Ұлттық танымға негізделген балаларға арналған мемлекеттік сайттар ашуға не кедергі?
Рамазан ЖАШИЕВ, компьютерлік интерактивті бағдарламалар жасаушы:
– Мен біраз жылдан бері қазақ баласының дүниетанымына ыңғайлы компьютерлік бағдарламалар жасаумен шұғылданып келемін. Қазір менің қолымда «Ақ отау – отбасы – мәдениеттің мектебі» деген тақырып төңірегінде төрт мың сағаттық материал дайын тұр. Бұл дүниелер балалардың жас ерекшелігіне сай жеке-жеке іріктеліп жасалған. Аталған бағдарламалардың кейбір бөлімдерін жекелеген мектеп, балабақшалар арнайы сұратып алып, қосымша оқу-әдістемелік құрал ретінде де пайдаланып жүр. Алайда осындай дүниелердің басын біріктіріп, сайттарға орналастыру жағында көптеген тосқауылдар болып отырғаны рас. Себебі балаларға арналған қазіргі сайттарды әркім өз білгенінше жасай береді. Интернет кеңістігінде белгілі бір ұлттық танымға негізделген жүйе болмағандықтан, қазақ баласы өзгенің жылтырағына қызығатыны жасырын емес. Қалай болған күнде де, ертеңгі болашағымыз – балаларға арналатын сайттардың іске қосылуын мемлекет тікелей өзі қолға алуы керек сияқты.
Жанар ШӘМЕЛ, «Балапан» телеарнасының жетекшісі:
– Кез келген мемлекет өзінің болашағын қамтамасыз етуі үшін, ең біріншіден, жас ұрпағының қамын ойлауға міндетті. Бұл бағытта біздің елімізде түрлі бағыттағы жобалар жүзеге асырылып келеді. Мысалы, таза қазақ тілінде хабар тарататын «Балапан» телеарнасының ашылуы – қазақ қоғамында үлкен серпіліс тудырды. Қазір бұл арнаны ғаламтор арқылы «он-лайын» сипатында көруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар жеке сайты да жұмыс істейді. Бұл тек арнаның интернеттегі нұсқасы ғана емес, алдағы уақытта балаларға арналған сайт ретінде де аясын кеңейте түспек. Десек те, Қазақстанда жалпы алғанда, балаларға арналған жан-жақты жақсы ойластырған сайт жоқтың қасы. Мысалы, көптеген дамыған елдерде балаларға арналған жүздеген сайттар іске қосылған. Олардың әрқайсысы белгілі бір сала бойынша жеке-жеке тақырыптарды қамтиды. Біз де осыған келуіміз керек. Бірақ бұл жерде міндетті түрде мемлекеттің қолдауы қажет.
Бағдат МӘЖИТҰЛЫ, «Ұлан» газеті бас редакторының орынбасары, балалар жазушысы:
– Әлем елдерінде интернет ресурстарын игеру қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл жағынан біз ұяттымыз. Әсіресе орыстілді интернет кеңістігінде балалар мен жасөспірімдерге бағытталған сайттар өте көп. Бірақ ол мазмұн жағынан, идеологиялық тұрғыдан қазақ баласының санасына қалай әсер етіп жүр? Ол жағына ешкім бас ауыртпайды. Бізде балаларға арналған бірнеше басылымды біріктірген «Жас өркен» серіктестігі сайтының өзі былтыр ғана ашылды. Қазіргі уақытта балаларға арналған қазақтілді басылымдар таралым жағынан да, қаржы тұрғысынан да біршама қиындықтарды бастан өткеріп отыр. Бұл мәселенің оң шешімін таппай тұрып, балаларға арналған сайттарды іске қосып, соның жұмысын жандандырамыз деуіміз қисынды бола қояр ма екен?! Себебі ойға алған жоба-жоспардың бәрі қаржыға келіп тіреледі. Бұл ретте мемлекет қолдау көрсетіп, білікті мамандар тартылып, арнайы бағдарлама жасалуы керек. Сонда ғана барып, іс алға баспақ.