Ұлттық тәрбиеге негізделмейінше, жастардың бойында отандық патриотизмді қалыптастыра аламыз ба?
Намазалы ОМАШЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы:
– Ұлы Мұқаң «ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегенде нені айтқысы келді? Оның негізгі айтпақ ойы әр бала ең алдымен өз отбасы, ошақ қасында тәрбие алып, өсуі керек дегенге саяды. Яғни әр адам өз үйінде дұрыс тәрбие алатын болса, ол болашақта өз елінің де сүйікті азаматына айналады. Тәрбиенің ішінде ең маңыздысы – ұлттық тәрбие. Себебі ұлттық тәрбиені ешкім қолдан ұйымдастырып, не болмаса аспаннан ала салған жоқ. Ол – атадан балаға тарап, бүгінге дейін жасап келе жатқан құндылықтардың бірі және ең маңыздысы. Әр ұлттың тәрбиеге қатысты өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақи тәрбиедегі басты ерекшелік деп баланы бесіктен бастап кішіпейілдікке, батырлыққа, білімділікке, өнерге үйрету дер едім. Егер біз жастарға ұлттық тәрбие бермесек, олардың бойында отандық патриотизмді қалыптастыра алмаймыз. Ал ұлттық патриотизм шынайылыққа, әділеттілікке негізделеді.
Манарбек ІЗБАСАРҰЛЫ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аппарат жетекшісі, Жазушылар одағының мүшесі:
– Бұл сұраққа «жоқ» деп кесімді жауап беруге болады. Себебі ұлттық тәрбиеге негізделмейінше, отандық патриотизмді қалыптастыра алмайтынымыз – ақиқат. Әрине, қазіргі кезде кейбір мамандарымыз «ұлттық тәрбиеден ажырап бара жатырмыз» деген пікір айтады. Бұл пікірге келісуге де, келіспеуге де болады. Бірақ өз басым екінші жақты қолдаймын. Өйткені егер түп-тамырымыздан ажырап кеткен болсақ, бүгінде қазақша сөйлеп, ұлттық дәстүрімізді мүлдем ұмытып кеткен болар едік. Аллаға шүкір, қазір біз өзіміздің дәстүрімізді, ата дінімізді берік ұстанып келе жатырмыз. Тек өз балаларымыз ғана емес, өзге ұлттың бүлдіршіндері де қазақ тілінде еркін сөйлейді. Қазір біздің алдымыздағы негізгі мақсат – осы өзге ұлттың балаларын қазақ мәдениетін, қазақ дәстүрін терең түсініп, сыйлауға үйрету жұмыстарын қолға алу. Ал өз балаларымыз қай уақытта болса да туған тамырынан ажырап кетпейді. Қазіргі күні «отандық тәрбие» және »ұлттық тәрбие» деген ұғымдардың жеке-жеке қолданылып жүргені белгілі. Менің ойымша, осы екі ұғымды бір-біріне жақындатып, тек ұлттық тәрбиеге негіздеу керек. Себебі тек ұлттық рухпен, ұлттық тәрбиемен сусындаған бала ғана өз елінің нағыз патриоты бола алады.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры:
– Отаным дейтін адамның бойында ұлттық рух, ұлттық намыс болуы керек. Ұлттық рух әр баланың бойына өз отбасында себілуі қажет. Менің ойымша, отаншылдық баланың кішкене күнінен отбасында алған тәрбиесінен қалыптасады. Оны ақша немесе басқа қымбат дүниеге сатып ала алмайсың. Біздің «патриотизм» деген ұғымды шынайы түсінетін уақытымыз жеткен сияқты. Сондай-ақ тек «патриот» қана емес, «ұлттық патриот» деген ұғымды әр баланың санасына құюымыз керек. Бұл үшін, әрине, әр балаға ұлттық тәрбие берудің маңызы ерекше. Біз ірі ұлтқа айналуымыз қажет. Бұл қазақ ұлтын өзге ұлттардан биік қою деген сөз емес, оның мағынасы бізден озып кеткен елдердің деңгейіне жету дегенді білдіреді. Ал мықты, патриот ұрпақ тәрбиелеу үшін, қайталап айтайын, бізге ұлттық тәрбиеге көп мән беру қажет.