Жас отбасылар арасындағы ажырасу фактілерінің көбею сыры неде деп ойлайсыз?
Маргарита ӨСКЕМБАЕВА, Қазақстандағы Тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры, балалар психологі:
– Жас отбасылар арасындағы ажырасу фактілерінің жиілеуін олардың баспанасының жоқтығынан деп түсінемін. Қазір баспана мәселесі қоғамдағы №1 мәселеге айналды. Сатып алуға тым қымбат. Жас отбасылар шаңырақ құра сала, көшіп-қонып жүреді. Жалға берілетін пәтерлердің де бағасы көп жағдайда қалтаға сай емес болып жатады. Бар тапқан-таянғанын пәтерақысына берген соң, ерлі-зайыптылар арасында әлеуметтік жетіспеушілік салдарынан ұрыс-керіс басталады. Мұның соңы олардың тіл табыса алмай, суысып, екі жаққа кетуіне себеп болады. Сондықтан мүмкіндігінше жалға берілетін жатақханалар санын көбейтіп, олардың ақысының жас отбасылардың қалтасына сай болуын қамтамасыз ететін мемлекет тарапынан бағдарлама қабылданса, талай шаңырақтың сақталуына себеп болар едік. Мейлі, ең болмаса, ол жерде жас отбасылар белгілі бір уақыт қана тұрып, кейін өзінен кейінгі жас отбасыларға босатып беретіндей болса да болар еді. Өйткені ұзақ уақыт тұрған сайын ерлі-зайыптылар арасы беки түсіп, ажырасу қаупі сейілер еді. Мені жас отбасылардың ажырасу кезінде балаларын да ойламауы қиналтады. Өйткені ерлі-зайыптылардың ажырасуы ең алдымен олардың балаларының тәрбиесіне, психологиясына кері әсер етеді.
Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:
– Қазір баланы балабақшаға орналастыру, баспаналы болу, қызметке тұру, қоғамдағы азық-түлік қымбатшылығы – бәрі-бәрі қоғамдағы күнкөрістің оңай еместігін көрсетеді. «Отбасы – шағын мемлекет» десек, осы шағын мемлекетке мемлекет тарапынан қамқорлық керек. Өйткені шағын мемлекеттер мықты болмай, іргетасы мықты мемлекет құру мүмкін емес. Алғаш екі жас шаңырақ құрғанда жеңілдетілген несие беру, пәтерақысы арзан жатақханалармен қамтамасыз ету секілді қамқорлықтар жасалуы керек. Қазір алиментін төлей алмай, қашып жүрген ер-азаматтар өте көп. Бұл ер-азаматтардың дәрменсіздігін көрсетеді. Сондықтан отбасылардың ажырасуының алдын алуды мемлекет тарапынан ойластыру керек.
Гүлмира СЕРІКБАЙҚЫЗЫ, «Ер-азамат» дағдарыс орталығының кеңесшісі, саяси ғылымдар докторы, профессор:
– Шынын айту керек, жыл санап елімізде ажырасушылар саны артып бара жатса да, мемлекет тарапынан оның алдын алу үшін атқарылып жатқан іс-шаралар жоқтың қасы. Жастардың ажырасу мәселесінің түп төркініне терең үңіліп, оны шешуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Қоғамымызда отбасылық құндылықтың құны төмендеп кетті. Некені жастар жеңіл-желпі нәрсеге айналдырып алды. Азаматтық некенің пайда болуы, жастардың арасында жеңіл-желпі қарым-қатынастардың қалыптасуы – осының дәлелі. Сондықтан мемлекет тарапынан отбасылық құндылықтарды арттыруға бағытталған іс-әрекеттер бастау алып, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қолдау тапса, дұрыс болар еді. Сондай-ақ отбасын құратын жастарды психологиялық тұрғыдан дайындайтын орталықтар жұмыс жасауы керек. Жалпы, көбінесе жастардың ажырасуына олардың әлеуметтік жағдайы әсер етіп жатады. Жұмыссыздық, баспанасының болмауы, төмен табыс – жастардың ажырасуының негізгі себептері. Сондықтан қоғамдағы осы мәселелерді шешуге ұмтылуымыз керек.