Төтеншеліктерді заманауи техникамен жарақтандыратын және қосымша құзыретпен қамтамасыз ететін уақыт жеткен жоқ па?
Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, Сенат депутаты:
– Төтеншеліктер төтенше оқиға кезінде тез арада көмек көрсететін бірден-бір қызмет иелері болғандықтан, техникалық құрал-жабдықтары талапқа сай болуы керек. Мәселен, Ресейдің төтенше жағдайлар жөніндегі министрі төтенше оқиға кезіндегі ұйымдастыру қабілеті мен төтенше жағдайдың алдын ала білгені үшін Халық қаһарманы атағын алды. Олар ондай нәтижеге заманауи техникалық құрал-жабдықтарының арқасында жетіп отыр. Ал біздің төтеншеліктер заманауи құрал-жабдықтары болмағаннан кейде төтенше жағдайдың құрбаны да болып жатады. Сондықтан оларды тез арада жарақтандырмасақ, аяқастынан туындаған төтенше жағдайдан келер қауіп-қатер көлемі арта береді. Биылдың өзінде тасқын судан бірнеше аймағымыз зардап шекті. Осындай жағдайларда сапалы көмек көрсетуге техниканың жеткіліксіздігі қолбайлау болып жатады. Сондықтан алдағы уақытта Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік басшысы төтеншеліктердің қызмет сапасын арттыру үшін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету туралы Үкіметтің алдына нақты ұсыныстармен шығуы керек.
Балташ ТҰРСЫМБАЕВ, қоғам қайраткері:
– Төтеншеліктерді заманауи техникалық құрал-жабдықтармен жабдықтаудың қажеттілігі әлдеқашан туды. Мәселен, бүгінде Астанада 50 қабатты үйлер бой көтеруде. Өрт шыға қалса, төтеншеліктер тиісті көмек көрсете де алмайды. Өйткені қайбір жылы биік бір ғимаратымыз өртенгенде төтеншеліктердің төменде тұрып алып, жеткен жеріне дейін ғана су шашып тұра берген әрекетінің куәсі болдық. Біз елімізде биік ғимараттар бой көтере бастаған кезден бастап, төтенше жағдайдың алдын алу жайлы ойлануымыз керек еді. Тағы бір айта кетер жайт, төтеншеліктер кез келген құрылыс нысаны басталмай тұрып нысанның қаншалықты қауіпсіздігі туралы келісім беруі керек. Біз төтеншеліктерге осындай құзырет беруіміз қажет. Сонда ғана төтенше жағдайдың алдын алдық деп айта аламыз.
Ақмырза РҮСТЕМБЕКОВ, ҚР Сәулетшілер одағының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы:
– Кез келген ғимарат, нысанды салар алдында бас жобада жер комитеті мен төтеншеліктердің, экология, су, санитарлық комитеттердің келісімі болуы керек. Бүгінде елімізде бұл қағиданың сақталмағанының зиянын көріп отырмыз. Егер тез арада жағдайды қалыпқа келтірмесек, төтенше жағдайлардың зардабы арта береді. Мәселен, кез келген ауылдың жанында су тасқыны кезінде суды ағызып әкететін суағарлар болуы керек. Және ол бас жобада көрініс табуы тиіс. Алайда суағарлар бүгінгі күні ауыл түгілі, қалаларда да жоқ. Осының салдарынан қала маңында жоспарсыз орналасқан елді мекендерді су басу оқиғасы жиілеп кетті. Оны талап ететіндей бас жоспар кезінде төтеншеліктердің шешімі де есепке алынбаған. Сондықтан алдағы уақытта кез келген құрылыс нысанын жүргізер алдында төтеншеліктердің келісімі болуы керек. Барлық құрылыс нысанының бас жобасына тікелей араласа алатындай төтеншеліктерге құзырет беру қажет. Әйтпесе, бүгінгі таңда құрылыстар беталды жүргізіле беретін болды. Ал оқыс жағдай орын ала қалса, зардабын төтеншеліктер тартады.