да өз еркі емес пе? Ал қазіргі президент айтып отырса, әңгіме басқа. Обама мұны айтқанда Америка соғыспауы керек дегенді түсіндірмекші болып, өз еліне қарата сөйледі. Бірақ бұл Ресейге айқын белгі еді", — дейді Саакашвили.
Осылай деген ол 2008 жылы 11 тамызда Ресей әскері Цхинвалиге таяп қалғанда Мәскеуде Тбилисиге Францияның сол кездегі президенті Саркози ұшып келгендегі диалог туралы да жазады.
Саркози ешқашан Путиннің қолын алмайтын. Өйткені Путин қандықол диктатор деп ашық айтатын. Тбилисиге келген жолы Саркози "Путин — маньяк, бәріңді өлтіреді" деп айтты, — дейді Саакашвили.
Батыс елдері Грузия мен Ресей арасындағы қақтығыс кезінде түрлі келісімдер ұсынған. Соның бірін Саркози әкелсе керек.
"Саркози бейбіт жоспарының алты тармағын айтып, бесінші бөлігінде атыс тоқтаған соң, қауіпсіздік аймағы құрылады және оның шекарасын Ресей анықтайды деген жолдарды оқыды. Алтыншы тармағында Абхазия мен Оңтүстік Осетияның мәртебесінен кейін бейбіт келіссөздер барысында шешілетіні туралы айтыпты. Мен бұл келісімге қол қоймайтынымды айттым. Саркози болса: "Сен ештеңе түсінбейсің. Орыстар ертең-ақ Тбилисиге жетіп келеді. Буш досың саған жауынгерлерін жіберген жоқ. Саған көмектесетін менің де сарбазым жоқ. Біткен жерің осы. Сені асып қойғысы келеді деп айттым ғой. Ол әзілдеген жоқ. Айтқанын істейтінін жақсы білемін деді", — дейді Саакашвили кітабында.
Саакашвили Ресеймен қақтығыс кезінде жалғыз қалып қойғаны қандай қиын болғанын жазады. Осы тұрғыда қолдау көрсетуге бейім болып көрінетін АҚШ билігінің негізгі ниетін де айтып өткен.
"Обама әкімшілігінің басты қағидасы — ешқандай жанжалға кіріспеу. "Біз — Буш емеспіз". 2009 жылы Мюнхенде Байден маған Ресей-Грузия соғысы кезінде Буштың орнында олар әлдеқайда ақылдырақ әрекет етіп: Флотты жібермес, ұшақтарды әуеге көтермес едік" деген еді" деп жазады Саакашвили мемуарында.
Саакашвилидің айтуынша, 2012 жылы Грузиядағы сайлауда жеңілуіне Ресейдің ықпалы болған.
"Путиннің: "2012 жылғы Грузиядағы сайлау ең сәтті операциям болды" дегені бар-тұғын. Украинада болатын алдағы сайлауларда ол мұны тағы қайталауға тырысады", — дейді ол.
Михаил Саакашвили 2004-2013 жылдары Грузия президенті болған. Ол 2014-2016 жылдары Украинада президент кеңесшісі, Одесса облысының губернаторы болды. Реформатор ретінде танымал саясаткер 2021 жылы Грузияға оралып, артынша өзіне бұрын тағылған айыптар бойынша қамауға алынған.