Жол-көлік апаттарының алдын алу үшін қандай шараларды ұсынар едіңіз?
Маратбек СЫРЫМБАЙ, Алматы облысы ІІД Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі:
– Кеше «Шымкент-Бадам» тас жолында жолаушылар тасымалдайтын шағын автобус пен КамАЗ соқтығысып, салдарынан 11 адам көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, жолаушылар тасымалдайтын көлік қарсы бағытқа шығып, жүк көлігімен соқтығысқан. Қарап тұрсаңыз, мұндай оқиғалар жиілеп барады. Мұның алдын алу үшін, ең бірінші, қалааралық болсын, халықаралық болсын автопарк жүргізушілерінің жауапкершілігін арттыруымыз қажет. Бұрын кеңес үкіметі тұсында олар режим бойынша демалатын, сегіз сағат көлік жүргізгеннен кейін қасындағы қосымша жүргізуші рульге отыратын. Мұның барлығы жүйелі түрде жүзеге асатын еді. Қазір ондай жоқ. Автопарктердің барлығы жекеменшікке өткеннен кейін жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілер күндіз-түні көліктен түспейтін болды. Уақытылы ұйықтап, демалу деген жоқ. Қазір мұның барлығы қадағалаусыз қалған. Сондықтан жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілерге жағдай жасап, олардың жауапкершілігін арттыруымыз қажет. Шынында да, қазір жол-көлік оқиғаларының көбі жеке таксистер мен ұзақ жолға қатынайтын жүргізушілердің жол ережесін бұзуы салдарынан орын алуда. Уақытылы ұйықтамай, демалмай жұмыс істегеннен кейін қайғылы жағдайлар болады. Маған десеңіз, әр метр сайын жол полициясын қойып қойсаңыз да, мұнымен мәселе шешілмейді. Мұны ретке келтіру үшін жолаушылар тасымалдаумен айналысатын фирмалардың жұмысын жүйелеп, жолға шығарда көлікті техникалық тексеруден, ал жүргізушіні дәрігерлік бақылаудан өткізген жөн. Онсыз болмайды. Сондай-ақ жолдың техникалық параметрін де кеңейтуіміз қажет.
Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Еуропа мемлекеттерінде ұзақ жолға қатынайтын, әсіресе жолаушылар тасымалдайтын автобус жүргізушілеріне қатаң бақылау жасалынған. Оларда жүргізушілердің қанша уақыт рульде отыруы, неше сағат демалуы, тамақтануына дейін алдын ала белгіленіп қойылған. Егер осы норманы бұзса, жүргізушілерге ірі көлемде айыппұл салынып, тіпті қосымша еңбекақысынан айырады. Еуропада ұзақ жолға қатынайтын көліктердің жүруін, тіпті тоқтап, тамақтануына дейін арнайы жерсеріктері арқылы GPS аппараты бойынша бақылау жасалынады. Бізге де осындай қондырғылар қажет. Сонда мекемеде отырып-ақ олардың белгіленген нормаларды сақтап келе жатқанын біліп отыруға болар еді. Бұл жол қауіпсіздігінің алдын алуда ең тиімді жол деп есептеймін.