Күй өнерін насихаттау кенже қалып отырған жоқ па?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнертанушы, әнші:
– Қазіргі уақытта тек күй өнерін насихаттау ғана емес, жалпы, қазақ өнерін насихаттау кенже қалып отыр. Мұны жасырудың қажеті жоқ. Ал күй өнерінің ішіндегі шертпе күй өнерінің бүгінгі ахуалы тым нашар. Бір ғана мысал келтірейін, осы жақында концерт өткізу үшін Әбікен Қасеновтің «Қоңыр» деген күйін тарта алатын адам таппадық. Сондай-ақ Тәттімбеттің бірсыпыра күйлерін тартатын Алматыда да адам жоқ екен. Қазақтың күрделі классикалық күйлерін тартатын адамдардың тапшылығы да күй өнерінің бүгінгі жағдайын көрсетіп беріп отыр. Оның үстіне бұрмаланған қазіргінің музыкалық жанрлары күйдің табиғатына нұқсан келтіріп, күй атаулының құдіретіне балта шауып жатыр. Әйтпесе күйден папури шығару деген қайдан келді? Ол аздай, домбыраларымыз да қоңыр үнін жоғалтып, өте жоғары бұраумен шыңқылдап шығып жүр. Демек, алдымен қоңыр домбырамызды ортамызға қайта әкеліп, халықтың күнделікті күй тыңдауына жағдай жасауымыз керек. Бізге күй өнерін насихаттаудың жеке бағдарламасы қажет деп ойлаймын. Себебі күй тыңдалмай, күй өнерін насихаттауды дұрыс жолға сала алмасымыз анық.
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, күйші, өнертанушы, ҚР мәдениет қайраткері:
– Күй өнерін насихаттау кенже қалып отыр деп айту тым аздық етер, қазақтың күй өнері мүлдем насихатталып жүрген жоқ. Халықтың санасына «мынау халық әні» деп эстрадаға салынған әнді тыңдату, «мынау біздің халық күйіміз» деп компьютермен жасалған, өзге аспаптармен қатар орындалатын музыканы тыңдату – ол өнер де емес, өнерді насихаттау да емес. Мұнымен тек халықты адастырып, қазақ өнерін құртып жіберуге ғана болады. Онсыз да теледидардан күйлер берілмейді. Өзгені емес, өзімді айтайын. Міне, 3-4 жылдың жүзі болды, домбырамды қолыма алып халықтың алдына шыққан емеспін. Иә, телеарналарға шақырады, «сұхбат беріңіз» дейді. Бірақ күйшілер әңгіме айту үшін халықтың алдына шығуы керек деп есептемеймін. Тым болмаса «елдің алдына шығасыз, бір күй орындап беріңіз» деп айтса болады ғой. Міне, біздің насихаттың сықпыты.
Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ, өнертанушы, домбырашы-күйші:
– Күй – қазақтың төл өнері. Әрине, оның бүгінгі жетімсіреген күйі бәріміздің жанымызға батады. Күйге деген атүсті көзқарастың пайда болуына заманауи рэп, рок, поп сынды музыкалық жанрлардың кең сұранысқа ие болуы сеп болды. Бірақ сол сұранысты да тудырған – өзіміз. Шетелден келген шикі дүниені бас сала жарнамалап, насихаттап, таспаларын таласа сатып алатынымыз бар. Демек, күй өнерін насихаттауды да сол таспалардан бастауға тиіспіз. Қазіргі заманның жастарын ғаламтор желісі, теледидар қызықтырады. Олай болса, интернетке қазақ күйлерін көптеп енгізіп, күй жинақтарын қолжетімді бағамен сатуға болады. Қоғамда мынадай бұрыс пікір қалыптасқан: «халық өнері тек музыкаға әуес адам үшін ғана қажет, ал қарапайым халық үшін халық өнері –мұражайдағы экспонат». Сондықтан күй өнерін насихаттауды мектептен бастаған жөн болар деп есептеймін. Күй тыңдауды мектеп бағдарламасына енгізу керек. Халық өнерін жаттап өскен бала ұлттық өнеріміздің қай түріне болсын қырын қарамайтын болады.