Наурыз мейрамының қарсаңында жалпыұлттық сенбілік күнін нақты белгілеу керек пе?
Мырзагелді КЕМЕЛ, экономист-ғалым:
– Бұл – өте орынды көтерілген мәселе. Бұл, бір жағынан, Наурыз мерекесінің жалпыхалықтық сипат алуына ықпал етеді деп ойлаймын. Негізінде, әуелден ата-бабаларымыз Наурыз мейрамын «еңбек мейрамы» деп таныған. Наурыз жаңарудың, тазарудың бастамасы болғандықтан мұндай игі шараларды қолға алуды өз басым құптаймын. Бұл жерде жергілікті әкімшіліктердің де белсенділігі көрінеді. Әрине, Наурыз айында қайсыбір аймақтар жайнап, құлпырып шыға келсе, енді бір аймақтарды қар басып, әлі де қыстың ызғарынан шыға алмай жұртшылық қиналыңқырап қалады. Осындай аймақтарда шараны ұйымдастыру ісі қиынға соғары анық. Десек те, сенбілік барысында жұртты тазалыққа шақырып, іске жұмылдыру қажет. Жұртшылық Наурыздың келе жатқанын мұндай игі істер арқылы сезіне түсер болса, онда бұл күні ертең Наурыздың насихатын арттыруға ықпал етеді.
Мұртаза БҰЛЫТАЙ, дінтанушы-ғалым:
– Әрине, мұндай пікірлерге ешкім қарсы тұрмас. Бірақ мұндай шараларды нақты бір күнге ғана белгіліп, оған әкімшілік ресурстың күшін араластырып міндеттеп істеудің қажеті жоқ. Себебі бір күннің ішінде халықтың санасын өзгертіп жіберу қиын. Жалпы, біз үшін тазалық мәселесінде қоғамға Норвегия, Швеция, Германия, Жапония, Канада, Жаңа Зеландия елдерінің мәдениетін берсін деп тілеу керек. Бұл елдерде макро және микродеңгейде тазалыққа деген адалдық, айналаны ластамау, табиғатқа жанашырлық қалыптасып үлгерген. Ал біздің бұқара «біреу көрмесе болды» деп жан-жағына алақтап қарап алады да, ешкім жоқ болса қоқысты көшенің нақ ортасына тастап кете барады. Мұндай сананы біз сенбілік күнін нақтылау арқылы шеше алмасымыз анық. Сондықтан азаматтық сананы өсіру керек. Ол үшін табиғатқа, айналаға деген жанашырлықты арнайы мектеп бағдарламасына енгізіп оқыту қажет. Осындай шараларды жинақтап, тұжырымдап жасамаса, бір ғана сенбілік күнін белгілеу арқылы түйткілді тарқата алмаймыз.
Мелс ЕЛЕУСІЗОВ, эколог:
– Арнайы бір күнді белгілегеннің өзінде мұны жалпыхалықтық сипатқа айналдыру үшін біраз тер төгуге тура келеді. Себебі біздің республикамыздың табиғи климаты Наурызда оңтүстікте жылы болғанымен солтүстікте суық. Мұндай шараға оңтүстіктің халқы белсене араласқанымен, солтүстіктің тұрғындары шарадан тыс қалады. Шараны жүзеге асырарда осы жайтты да ойластырған жөн. Жалпы, Наурызда ағаш егіліп, жас шыбықтарды өсіруге ықпал етіп жататын дәстүр бар. Бұл да – жұртшылықты бір-бірімен ұйыстыратын шара. Негізінде, күн жылына салысымен қора-қопсысын тазартып, ауласын тазалап жұрт көктем айынан қандай да бір ізгілік пен жақсылықты күтеді. Жыл басы Наурызда халықты ұйыстыру мақсатында қандай шаралар атқарсақ та оңды деп ойлаймын. Өйткені қазіргі Наурыз мейрамы халыққа сахналық қойылым әзірлеу мен фольклорлық көрініс көрсетуден әрі аспауда. Сондықтан мұндай шараларды ұйымдастыру – қажеттілік.