Трансшекаралық өзендердің мәселесін шешудің қандай тың жолдарын ұсынар едіңіз?
Ахметқал МЕДЕУ, ҚР Білім және ғылым министрлігі География институтының директоры:
– Трансшекаралық өзендердің мәселесін шешудің бір-ақ жолы бар. Ол – Орталық Азия аймағында су-энергетикалық консорциумын құру. Оны басқару ісін тек бір мемлекетке жүктемеу керек, онда барлық елдің өкілдері болуы тиіс. Осылайша, Орталық Азия өңірі Сырдария мен Әмудария өзендерінің ресурстарын пайдалану бойынша келісімге келгені дұрыс. Онсыз бұл мәселені шешу қиын. Бұл ретте Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан елдерінің басшылары бірлесе отырып, ортақ бір мәмілеге келгені жөн. Кеңес үкіметі кезінде бұл елдермен трансшекаралық суды бірлесіп пайдаланудың келісімшарты бар болатын. Қазір де сол шартпен жұмыс істеп келеміз. Алайда кей жағдайларда өзеннің бастауында отырған елдер бұл келісімшартты өз деңгейінде орындамай келеді. Бізге су қажет емес қысқы мезгілдерде суды көп жіберіп, ал жазда азайтып тастайды. Бұл дұрыс емес. Міне, осындай келеңсіздіктер болмас үшін тағы да Орталық Азиядағы елдердің басшылары біріге отырып, мұны нақты шешудің жолдарын қарастыруы тиіс.
Жақыпбай ДОСТАЙҰЛЫ, география ғылымының докторы, профессор:
– Трансшекаралық өзендер мәселесі – өте күрделі проблема. Мұны шешудің жолдарын жан-жақты ойластырып, кешенді түрде шешпесек, ертең мұның арты үлкен дауға ұласып кетуі мүмкін. Бұл үшін біз алдымен су мәселесін үкіметтік деңгейде шешіп алуымыз қажет. Өкінішке қарай, қазір бізде су ресурстары комитеті жабылып, оны басқару құзыреті Ауыл шаруашылығы министрлігінен алынып, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне өтті. Онда ол комитет емес, департамент ретінде қалып кететін түрі бар. Кезінде су министрлігін құру керек деп шырылдап жүрсек, енді «мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылдының кері» келіп, комитетімізден де айырылып қалдық. Ал департамент деген не, онда ары кетсе 10-15 қана маман отырады. Олар мұндай күрделі мәселені қалай шешпек? Сондықтан мұны шешу үшін ең бірінші су министрлігін құруымыз қажет.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
– «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» демекші, өзіміз бұрыннан қатар келе жатқан тәжік, өзбек, қырғыз ағайындармен келісімге келіп, суды пайдаланудың ортақ негіздемесін жасап алуға тиіспіз. Менің ойымша, олармен келісімге келу соншалықты қиын емес. Өйткені тіліміз ұқсас, түбіміз бір, дініміз мұсылман халықтармыз. Ал бұл ретте Қытаймен келіссөз жүргізу ауырлау болады. Қазір траншекаралық өзендерге қатысты Қытаймен 2014 жылы келісімшартқа отырамыз деген жоспар бар. Дегенмен қытай – 100 жылдығын ойлайтын халық, олармен өзімізге тиімді келіссөз жүргізу оңай болмайды. Сондықтан бұл ретте қандай шегініске барсақ та, бұл мәселені тиімді шешуіміз қажет. Тіпті керек болса, Ресей секілді алып елді ара ағайындыққа шақырып, екі жақтың да мүддесіне сай келісімге келуге тиіспіз.