Алимент төлеушілердің жауапкершілігін арттырудың қандай тиімді жолдарын ұсынасыз?
Әбдіқаһар СЕЙІТЖАНОВ, заң ғылымының кандидаты, доцент:
– Расымен-ақ, қазір Қазақстанда отбасын құратындар да, ажырасатындар да көп. Оған батыстық идеологияның сеп болып отырғаны жасырын емес. Ұлттық құндылық пен салт-дәстүрден ауытқушылық осы алимент төлеушілер мен төлемей, «қашқын әке» атанғандардың қатарын көбейтіп отыр. Алимент мәселесі еліміздегі ең өзекті проблемалардың біріне айналғалы қашан?! Жалпы ҚР заңнамаларына сәйкес, кез келген ана алимент төлемей жүрген азаматтың үстінен арыз түсіріп, сотқа шағымданып, оның дүние-мүлкін сатып, тиесілі алиментін төлете алады. Тіпті заңға сәйкес, алимент төлемеген адам сотталып кетуі де мүмкін. Кей жағдайда мәжбүрлі түрде жұмыс істеп, еңбекақысын алимент ретінде төлейді. Мәселе заңда емес, заң да, талап та бар, тек орындаушылыққа келгенде осал екеніміз өтірік емес. Құқықтық сауатсыздық пен сот процестерінің тым ұзақтығы, қажетті құжаттардың көптігі әйел адамдарды сот алдына барудан кері итермелейді. Жұмысынан қолы босай бермейтін аналар «алимент төле» деп ерлердің артынан жүгіргеннен гөрі, қолды бір сілтеуді жөн санайды. Сондықтан алимент төлеушілердің жауапкершілігін арттырудың ең тиімді жолы заң талаптарына сәйкес, құқықты дұрыс пайдалана білу деп есептеймін, яғни құқықтық сауаттылықты арттыру қажет.
Марианна ГУРИНА, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті:
– Кеңес үкіметінің тұсында алимент төлемегендерге заңмен жеңіл жаза қолданылатын. Алимент төлеуші 15 күннен жоғары мерзім ішінде әртүрлі әлеуметтік нысандарда еңбек етіп, отбасының алдындағы міндетін орындайтын. Бізге сол ескі жүйені қайта жандандыру қажет. Әйтпесе, бүгінгі қоғам бүлінген үстіне бүлініп барады. Отбасын құру да, бұзу да ойыншық сияқты. Әлеуметтік жетімдерді көбейтіп жүрген әкелеріміз ойына келгенін істеп, шетел асам десе – асып, жұмысы мен табысын жасырамын десе – жасырып, жалғанды жалпағынан басып жүр. Қазіргі заман электронды жүйенің дамыған заманы, керек болса, кез келгеннің жұмыс орны мен табыс көзін анықтап, мемлекеттен тысқары бір аттам жерге шығармауға күшіміз келеді, алайда сыбайлас жемқорлық жайлаған сот орындаушыларына пара бермесең, ісіңді жауып тастайды. Сол үшін бұл проблемаға мемлекет өзі араласып, мемлекеттік алименттік қор құруы тиіс деп есептеймін. Егер мемлекеттік бюджеттен төленген қаржы алимент төлеушіге қарыз ретінде берілетін болса, ол азамат еш жерге қашып құтыла алмайды, керек болса, зейнетақы жинағынан берсін.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
– Алимент төлемеген адамды күштеп жұмысқа жегіп қою демократияны бұзуға бағытталады және құқық бұзушылық болып табылады. Кез келген азамат өз ұрпағын асырап, тәрбиелеуге міндетті. Біз алимент төлеушінің жауапкершілігін қалай болса да заң күшімен арттыра алмаймыз. Шындығына келгенде, алимент төлеуі тиіс адамдардың 70-80%-ының жұмысы бар, бірақ жасырады. Себебі алимент төлеуге ниеті жоқ. Сонда адам бойындағы ниетті заңмен бекітпекбіз бе? Менің ұсынысым да сол, алимент төлеу мәселесін әр адамның сана-сезіміне қалдырғанымыз дұрыс деп есептейін.