«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын біз қалай түсінуіміз керек?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы 2017 жылдың сәуір айында жарияланды. Мақаланың негізгі идеясы еліміздің жастары арасынан тұлғаларды таңдап алып, болашақ көшбасшылар легін қалыптастыру болғаны анық. Бірақ, біздің ойымызша, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы тек топ бастайтын серкелерді, қол бастайтын батырларды, сөз бастайтын шешендерді іріктеп алуды мақсат тұтпайды. Біздіңше, жаңа заман технологиясы мен озық әдістерді меңгерген, әр салада әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын, қазақ елінің жаңа заманға сай болашақ құрылымдары мен бизнесін қалыптастыратын жастар толқынын жасақтау оның мақсаты. Иә, ол рас, бізге Ян Флемингтер, Пьер де Кубертендер, Альфред Нобельдер керек.
Ян Флеминг
Пьер де Кубертен
Альфред Нобель
Ұлттық бірлік пен Қазақстан халқының мақтанышы үшін бізде ондай тұлғалар тұтас құрамы керек. Сонымен қатар, қазір бізге ең алдымен елді алға сүйрейтін, тыңнан жол тауып, әлемдік экономиканың тегершегіне айналатын озық ойлы азаматтар да керек болып отырған жоқ па? Елбасы сол «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазір елдер мен елдердің, халықтар мен халықтардың, адамдардың арасында бәсекелестік орнаған дәуір. Сол үшін үнемі ағысқа қарсы жүзгендей алға ұмтылу керек. Тоқтап қалсаң, толқын артқа сүйреп әкетеді. Басқа дамыған елдермен бір қатарда болғымыз келсе, біз санамызды да жаңғыртуымыз керек. Қазір елімізде жастардың дамуына барлық жағдай жасалған. Тың идеяларды жүзеге асырып, танылуына толық мүмкіндік бар. Тек осы сәтті ұтымды пайдалану қажет. Өйткені жалындап тұрған жас буынның уақыт көшінен қалып қоймауы өте маңызды. Сана жаңғырмаса, адам ешқандай жетістікке жетпейді» деп жазды да. «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн» деді. Міне, сондықтан да алғаш дауыс беру кезінде: еліміздің барлық өңірлерінен ұсынылған 302 үміткердің ішінде 6 санат бойынша 45 ғалым, 42 спортшы, 85 адам қоғамның әр саласы бойынша, 46 медицина, 37 мәдениет және 47 адам бизнес саласынан ұсынылды. Дауыс беруге 1 миллион, 376 мың адам қатысты. Сөйтіп олар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 102 жеңімпазын анықтады. Мұның бәрі жақсы. Дегенмен бүгін - Елбасы айтқандай бәсеке мен нанотехнологияның заманы. Осы азаматтардың ішінен біз болашақ Джо Ма, Илон Маск, Стив Джобс, Марк Цукербергтерді іздей алдық па?
Джо Ма
Илон Маск
Стив Джобс
Марк Цукерберг
Сол «100 жаңа есім жобасы» жеңімпаздарымен кездесу кезінде бірнеше стартап жобалардың авторы, жас өнертапқыш Санжар Мырзағалымның өз арманын былай жеткізуі тектен-тек болмаса керек:
– Мен біздің тарихымызды, жолымызды әйгілі Стив Джобстың тарихына ұқсатамын. Стив Джобс өзінің стартап идеясын жүзеге асыруды гаражда бастаса, біз өзіміздікін университеттің жертөлесінде бастадық. Осыдан үш жыл бұрын «Экосоки» деп аталатын электр қуатын үнемдейтін интеллектуалды жүйені ойлап таптық. Жалпы Қазақстанда электр қуатын дұрыс қолданатын болсақ, онда 5 млрд киловатт сағатқа жуық үнемдеуге мүмкіндік алар едік. Ал бұл 70 млрд теңге тұтынушының қалтасында қалады деген сөз. Сонымен қатар ол экологияға да жақсы әсерін тигізеді, – деді. Міне, ең үлкен арман. Жалпы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының түпкі мақсатының өзі осы болса керек.
Әлем мамандарының айтуынша, соңғы жылдарғы ғылыми-техникалық жетістік туғызған озық ойлар мен ондаған жылдар үстемдік құрған догматизм мен консерватизмнің арасында кәдімгідей қайшылық қалыптасып үлгерген. Оны бұзатын да, ілгері дамытатын да жастардың жаңашылдығы болмақ. Яғни, жастар әлеуметтік өзгерістерді жүзеге асыратын құдыретті күш ретінде толыққанды ашылуы тиіс. Мемлекеттің де ең үлкен капиталы осы болмақ. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының түп-тереңінде осындай салмақты дүние, өте үлкен адами капитал бар. Бұл жобаға тек осындай терең ой тұрғысынан қарағанда ғана біз оның толық мүмкіндігін ұға аламыз. Ол құдыретті күшті бір ауыз сөзбен бейнелер болсақ: инновация. Ендігі негізгі фактор инновация болуға тиіс.Олай болса, «100 жаңа есім» жобасы, біріншіден – мемлекеттің инновацияға берген «тапсырысы». Мемлекеттік «заказ» бұл. Жаңа технология мен өнімдерге, ғылым мен техникаға, жаңа өндіргіш күштерге ғылыми тапсырма!
Екіншіден, мемлекет «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы жаңа инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Бұл, жүздеген, мыңдаған белсенді жастардың іскерлік қасиетін ояту, сол арқылы мүлде жаңа қоғамдық инфрақұрылым құруды мақсат тұтады. Әрине, оған инновациялық қорлар мен жаңа сападағы қаржылық-іскерлік топтардың белсенділігі қажет. Бірақ, түпкі мақсат сол екені айқын.
Үшіншіден, мемлекет қаржылай демеуші. Шын мәнінде мемлекет «тапсырыс беруші» болғандықтан ол міндеттен бас тарта алмайды. Мемлекет ол міндеттен бас тарту ойлап та отырған жоқ. Ең бастысы, озық технология мен «озық милардың» идеясы қажет.
Төртіншіден – мемлекет жаңа құзырет жасап беруші. Шынында да жаңа идеялар мен технологияларды жүзеге асыру үшін тың шешім, бұрын-соңды болмаған тұжырымдар жасау қажет болады. Яғни, бұл жаңалық тудырушыларға жаңа құзырет беруді қажет етеді.
Бесіншіден – инновация жаңа мәдени қатынастар туғызады. Ол бұрынғыға ұқсамауы мүмкін. Жаңа бағдарламалар, ұстаздықтың тың сүрлеуі, дамудың жаңа бастамалары. Міне, осы міндеттерді толық түсінгенде ғана біз «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын толыққанды қабылдай алады екенбіз. Қандай да болмасын ұлттық маңызды жоба өміршең болуы үшін оған терең маңыз бен заманауи мағына беруіміз қажет. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы да сондай ұлттық міндетті арқалайтын өте үлкен бағдарлама. Тек соны біз биік деңгейден көре алсақ және соған ұмтылсақ деген ой-арман ғана. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын біз осындай биік меже тұрғысынан көре алдық. Солай болуға тиіс ол.
Серік Ақынжанов