Жетімдер үйіндегі бала тәрбиесін тек қазақ тілінде жүргізудің қандай жолдарын ұсынасыз?
Маргарита ӨСКЕМБАЕВА, балалар психологі:
– Негізі, қазір еліміздегі жетім балалар үйінің барлығы орыс тілінде тәрбие беріп жатыр деп айтуға болмайды. Олардың кейбіреуі қазақ тілінде тәрбие беріп жатыр. Кеңес Одағы кезінде жетім балалар үйінде, ондағы тәрбиеленетін балалардың қай ұлттың өкілі екеніне қарамастан, жаппай орыс тілінде тәрбие беретін. Ал қазір жағдай біршама өзгерген. Біздің де балаларға арналған жобаларымыз бар, солардың аясында балалар үйіне барып тұрамыз. Мәселен, сонда көзімнің жеткені – Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің балаларына қазақ тілінде тәрбие беріледі екен. Ондағы балалардың барлығы қазақ тілінде сөйлеп жүр. Сондықтан жетім балалар үйінің барлығы орыс тілінде тәрбие беріп жатыр дегенді жаңсақ пікір дер едім. Негізі, бұл жерде барлығы балалар үйінің тәрбиешілеріне байланысты секілді. Семейде, Павлодарда, Өскеменде балалар үйінің балалары орыс тілінде сөйлейді, ал мына оңтүстік жақтағы балалар үйінің балалары қазақ тілінде сөйлейді. Яғни тәрбиешілері қай тілде сөйлесе, балалар да сол тілде сайрап жүр. Сондықтан біз, ең алдымен, балалар үйінің балаларына қазақ тілінде тәрбие бергіміз келсе, оны олардың тәрбиешілерін қазақыландырудан бастауымыз керек.
Дәурен БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшiсi:
– Жетім балалар үйіндегі балалар қай ұлттың өкілі екеніне қарамастан қазақ тілін жетік біліп шығуы керек. Қазақи тәрбиемен өсуі керек. Жетім балалар үйіндегі балалардың әке-шешесі – мемлекет. Ендеше, біздің еліміздегі балалардың барлығы қазақ тілінде білім алып, қазақи тәрбиемен өсуі керек. Негізі, жетім балалар үйіндегі балаларды орыс тілінде оқыту – кеңестік кезеңнен қалып кеткен үрдіс. Ал Қазақстан Тәуелсіздік алып, егемен ел атанғалы жиырма жылдан асты. Біз осы уақыт ішінде шекара асып кеткен жетім балалар түгіл, өз елімізде балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың тағдырына бас ауыртпай келдік. Ендігі жерде олардың қазақ тілінде тәрбие алуына баса назар аударуымыз керек. Ол үшін арнайы заң қабылданып, жетім балалар үйінің тәрбиешілерінің қазақтілді болуына баса назар аударуымыз керек. Сондай-ақ жетім балалар үйінің тәрбиесіне арнап арнайы бағдарламалар қабылдануы керек. Ол бағдарламада қазақи салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың барлығы енгізілуі керек.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжіліснің депутаты:
– Еліміздегі жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға мүмкіндігінше қазақ тіліне басымдық бере отырып, олардың әрқайсысына өзіне керектіні оқытқан дұрыс шығар. Өйткені бас салып барлығын бірдей қазақ тілінде оқытып жатсақ, халықаралық қауымдастықтар шулап кетуі мүмкін. Рас, бір жағынан алып қарасаң, жетім балалар үйінің балалары қазір есін білмейтін жаста. Қай тілде білім берсең, сол тілді меңгеріп шығады. Соңғы кездері мен бас сұққан балалар үйінің балалары қазақ тілінде білім алып жатқанын байқадым. Сондықтан бұл жерде қазақ тіліне басымдық бере отырып оқытылуы қажет деп ойлаймын. Қазақстанда өмір сүріп жатқаннан кейін олардың болашағы мемлекеттік тілмен тікелей байланысты. Сондықтан жетім балалар үйіндегі балаларды қазақ тіліне басымдық бере отырып, басқа тілді де ұмытпай оқытуды қолдаймын. Мұны оларға білім беру кезінде ескеру керек секілді.