Көпұлтты театрдың концепциясы қалай болу керек?
Сұлтанәлі Балғабаев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы-драматург:
– Мен осы уақытқа дейін еліміздегі өзге ұлт театрларына күмәнмен қараушы едім. Жақында бұл пікірімді өзгерттім. Осыдан біраз бұрын Қазақстан театрларының фестивалі өткен болатын. Сонда республикамыздың түкпір-түкпірінен келген әртүрлі театрлар өнер көрсетті. Осы фестивальға қатысқан өзге ұлт театрларының ішінен маған кәріс театры қатты ұнады. Мұны айтып отырған себебім – біз өзге ұлт театрларының потенциалын өзімізге пайдалана алмай жүрміз. Мысалы, сол театрлар өздерінің тарихи Отанынан, немесе басқа да шетелдерден көптеген шақыртулар алып жатады. Гастрольға барғанда олар, әрине, өздерінің ұлттық шығармаларын сахналайды. Егер де біз сол өзге ұлт театрларының репертуарына қазақ драматургиясын енгізуді міндеттесек, идеологиялық тұрғыдан да көп нәрсе ұтқан болар едік. Меніңше, Қазақстандағы әрбір өзге ұлт театрлары өздерінің ұлттық дүниелерін насихаттаумен қатар, қазақ мәдениеті мен өнеріне қызмет етуі тиіс. Сондықтан да көпұлтты театр құру концепциясы осы мәселелер төңірегінде өрбуі керек.
Ғаббас Қабышұлы, жазушы-сатирик:
– Қазір Қазақстанда қазақтың өз театрынан басқа немістің, орыстың, ұйғырдың және тағы басқа ұлттардың да театрлары жұмыс істейді. Бұлардың әрқайсысы тек өздеріне тән концепция қабылдап, өздерінің ұлттық ерекшеліктеріне сай репертуар таңдайды. Ал енді осылардың бәрінің басын қосқаннан біз не ұтамыз? Мәселен, осындай көпұлтты театр құрылды делік. Сонда бір сахнада бір шығарма әртүрлі тілде қойыла ма? Қалай болған күнде де, бұл үрдіс театрларымыздың шығармашылық тұрғыдан дербес өсіп-өркендеуін тежейді. Осы ойды жоғарыдан қолдап отырғандар ақшаларын қайда жұмсарын білмей отырғанша, қазақ театрларының заманға лайық дамуына көмектеспей ме? Бүгінде еліміздің үлкен қалаларынан бөлек аймақтарында жаңа талаптарға сай жабдықталған театрлар жоқтың қасы. Ұлтымыздың рухани ахуалын жақсартуды мақсат етсек, біз ең алдымен өзімізді жарылқап алуымыз қажет. Әрине, театрлардың өзара байланысы болған жақсы.
Ахметжан Ашири, Қазақстан Жазушылар одағы ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы, жазушы-драматург:
– Көпұлтты театр құруды әркім әрқалай түсінеді. Мысалы, бір бақшада әртүрлі жемістер өсіп тұрады. Олардың әрқайсысы өзінің түрімен, дәмімен, иісімен ерекшеленіп тұрады. Әрқайсысының өз орны бар. Бірақ бәрі бір үйлесімге бағынып өседі. Егер біз миуалы бақтың әр тұсында жайқалып тұрған жеміс ағаштарын бір-біріне қосып, араластырсақ, онда бақшада берекесіздік орнайды. Сол сияқты еліміздегі әртүрлі театрлардың басын біріктіріп, бір жерге шоғырландыруға ұмтылғанша, бұлардың арасындағы жан-жақты байланысты жандандыруымыз қажет. Мысалға алатын болсақ, осы күнге дейін қазақ театрларында бірде-бір ұйғыр жазушысының шығармасы қойылмаған. Есесіне, ұйғыр театры қазақтың классик қаламгерлерінен бастап, бүгінгі драматургтердің туындыларына дейін сахналап келеді. Меніңше, көпұлтты театрды құруды емес, осылардың рухани-шығармашылық, әріптестік байланыстарын күшейтуді ойластыру керек.