Көлік кептелісін шешудің жолайрық салудан басқа жолы жоқ па?
Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Көлік кептелісін шешудің жолдары өте көп. Ол тек жолайрық салумен шешілмейді. Жолайрық тек бір қиылыстың кептелісін ғана шешеді, ал жолдың келесі бір қиылысына не бағдаршамға келгенде көліктер қайта кептеліске түседі. Оның үстіне мұның құрылысына өте көп қаражат кетеді. Оның орнына ұзын сонар жолдың алдына салынып қойылған көпқабатты үйлерді бұзып немесе тесіп еркін көше қылсақ қандай жақсы болар еді. Санамалайтын болсақ, қалада Абай мен Райымбек даңғылдарының арасында 15 көше бар екен. Алайда батыс бағытқа қарай осы көшелердің ішінде үшеуі-ақ Момышұлы көшесіне дейін барады: Абай, Төле би, Райымбек даңғылы. Аталмыш көшелерде – үнемі кептеліс. Егер біз ең болмағанда тағы екі көшені Момышұлына дейін баратын етсек, тіпті Қалқаман ықшамауданы, Алтынорда базарына дейін ұзартсақ, біраз тығынды таратар едік. Өйткені Абай даңғылы мен Төле би көшесі Момышұлына барып тіреледі де, Қалқаман мен Алтынорда базарына, ары қарай қаладан шығу үшін тек Райымбек көшесі ғана қалады. Нағыз кептеліс осы жерде басталады. Сондықтан Абай мен Төле би даңғылын Қалқаманға баратындай етіп созу қажеттігі туындап тұр.
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, саясаткер:
– Бiзде көлiктер жол жиегiнде көп тұрады. Демек, екі жолақты жол болса, соның бірі жабылады. Осылайша жол өзінің жүргізу қабілетін жоғалтады. Мұны жол-патрульдық полициясы қызметкерлері ретке келтіруі керек. Олардың жұмысы – тығылып тұрып көлік ұстау емес, көлденең қойған көліктерге қатаң шара қолданып, айыппұл салу. Мысалы, шетелде салынатын айыппұлдың мөлшері көп. Осылай көлік жүргізушілерін мәдениеттілікке үйретуге болады. Әрине, біріншіден, оған жағдай жасауымыз қажет. Ол жағдай – жол жиектеріне тұрақтар орнату. Мейлі, екі талдың арасына бір көлік сыйса да, оған тұрақ жасау қажет. Сонда жолға кедергі болмайды. Бұған қаражат көп кетпейді. Сонымен қатар Астанада жердің үстінен шағын рельсті жолдар салынбақ. Мұның метроға қарағанда тиімділігі өте көп. Осы жүйені Алматыға да енгізуіміз керек. Әйтпесе оңтүстік астанадағы метроның бітетін түрі жоқ. Жылына бір-ақ шақырым ғана жол жасалады екен. Біз бұл тасбақа жүріспен метроны 100 жылда бітіре алмаймыз. Сондықтан оны жолдың үстіне шығарып, тез бітірудің амалын қарастырғанымыз жөн.
Амалбек ТШАН, қоғам қайраткері:
– Негізі, бізде барлық мемлекеттiк болсын, мемлекеттiк емес болсын мекемелер, тiптi түрлi сауда орындары да қаланың нақ ортасына орналасқан. Ол маңда көлiктер сығылысып тұрады. Мiне, қала әкiмдiгi осындай көлiк көп келетiн орындарға өздерiнiң жанынан паркингілер салуды талап етуі керек. Сонда оларға келетiн автокөлiктер жол жиегiне емес, соларға тиiстi жерлерде салынған паркингілерге қойылатын болады. Ал ондай талаптарды орындамай ма, онда оларды қаланың шетiне көшiру керек. Негізі, бұл – тікелей жергілікті биліктің жұмысы. Сонымен бірге қандай жағдай болмасын, үлкен жылдамдықпен жүретін жолда көліктерді жаяу жүргіншілермен кездестірмеу керек. Ондай жерлерде жерасты немесе жерүсті өткелдерін салу қажет. Сонда көліктер бөгеліп қалмас еді.