Мұғалімдердің құқығын қорғайтын арнайы заң қабылдамайынша, ұстаздардың беделін арттыра аламыз ба?
Ирина СМИРНОВА, республикалық мұғалімдер мен оқытушылардың құқығын қорғайтын «Ар-намыс» қоғамдық ұйымының Алматыдағы бөлімшесінің төрайымы:
– Қазір мұғалімдердің беделінің төмендеп кеткені соншалықты, егер ұстаз бір балаға «2» қойса, ата-ана мектепке келіп, оқытушыға да, мектеп директорына да балағат сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсетіп кететін жағдайлар тым жиілеп кетті. Өзім осы қаладағы №48 мектеп-лицейдің директорымын. Қарапайым мысал: мамыр айында біз 9-сыныптың оқушыларынан емтихан алдық. Емтиханды өткізу комиссиясының төрайымы ретінде, сол сынаққа бақылау жүргізгенімде көп баланың телефон, шпаргалка қолданып отырғандарын көрдім. Оқушылардың қолынан барлық шпаргалка мен телефонды жинап алып, емтихан қорытындысын тексергенімде, қатты таңғалдым. 27 оқушының 23-і «2» алды. Мұның себебін анықтағанда, мұғалімдер оқушылардың шпаргалка қолдануына рұқсат беруге мәжбүр екенін білдім. Осы мәселемен күресемін деп қазір мен ата-аналардың көзіне күйік болдым. Ата-аналар менің артымнан арыз ұйымдастырады, жоғарғы жаққа шағым түсіреді, тіпті маған келіп, қоқан-лоқы көрсететін болды. Міне, осындай жағдайда мұғалімдердің құқығының қорғалмайтындығына көзім анық жетті. Кейін бұл даудың арты сотқа ұласты. Ата-ананың мені қорқытып-үркіткендігінің бәрі бейнебақылауға түсірілген. Ол маған ашуланып ұрсып, аузына келгенін айта берген соң, полицей шақырдым. Ақыры құқық қорғаушыны шақырғаным үшін өзім кінәлі болдым. Әкімшілік сот істі неше рет қарап, соңында бұл дау аяқсыз қалды. Сонда ата-аналардың мектепке келіп, ұстаздарға боқауыз сөз айтуына осылайша немқұрайды қарап отыра береміз бе?!
Марианна ГУРИНА, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті:
– Мен бұл сұраққа ата-ана ретінде жауап беретін болсам, тек мұғалімдер құқығын ғана емес, ата-ана, ұстаз, оқушы арақатынасын да заң бойынша нақты айқындау керек дер едім. Заң шығарушы органдар «Білім туралы» Заңға толықтырулар енгізіп, білім беруде мұғалімнің құқығы қандай болуы керек, оқушының құқығы қалай, ата-ананың құқығы қалай реттелуі тиіс – осының бәрін толық жазып көрсеткені жөн. Әйтпесе, мен қазір баламды мектепке жіберуге қорқамын. Кейбір білімсіз ұстаздар оқушыға қысым жасайды, ұрсады, ұрады. Мектепке жиналатын ақшаны уақытында әкелмесе, баланы оқушылардың көзінше кемсітеді. Осының салдарынан ата-ана, ұстаз, оқушы арасындағы байланыс қиындап кетті. Қазір ата-аналар алқасы мектепке тек ақша жинау үшін ғана керек секілді болып қалды. Сондықтан ата-аналардың балаларын мектепке бере отырып, қандай құқықтарға ие екендігін айқындап алуымыз керек.
Маргарита ӨСКЕМБАЕВА, Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры:
– Өкініштісі сол, біз балаға көп көңіл бөлмейміз. Ата-ана да, мұғалімдер де баланың сөзін сөйлеген секілді болып тұрады, алайда шындап қарасаңыз, үлкендердің екі жағы да баланың емес, жеке басының қамын күйттейді. Мұғалімдер өз құқығын, ата-ана өз құқығын айқындағысы келеді. Бізге екеуінің де емес, ең бастысы, баланың білім алу құқығы бұзылмағаны керек. Ата-ана мен мұғалім үшін бала жапа шекпеуі тиіс. Бұл жерде қоғамның келеңсіздіктерінен баланы ата-ана да, мұғалім де, штаттағы психолог та, департамент те, құқық қорғау органдары да, жасөспірімдер тәрбиесімен айналысатын мемлекеттік органдар да – барлығы өз деңгейінде қорғауға міндетті. Біз бірігіп жұмыс істемей, нәтижеге қол жеткізе алмаймыз.