Әнші Төреғали Төреәліге медициналық көмек қажет болып дереу ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы өнер иесінің адвокаты Эльнура Кишкенебаева өзінің instagram-сторисінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әншіге медициналық көмек қажет болып, ауруханаға жеткізілді", - деп жазды ол instagram-сторисінде.
Айта кетейік, кеше Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видео тараған болатын. Кейінірек оның есірткіге мас болып ұсталғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, өнер иесі 20 тәулікке қамауға алынды. Төреғали Төреәлі өз ісіне өкініп отыр.
Еске салайық, бұған дейін TikTok-та әнші Төреғали Төреәлі белгісіз ер адамды ұрып тастаған делінген видео тарағаны хабарланған болатын. Кейінірек Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов бұл іске қатысты пікір білдірген еді. Cонымен қатар, әнші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды.
Кейін әншінің өзі де жанжал неден шыққанын түсіндірген. Оның айтуынша, жаңа клиптің түсірілімі барысында жанжал шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Нәтижесінде жанжал соңы әнші тарапынан төбелеске ұласқан. Ал кейін Төреғали Төреәлі соққыға жыққан жігітпен татуласқаны белгілі болды. Сонымен қатар, іс тоқтатылды.
"Төреғали Төреәліге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі негізінде тіркелген қылмыстық іс бойынша тараптар татуласқанын хабарлаймыз. Нәтижесінде қылмыстық іске қатысты тергеу тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады", - делінген Полиция департаменті хабарламасында.