Еліміздегі өзен-көлдерді тазалау мен қорғау мәселесін ұмыт қалдырған жоқпыз ба?
Ахметқал МЕДЕУ, география ғылымының докторы:
– Еліміздегі су саласының мамандары, ғалымдар, жобалаушылар бірлесе отырып, Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын жою бойынша ірі ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асырды. Бағдарламада еліміздегі су қорының, суға сұраныстың қазіргі кездегі және 2020, 2030 жылдарға қарай орын алуы мүмкін шамалары бағаланып, су тапшылығының алдын алу іс-шаралары қарастырылды. Су нысандарының тазалығына келетін болсақ, бұл мәселенің аса ушығып тұрғанын айтуға болады. Мәселені күрделендіріп тұрған жайт, еліміздің ағын суларының едәуір бөлігінің көрші шет мемлекеттерден ағып келетіні. Ал еліміз аумағындағы жағдайды шешу, табиғи су көздерінің экологиялық ахуалын реттеп алу жауапты мемлекеттік ұйымның іс-әрекетімен тікелей байланысты, яғни аталған саланың жан-жақты толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Қазіргі басты мәселелер – суды тиімсіз пайдалану, бақылау, зерттеу және қорғау шараларының жеткіліксіздігі, сондай-ақ сала бойынша білікті мамандар тапшылығы деуге болады. Еліміздегі ең ірі су тұтынушы сала – суармалы егіншіліктің су сұранысын қамтамасыз етіп отырған сушаруашылық имараттардың басым бөлігі тозған, тиімділігі 0,4-0,5 шамасында, яғни бастауында алған судың жартысына жуығы босқа ысырапталып отыр. Көлдер мәселесі сол 40-50 жыл бұрынғы зерттеулерден кейін жалпы еліміз деңгейінде тіпті қайта қаралмаған. Айтылған басты мәселелерді шешпейінше, анда-санда көтеріліп, қайта басылатын көлдерді тазалау, қорғау мәселелерін нақты бағалап, түзеу жолдары жайлы ұсыныс айту мүмкін емес.
Жақыпбай ДОСАЙ, География институты су мәселелері бөлімінің меңгерушісі, профессор:
– Еліміздегі көлдердің жағдайы бойынша қазір де бұдан 50 жыл бұрын жасалған зерттеулердің нәтижесіне жүгінеміз, соған сілтеме жасаймыз. Ал олардың қаншасы қалды, олардың тазалығы қандай екені қазірге беймәлім. Қазір Қазгидромет неміс компаниясымен бірігіп, Шортанды көліне зерттеу жұмыстарын жасауға кіріскелі жатыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Шортанды көлінің деңгейі 16 метрге төмендеген. Табанында қалыңдығы 1,5-2 метрдей шөгінділер жиналған. Ал еліміздегі қалған көлдерге зерттеулер жүргізіліп отырған жоқ. Біздің институт Білім және ғылым министрлігінің көлдерге мониторинг жүргізу бойынша жариялаған тендерге қатысып отырмыз. Егер тендерден жеңіп шықсақ, келесі жылдан бастап жұмысқа кірісетін боламыз.
Қуат НҰРҒАЗЫ, ҚҰАУ аңшылықтану және балық шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі, профессор:
– Бүгінгі таңда еліміздегі өзендер мен көлдерді тазалау мен қорғау мәселесіне мүлде көңіл бөлініп отырған жоқ деуге болады. Бұл мәселеде Үкімет шаралар қолданып, нақты көмек жасауы керек. Әйтпесе бұл мәселенің оңтайлы шешілуі екіталай. Бүгінгі таңда өзендер мен көлдердің қорғалмауы және судың таза болмауы балық қорының азаюына себеп болып отыр. Судың тартылуы, ластануы жыл сайын балықтардың қырылуына әкеліп соқтырып отыр. Балық қорының аз болуынан қазіргі таңда жетіліп үлгермеген балықтарды сатылымға шығарып жатырмыз. Бұл тұста қанша ұтылып отырғанымыз экономист маманға ғана емес, қарапайым халыққа да түсінікті. Егер осылай жалғаса беретін болса, көп ұзамай тығырыққа тірелуіміз мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге Үкімет шешім шығарып, шара қолдануы керек.