Қоғамдық орындарда сүйіскендерге айыппұл салу керек пе?
Мақсат ЖАҚАУОВ, саясаттанушы:
– Қазір ғаламторда қазақстандық бір портал қоғамдық орындарда сүйісуге байқау жариялапты. Сүйістен сайыс өткізу дегенді мен мәдениетсіздіктің, әдепсіздіктің белгісі деп түсінемін. Шыны керек, бұл – өте анайы жоба. Бұл – белгілі бір қоғамдық этикаға, моральға сай келмейтін нәрсе. Мұндай бастаманы ұйымдастырып отырғандар, меніңше, ұлттық мәдениеттен жұрдай адамдар. Әйтпесе бұл – қазақы ұғымға жат дүние. Егер мұндай жарысты Бельгияда, Испанияда өткізетін болса, мүмкін бұл ол жақтан қолдау табатын шығар. Бірақ біздің қоғамда бұл бастаманы ешкім қолдамайды. Сондықтан осы елдің азаматы ретінде айтарым, мұндай бастамаларды қолдаудың керегі жоқ, қайта, керісінше, айыптап, келесі жолы мұндай жобаларды жүзеге асыратындай мүмкіндік бермеуіміз керек. Тіптен тыйым салып тастағанымыз жөн. Тағы да қайталап айтамын, жалпы, ұрпақты азғындайтын, еліміздің ұлттық мәдениетіне, ғұрпына нұқсан келтіретін жобаларға айыппұл салып, енді қайта болмастай етіп жолын кесуіміз қажет.
Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:
– Мен тек айыппұл салып қана қоймай, ондайларды көшенің ортасында тұрғызып қойып сабау керек деп есептеймін. Әйтпесе мұсылман мемлекеттерінде, тіпті көрші тұрған Өзбекстанда мұндай сорақылықты көрмейсің. Неге? Өйткені онда ұлттық, рухани құндылықтар жақсы сақталған. Бізде «неғылар дейсің?» деп немқұрайдылық танытып жатады. Бұл деген біздің ұлттық құндылықтарымыздың құнсыздануын көрсетеді. Жасыратыны жоқ, қазір біз деградациялық жағдайда тұрмыз. Мысалы, Египет заңдылығына сәйкес, қоғамдық орында сүйіскені үшін екі адамды да екі жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Тіпті онда сұлулық конкурсын өткізуге рұқсат етілмейді, яғни тыйым салынған. Малайзияда қоғамдық орында сүйісу, құшақтасу және басқа да жат құбылыстар үшін ақшалай айыппұл қарастырылған. Қалай десек те, біз халқымыздың менталитетіне жат мұндай келеңсіз қылықтардың тамырына балта шабуымыз керек.
Мақсат РАДЖҰЛЫ, радиожурналист:
– Соңғы кездері жиі айтыла бастаған осы әрекетке өз басым қарсымын. Сүйісуге қарсы емеспін, бірақ қоғамдық орындарда, далада, көшенің қақ ортасында тұрып сүйісуге қарсымын. Қыз бен жігіт сүйіспесін деп тұрған жоқпын, дегенмен сәл бір өздерін ұстамды ұстаса жеткілікті. Көшенің қақ ортасында, дем алатын орындарда, бірінің үстіне бірі шығып алып, ауыздан бастап, түгел тамақты жалап шығады. Бұл, шыны керек, ерсі қылық қой. Сөз жоқ, көшеде серуендесуге, қызбен қыдыруға, дем алып сөйлесуге, әңгімелесуге болады, ол – әдемі көрініс. Қолдарынан ұстасып жүргенде де ештеңе жоқ деп ойлаймын, ол – махаббат. Ал енді адамдардың ортасында сүйісу (айта берген де ыңғайсыз екен) – бізге жат қылық. «Қызға қырық үйден тыю» деген қазақтың керемет мәтелі қайда қалады сонда? Бұған тыйым салыну керек. Бұл үрдісті тоқтату керек. Керек болса, заңмен де шектеп тастағанымыз дұрыс. Әйтпесе мұның арты жақсылыққа апармайды. Егер қыздың ары жоғалса, қоғам құрдымға кетеді.