Ауыл тұрғындарына интернетті қолжетімді етудің қандай жолдарын ұсынасыз?
Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы:
– Ірі қалалар мен облыс, аудан орталықтарынан шалғай ауылдарға интернет желісін тарту қазіргі ең күрделі мәселелердің бірі болып тұр. Ал ақпараттық технологиялармен айналысатын компаниялар негізгі қызметтерін халық көп шоғырланған жерлерге ұсынатыны белгілі. Олар үшін тұтынушылар саны аз алыс ауылдарға желі тарту тиімсіз. Дегенмен бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалар жоқ емес. Мысалы, «Қазақтелеком» қызметінің арқасында соңғы жылдары республикамыздың бірқатар аймақтары телефон мен интернетке қол жеткізе бастады. Қазақстанның ақпаратық технологиялармен қамтамасыз ету саласындағы көшбасшының бірі ретінде «Қазақтелеком» қалалық жерлерде мол табыс таба бастады. Енді сол табыстың бір бөлігін ауылдарға интернет жеткізуге жұмсаса игі іс болар еді. Осы орайда жоғарыдан арнайы бағдарлама қабылдау қажет. Әйтсе де бүкіл елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету жалғыз ғана «Қазақтелекомның» мойнына жүктелмеуі тиіс. Бұл ретте жергілікті әкімшіліктер, ауылдан шыққан қалталы азаматтар да осы жұмысқа жұмылдырылуы тиіс.
Талғат Әбдібаев, компьютер бағдарламаларын жабдықтаушы:
– Бүгінгідей ақпараттар заманында компьютер, интернетсіз бірде-бір шаруа бітпейтіні белгілі. Алайда осындай заманауи электронды технологияларды кең қолданысқа енгізу жағына келгенде, біз біршама артта келе жатырмыз. Дегенмен қазір алыс ауылда тұрып-ақ та интернетті пайдалана аламыз. Бірақ ол – көбіне тек ұялы телефон арқылы ғана шектеулі түрде жүзеге асқан шаруа. Біз әзірге осы төмен деңгейден аса алмай отырмыз. Біз ауылға интернет қосу арқылы ауыл тұрғындарының біршама жұмыстарын жеңілдетер едік. Сонда ауылдықтар ары-бері аудан, облыс орталықтарына сабылмай, Үкімет порталына кіріп, түрлі жағдайларға қатысты құжаттар мен анықтамаларға тапсырыс беріп, алуына мүмкіндіктер туар еді. Ауыл тұрғындарына интернетті қолжетімді ету үшін, біріншіден, оның бағасын арзандатуға күш салу қажет. Екіншіден, алыс аймақтарды «сымсыз байланыспен» қамтамасыз етудің арнайы жоспарын құру керек. Үшіншіден, ауылдықтардың компьютерлік сауатын жетілдіру қажет.
Аршат ОРАЗОВ, сайт жасаушы, блоггер:
– Қазіргі кезде Қазақстанның ауылдық жерлерінде интернет тұтынуышлар өте аз. Көптеген алыс аймақтарға жаңа технологиялар әлі бара қойған жоқ. Ауылдық жерлерде интернетке қосылған компьютерлер, негізінен, сондағы пошта бөлімшесінде, әкімдік пен мектептерде ғана болады. Ал қарапайым тұрғындар заманауи игіліктерден шет қалған. Бүгінгі жағдайда алыс аймақтарға интернет кабелін тарту тиімсіз болғандықтан, ол жақтағы тұтынушыларға флешка арқылы берілетін, сымсыз интернетке қол жеткізуге жағдай жасалуы қажет. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда, бізде интернет бағасы қымбат. Сондықтан да елімізде арзандатылған арнайы аймақтық тарифтер жоспарын жасауымыз қажет. Егер де ауылдардағы тұтынушылар саны өсетін болса, бұл өз кезегінде интернеттегі қазақ тілінің аудиториясын кеңейте түсер еді.