ҰБТ-ны тереңдетеміз деп балалардың психологиясына кері әсер етіп отырған жоқпыз ба?
Жарас СЕЙІТНҰР, психология ғылымының кандидаты:
– Жыл сайын ҰБТ кезінде жеткіншектердің суициді тіркелетіні рас. Алайда оларды арнайы зерттеп, ғылыми нәтижелерін жариялап жатқан мамандар жоқ. Сондықтан жеткіншектің суицидіне нақты ҰБТ кінәлі деп айту тағы қиын. Өкініштісі сол, бізде ғылыми зерттеулер қоғамдық маңызы бар қолданбалы дүниелерден гөрі іске алғысыз нәрселерді зерттеуге бағытталған. ҰБТ қоғамымызға енгелі де талай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында ҰБТ-ға қатысты барлық мәселені зерттеп алуға болар еді. Бірақ біз оған жеткілікті көңіл бөле алмай отырмыз. Негізі, ҰБТ өзімен бірге мектеп оқушыларына, олардың ата аналарына үлкен күйзеліс әкеледі. Жоғары көрсеткіш көрсетіп қалу үшін білім саласының басшылары да жанталасып жатады. Яғни ҰБТ-ға қатысы бар мамандардың барлығы белгілі бір деңгейде күйзеліс алады. Әйтсе де жыл сайын мамандар тестілеуді қиындатамыз, күрделендіреміз деп хабарлайды. Бұл да жүйкеге әсер ететін фактор. Осы орайда мектеп оқушыларына ҰБТ алдында міндетті түрде психолог көмегі керек дер едім.
Абай ЕРГЕШОВ, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің директоры:
– Тест сұрақтарындағы бар қиындық оқулықтардың олқылығынан шығып отыр. Сондықтан Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы мен мектеп оқулықтарының арасындағы байланысты күшейту керек. Атап айтсақ, мектеп оқулықтары мен жыл сайын басылып шығатын тест оқулықтары бір-біріне сай болуы қажет. Егер осы қателік түзелсе, оқушыларға ешқандай тест қорқыныш әкелмес еді. Сондықтан базадағы сұрақтың айқындығы есепке алынуы тиіс. Бүгінде барлық сынып оқушылары тест тапсыруға машықтанып жатқандықтан, тестің сапасына абай болуымыз керек. Жалпы, тест бала психологиясына кері әсер етіп жатыр деп айта алмаймын. Оқушы бастауыш сыныптан бастап тест тапсыруды үйренетін болғаннан кейін 11 сыныптағы шешуші ҰБТ олар үшін жеңіл болуы тиіс. Негізі, жыл сайын күрделендіреді дегенімен тест сұрақтары қиындаған емес.
Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері, Алматы қалалық мектеп директорлары кеңесінің төрайымы:
– Биыл, негізі, тест сұрақтарында өзгеріс болмайды, тек тест кезінде оқушылардың іс-әрекеті қатаң бақылауға алынады деп хабарлады. Тәртіптің қатаңдағаны дұрыс. Алайда тест бала білімінің нақты көрсеткіші бола алмайды. Және тест бала психологиясына елеулі әсер етеді деп ойлаймын. Сондықтан баланың білімін анықтаудың мұндай жүйесін өзгерткен дұрыс. Талапкер қаласа ҰБТ-ға қатысып, қаламаса ЖОО-ның грантын ұтып алатындай кешенді сұрақ-жауап тәсілін қайта енгізген дұрыс. Қанша айтқанмен оқушының психологиясы әртүрлі. Бір бала жаттау қабілеті күшті, тестке икемді болса, келесі бірі ойлау жүйесі мықты дамығандықтан, білімін ауызша көрсетуге икемді болады. Сондықтан баланың психологиялық ерекшелігіне орай осындай жүйе енгізсек, олардың жүйкесіне түсер салмақ туралы ойланбас едік.