Қазақ тілінде қате жарнама берушілерді қалай жазалау керек?
Мұхтар Шаханов, халық жазушысы:
– Жарнамалардағы қазақшамызды қалай түзейміз, оны берушілерді қалай жасаймыз деген сауал – «өзі дімкәс адамның аяғына кішкене тікен кіріп кетіпті, соны қалай жазамыз» деген сияқты алаңдаушылық қана. Анығын айтсақ, тілге қатысты бұдан да маңызды-маңызды мәселелер шаш етектен. Жарнама тілі соның ішіндегі кейінгі проблемаларға жатады. Бүгінде ана тіліміздің аясы тарылып, жағдайы түзелмей отырғандығының басты себебі – біздегі «Тіл туралы» заңның солқылдақ болуы. Ал заңдарымыздың күші жетпегендіктен, кімді қалай жазалайсың?! Міне, осылайша, тіліміз бұзылған үстіне бұзыла бермек. Осы мәселемен айналысады дегендердің өздері қит етсе тілге анау жауапты, мынау жауапты деп, бір-біріне ысыра береді. Айналып келгенде, мемлекеттік тілге байланысты барлық мәселеге тікелей биліктің өзі жауапты болуы тиіс. Жергілікті басшылар болса жоғарыдан пәрмен болмайынша, қимылдай қоймайтыны белгілі. Сондықтан да мемлекет шындап кірісетін болса, тілімізді мейлінше дамытуға зор мүмкіндіктер ашылар еді.
Мамай Ахет, Алматы қаласының Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы:
– Көшелердегі, маңдайшалардағы жазулар, ақпарат құралдарындағы жарнамалардың сауатсыздығы біздің үнемі бас ауыртатын қиын мәселелеріміздің бірі болып отыр. Алматы сияқты үлкен мегаполисте бұған байланысты проблема өте көп. Дей тұрғанмен де, біз қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Біздің мамандар жиі-жиі тексерулер өткізіп, тілбұзар жарнамаларды тауып, қолда бар деректердің жинап, суретке түсіріп, прокуратураға ұсынады. Одан кейінгі процестерге біз араласа алмаймыз. Дәлірек айтсақ, жарнамаға жауаптыларды жазалау мәселесіне келгенде тіл басқармасының құзыры жүрмейді. Тиісті жаза қолданбақ түгіл, біздің тілбұзарларға тікелей ескерту жасауымызға да құқымыз жоқ. Тағы бір жайт, біздің елімізде жарнама жасаумен айналысатын мамандардың басым бөлігі – орыстілділер. Ал қазақ тіліндегі жарнама орысша немесе ағылшынша нұсқасынан аударылғаннан кейін ғана жасалады. Соңғы уақыттарда да біз өз жұмысымыздың нәтижесін жеделдету үшін аудандық мәдениет және тіл бөлімі, сондай-ақ «Алматыжарнама» мемлекеттік мекемесі кадрларымен бірлесіп, арнайы тексерулерімізге прокуратура қызметкерлерін бірге алып жүруді жолға қойдық. Өйткені нақты қатені көрген жерде прокуратура қызметкерлері дер кезінде тиісті шара қолдана алады.
Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің доценті, филология ғылымының кандидаты:
– Мемлекеттік тілімізге қатысты талаптарды орындамағандарды әкімшілік жауапқа тартудан басқа амал жоқ. Бірақ бізде осы мәселемен тікелей айналысып, жауапкершілікті өз мойнына алатын ешқандай құзырлы мекеме жоқ. Негізі, мемлекеттік тілді бұрмалаушыларды Тіл комитеті сотқа беруге құқылы. Алайда комитеттегілер кінәлілерді анықтағанның өзінде, жарымжан жарнама берушілер болмашы айыппұл төлеумен ғана шектеліп, оңай құтылып кете береді. Сондықтан да қате жарнама жасағандарға салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайту қажет. Айыппұл мөлшері жарнама құнынан екі-үш есе қымбат болуы тиіс. Бұған қоса Қазақстанның әрбір азаматы да осы мәселеде шет қалмауы керек. Халықтың көпшілігі көшеден ала-құла жарнама көрсе, «мынаның қазақшасы қате жазылған» екен дейді де, өте шығады. Демек, бізде жалпы ана тілімізге деген немқұрайдылық бар. Ал мемлекеттік тілді қорғау Тіл комитеті мен белгілі бір ұйымның ғана шаруасы емес.